Известные имена

Қамбаров Ж.

Қамбаров Жұмабек (1950) – әнші, композитор, драматург.

Жұмабек Қамбаров 1950 жылы 1 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей облысы) Абай ауданында туған.
Өнер мектебінің әншілер даярлайтын бөліміндегі Ж.Елебековтің сыныбында дәріс алды.
1975 жылы Абай атындағы музыкалык драма театрына қабылданды. Әнші ретінде Абай, Біржан, Естай, Ақан сері әндерін асқақтата шырқап, құлақ құрышын қандырған өнерпаз «Қаракөзде» - Асан, «Менің атым Қожада» - Қожа, «Еңлік - Кебекте» - Жапал, «Кісінейді құлындарда» - Дулат, тағы басқа рөлдерді сомдады.
Түрлі мақала жазу арқылы қаламын ұштаған өнер иесі 1975 жылы «Аққу әні» пьесасын жазды. Содан бері үлкенді-кішілі оннан аса пьесаны дүниеге әкелді. «Жер-ана неге күрсінеді?», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Жаралы жүрек», «Желтоқсан жаңғырығы» сияқты туындыларын жұртшылық жылы қабылдады. Семей полигоны тақырыбына да алғаш рет драмалық шығарма жазған.
1980 жылы Семей облыстық телерадиокомпаниясы әдебиет-өнер редакциясына қызметке шақырады. Осында жүріп талай жас таланттың тұсауын кесті. Ол дайындаған «Халық таланттары», «Самал», «Өнеге», «Ән әлемі» сияқты әдеби-музыкалық хабарлар республикалық эфирге де шықты.
Елуден астам әннің, «Мұхтар асуы», «Сахнагер» кітаптарының авторы.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Әдебиеттер:

Қамбаров Ж. Мұхтар асуы [Мәтін] / Ж. Қамбаров. - Семей : [б. ж.], 1997. - 163 б.

Қамбаров Ж. Сан сырлы сахна [Мәтін] : Абай атындағы қазақ музыкалы драма театрына - 70 жыл / Қамбаров Ж. - Алматы : Қазақпарат, 2004. - 260 б.

Семей сазгерлері [Мәтін] : Био-библиографиялық естелік. - Семей : [б. и.], 2006. - 18 б.
Нұрбаев, Санат. Жапал атанған Жұмабек Қамбаров алпыстың асқарында [Мәтін] / С. Нұрбаев // Семей таңы. - 2010. - 21 қазан.- Б.11.

Қамбаров, Жұмабек. Әншіге талғампаздық керек [Мәтін] / Ж. Қамбаров ; сұхбат. Қ. Әлімбек // Ертіс өңірі. - 2010. - 22 қыркүйек.- Б.8.