Қамбаров Жұмабек (1950) – әнші, композитор, драматург.
Жұмабек Қамбаров 1950 жылы 1 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей облысы) Абай ауданында туған.
Өнер мектебінің әншілер даярлайтын бөліміндегі Ж.Елебековтің сыныбында дәріс алды.
1975 жылы Абай атындағы музыкалык драма театрына қабылданды. Әнші ретінде Абай, Біржан, Естай, Ақан сері әндерін асқақтата шырқап, құлақ құрышын қандырған өнерпаз «Қаракөзде» - Асан, «Менің атым Қожада» - Қожа, «Еңлік - Кебекте» - Жапал, «Кісінейді құлындарда» - Дулат, тағы басқа рөлдерді сомдады.
Түрлі мақала жазу арқылы қаламын ұштаған өнер иесі 1975 жылы «Аққу әні» пьесасын жазды. Содан бері үлкенді-кішілі оннан аса пьесаны дүниеге әкелді. «Жер-ана неге күрсінеді?», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Жаралы жүрек», «Желтоқсан жаңғырығы» сияқты туындыларын жұртшылық жылы қабылдады. Семей полигоны тақырыбына да алғаш рет драмалық шығарма жазған.
1980 жылы Семей облыстық телерадиокомпаниясы әдебиет-өнер редакциясына қызметке шақырады. Осында жүріп талай жас таланттың тұсауын кесті. Ол дайындаған «Халық таланттары», «Самал», «Өнеге», «Ән әлемі» сияқты әдеби-музыкалық хабарлар республикалық эфирге де шықты.
Елуден астам әннің, «Мұхтар асуы», «Сахнагер» кітаптарының авторы.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Әдебиеттер:
Қамбаров Ж. Мұхтар асуы [Мәтін] / Ж. Қамбаров. - Семей : [б. ж.], 1997. - 163 б.
Қамбаров Ж. Сан сырлы сахна [Мәтін] : Абай атындағы қазақ музыкалы драма театрына - 70 жыл / Қамбаров Ж. - Алматы : Қазақпарат, 2004. - 260 б.
Семей сазгерлері [Мәтін] : Био-библиографиялық естелік. - Семей : [б. и.], 2006. - 18 б.
Нұрбаев, Санат. Жапал атанған Жұмабек Қамбаров алпыстың асқарында [Мәтін] / С. Нұрбаев // Семей таңы. - 2010. - 21 қазан.- Б.11.
Қамбаров, Жұмабек. Әншіге талғампаздық керек [Мәтін] / Ж. Қамбаров ; сұхбат. Қ. Әлімбек // Ертіс өңірі. - 2010. - 22 қыркүйек.- Б.8.
Сапарбек Әшімбеков (1942 ж.)
Сазгер Сапарбек Әшімбеков 1942 жылы 24 қаңтарда Абыралы ауданының «Қоныстан» колхозының ауылында туған. 1959 жылы Аягөз ауданы Сергиополь орта мектеп-интернатын бітіріп, 1962-1966 жылдары қаладағы М. Төлебаев атындағы музыка училищесіне түсіп, халық аспаптар оркестрінің мамандығы бойынша бітіріп шықты. Абай атындағы мемлекеттік театрдың екі жылдық студиясын бітіріп, актер мамандығын ие болды.
1966 жылы алғашқы еңбек жолын Абай атындағы қазақ музыкалық-драма тетрында бастады. Содан бері осы өнер ордасында қызмет етіп келеді. Театр жанындағы екі жылдық студияны бітіріп, жиырма жылға жуық музыка бөлімін басқарды.1974-1976 жылдары «Мелодия» фирмасынан 14 күйтабағы жарыққа шықты.
Бұрынғы драм театрдың музыкалы драма театры болып қалыптасуына өзіндік үлес қосты. «Досымның үйленуі», «Үйленгім келмейді», «Тойым-той», Әнім сен едің», «Менің атым Қожа», «Махаббат неге оянбады?» сияқты көптеген спектакльдерді музыкаландырды.
Ол 150-ден астам әндер мен күйлер жазды. «Келші құрбым», «Тыраулайды тырналар», «Жайлау еді», «Дариға жүрек» Абайдың өлеңіне жазған «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?», «Қыз сөзі» т.б әндердің және «Сырласу», «Саята», «Дауылдатқан қараша», «Нұр-Астана» күйлерінің авторы.
1975 жылы КСРО Мәдениет Министрлігінің «Мәдениет саласының озық қызметкері» значогымен марапатталды. Қазақстан Республикасының «Мәдениет қызметкері», Қазақстан Республикасы Ертіс өңірі композиторлары Одағының мүшесі Сапарбек Әшімбеков қазір де Абай атындағы музыкалы драма театрында актерлік және сазгерлік шығармашылық жолында жемісті қызмет етуде.
Әдебиеттер:
Семей сазгерлері [Мәтін]: Био-библиографиялық естелік / Абай атындағы ғылыми әмбебап кітапхана. Хабарлама - библиографиялық бөлім; құраст; З. Мағауина.- Семей, 2006.- 18 б.
Елеуғожин Б. Әннің де естісі бар... / Семей таңы. – 1994. – 22 қаңтар. Б. Қамбаров Ж. Сан сырлы сахна. – Алматы, 2004. – Б. 206.