Қабдолда Тұраров (1921-2003 жж.)
1921 жылы Күршім ауданы, Қойтас ауылында дүниеге келген.
1939 жылы Маралиха ауылындағы орта мектепті бітірісімен ауыл мектебінде мұғалім болып орналасады. 1950-1953 жылдары Шірікаяқ кенішіндегі кешкі мектептің, 1953-1956 жылдары Ленинскі мектебінің директоры бола жүріп, 1956жылы Өскемен мұғалімдер институтының матаматика факультетін сырттай бітіреді.1956-1960 жылдары Жолнұсқау мектебінің директорықызметін атқарады. 1960-1964 жылдары Тарбағатай аудандық партия комитетінде инспектор болды. 1965 жылдан 1982 жылға дейін Күршім аудандық мәдениет бөлімін басқарады. Осы жылдар ішінде Ақсуат ауылында «Айдын» атты ән-би ансамблінің құрылуына ықпал жасады. Аудандағы үш ұжымға «халық театры» атағын әперді. Аудандық мұражай ашып, оның ғимаратын салдырды. Экспонаттардың жиналуына ықпал жасай отырып, мұражай жұмысының алға басып кетуіне сіңірген еңбегі ұшан теңіз.
Қ. Тұраров айтыс ақыны ретінде де танымал болған. Облыстағы өнер саласындағы еңбегі ерекше. Айтыстың тұралап жатқан шағында облыста ақындар мектебін ұйымдастырып, өзі басқарды. Ол тәрбиелеген әуесқой айтыс ақындарының саны 50-ден асады. Олар облыстық, республикалық айтыстарға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алып, елімізге танымал болды.
Қ. Тұраров кеудесінен ән қалқып, күй шалқыған жан. Өлең жазумен, ән шығарумен жастайынан айналысып, республикалық радио фонотекасына 20-дан астам әндері қабылданды. Өлеңдерінде туған жерін, елін тебірене жырлады.
1959 жылы «Алтай әуендері» атты жеке жинағы жарық көрген. 1984 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Жайқоңыр» өлеңдер жинағындағы «Нұр Зайсан», «Жер жәннаты Күршім», «Түлегімін Күршімнің», «Толғаныс тарамдары» т/б. Күршімнің көрікті жерлерін, Зайсандай атақты көлін әнге қосып, туған жерге деген кең пейілін, ыстық ықыласын көрсетеді. Оның әнін шырқап, жырын жырлап, күйін күмбірлете тартып, өлеңін өлкеге танытып жүрген әншілер мен домбырашылар да көп.
Композиторлар одағының мақұлдауымен «Өнер» баспасынан 1987 жылы шыққан «Жастық шақ әуендері» әндер жинағына Қабдолда Тұраровтың көп әндері кірген. Қазақ ССР Ғылым академиясының өнер зерттеу бөлімі мен республика Композиторлар Одағы Қабдолда Тұрарұлының әндерін жоғары бағалап, Бақытжан Байқадамов пен Құдыс Қожамияров жақсы пікір айтқан.
Аудан тарихы туралы көп жазған өңір шежірешісі. Шығармаларына тұған жері оның тарихы, батырлары, азаматтары арқау болған. Еңбектері республикалық «Мәдениет және тұрмыс», «Парасат», «Жұлдыз» журналдарында, республикалық «Қазақ батырлары» облыстық «Дидар» газеттерінде жиі басылды.
«Ер Күркебай», «Жаман батыр», «Шерубай сыбызғышы», «Шанақ сыбызғышы», «Күйші Шайқы» шығармаларының авторы. Жарияланбаған еңбектері қаншама.
Күршім жерінде қазақтың өнері үшін саналы өмірін арнаған еңбегі еленіп ауданның «Құрметті азаматы» атағы берілген, Күршім ауылындағы бір көше Қ. Тұраровтың есімімен аталады.
«Мәдениет қайраткері», облысқа өнер саласында сіңірген еңбегі ұшан теңіз ақын-сазгер.
2003 жылы Алматы қаласында қайтыс болып, Алматыда жерленді.
Қ. Тұраров туралы:
Жаны мен жады халықтың = Душа и память народа = SoulAnd Memory Of people [Мәтін]: ШығысҚазақстан мәдениеті = Культура Восточного Казахстана =Eastezn Kazakhstan culture.- Усть-Каменогорск: Светоч, 2003.- 304 с.
Шығыс Қазақстанның мәдени мұралары (тарих, мәдениет,білім) [Мәтін] / Шығыс Қазақстан облысының Мәдениет басқармасы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті.- Өскемен: ШҚМУ, 2006.- 432 б.
Қайыров Н. Қабдолла аға еске түскенде// Дидар.- 2004.- 18 мамыр. - Б. 4
Қайыров Н. Ел есіндегі есім [Мәтін] / Н. Қайыров//Дидар.- 2008. - 3 шілде. - Б. 4.
Шәкіров М.Т. Туған жер әуендері: [Күршімдік сазгер Қ.Тұраров жайында]// Дидар.- 1999.-30 қаңтар