Алексей Николаевич Белослюдов (1887-1939), зерттеуші, этнограф
Алексей Николаевич Белослюдов пен оның ағайындылары Виктор, Николай, Федор - Қазақстанның шығыс өлкесі мен мұражай ісін дамытуға көлемді үлес қосқан.
Алексей Николаевич Белослюдов Семей қаласында 1887 жылы 16 наурызда Николай Константинович Белослюдов отбасында дүниеге келген. Әкесінен жастайынан айырылған Алексей анасының тәрбиесінде болады. Анасы шағын еңбекақысына қарамастан ұлдарын гимназияда оқытып, оларды еңбекқор, инабатты, білімқұмар етіп өсіреді. Тек Алексей ғана 7-сыныпта заңсыз үйірмемен айналысқаны үшін оқудан шығарылады. Енді Алексей саяси жұмысқа араласады: РӘДЖП (РСДРП) белсенді мүшесі, Семей қаласында зауыт пен қолөнер ғимараттарында кітапханашы болады.
Алексей қоғамдық жұмыспен айналысумен қатар, өз білімін жетілдіріп 1908 жылы халық мұғалімі атағына экстернмен емтихан тапсырады. Бірнеше жылдар бойы ол Змеиногорскі уезінің ауыл мектебінде ұстаздық еткен.
Гимназияда оқып жүрген шағынан-ақ Алексейді туған өлке тарихы қызықтыратын. Ол тарихи-өлкетану мұражайына үнемі барып, экспозицияларды безендіруге, қормен жұмыс істеуге көмектесетін. Алексей 1904 жылдан Орыс географиялық қоғамы Батыс-Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінде қызмет атқарып, оның мұражайына экспонат пен материал жинауға көмектеседі.
1906 жылы ағайындарымен бірге тұңғыш жеке Белослюдовтар мұражайын ашады. Алексей Николаевич пен Виктор Николаевич асқан ілтипатпен коллекцияларды жинап, танысып, бөлім бойынша топтастырады. Ағайынды Белослюдовтар коллекцияларын толықтыру мақсатында туған өлкеге бірнеше мәрте экспедиция жасаған.
Алексей 1912 жылы маусым айында ағайынымен бірге мұражай ісін оқып-біліп, оны өз елінде жүзеге асыру үшін Томскі, Мәскеу, Петербург және өзге де қалаларға саяхат жасайды.
Ағайынды Белослюдовтардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде: геология және минералогия, палеонтология және антропология, тарихқа дейінгі археология, көне киімдер, нумизматика, этнография және сурет галереясы бөлімдері ашылды. 1911 жылы Омбыда өткен көрмеде Белослюдовтар мұражайы күміс медальмен марапатталды.
Алексей Белослюдов облыстық тарихи-археологиялық мұражайының қалыптасуына ат салысқан. Ол мұражай заттарын ретке келтіріп, оның қорына ағайынды Белослюдовтар мұражайынан 500 экспонат сыйға тартады.
Алексей Николаевич этнографиямен де шұғылданған.Ол әйгілі саяхатшы Григорий Потаниннің кеңесімен ертегі, аңыз жинаумен айналысады. Алтайдағы Быково ауылына біраз уақыт қоныстанып, ауыл мектебінде сабақ бере жүріп тарих, ауыз әдебиеті, этнография саласы бойынша көптеген материал жинайды. Кей материалдарды Г.Потанинге жөнелтіп, кейбірін «Записках Семипалатинского подотдела РГО», «Жизнь Алтая», «Сибирская жизнь» газеттерінде жариялайды. Бұқтырма алқабында ертегі жинау – зерттеушінің қазақ этнографиясы мен фольклористикасына деген қызығушылығын оятты. Қазақтардың ауыз әдебиет үлгілері, тұрмысы, салт-дәстүрі – оның кейінгі жылдардағы жұмысының тақырыбына айналды.
Қазақ фольклорын жинау жұмысын жеңілдету мақсатында Алексей Семей қаласында білімді қазақ жастарының үйірмесін ашады. 1915 жылы зерттеуші «О киргизской поэзии» мақаласын жазып, орыс қоғамын қазақ халқының ауызша және жазбаша поэзиясымен таныстырады. Ол қазақ қоғамындағы ақын, импровизаторлардың рөлін, атақты айтыстар («Біржан мен Сара») жайында жазады. А.Белослюдовтың «О киргизской поэзии» мақаласының басым бөлігі ұлы ақын Абай Құнанбаев пен қазақ халқының ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығына арналған.
Алексей Николаевич Белослюдов ағасы Николай Николаевичпен бірге ұзақ жылдар бойы қазақтың ауызша поэзиясының дамуы мен А.Құнанбаевтың ізбасарлары:С.Дөнентаев, С.Көбеев, С.Торайғыров, С.Сейфуллин, М.Сералин, Б.Өтетілеуов т.б. зерттеумен айналысады. Көрнекті өлкетанушы Станислав Черныхтың пікірінше, Белослюдовтар алғашқылардың бірі болып қазақ ауыз поэзиясы мен Абай шығармашылығының қазақ поэзиясы дамуына қосқан үлесін зерттеген.
І дүниежүзілік соғыс кезінде Алексей Николаевич Семей қаласына оралады. Өзі кезінде оқыған гимназияда ұстаздық етеді. Оқытушылық және ғылыми-зерттеу жұмысымен қатар Алексей Николаевич Томскі мұғалімдер институтына экстернмен емтихан тапсырады.
1917-1919 жж. Алексей Николаевич өлкенің халық шаруашылығымен, 1919 ж. халыққа білім беру бөлімінің инспекторы болып қызмет атқарады.
Дегенмен, ол өлкені зерттеу жұмысын тоқтатқан жоқ.
1920 ж. бастап ол қызметті толығымен тастап, тек өлкетануға бет бұрады. Алексей Николаевич облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қалыптасуына ат салысып, кейінгі жылдары директоры болып тағайындалады.
1921 ж. ол этнографиялық материал жинау мақсатында Қарқаралыға, Баянауыл шатқалына барып қайтады. 1925-1926 жж. оның жетекшілігімен облыстық тарихи-этнографиялық мұражай (Ленинград қаласы) Орыс Мемлекеттік мұражайына 108 зат табыс етеді. Бұл кезде Алексей Белослюдов қазақ даласына өлкетанушы ретінде танылған еді. Сондай-ақ ол композитор А.Затаевичке қазақ ән, күйлерін жинауға көмектескен. Ол Семейдегі алғаш өлкетанушы әйел – Н.Құлжановамен бірге Абайдың өлеңдерін орыс тіліне аударған. 1938 жылы зерттеуші Алматы қаласына қоныс аударады. 1939 жылы өкпе ауруынан көз жұмады.
Алексей Николаевич Белослюдов – қазақ , орыс халықтарының бірлігі үшін ат салысқан. Ол ғылым мен өлкетану саласына баға жетпес еңбек сіңірген.
Әдебиет
Турсумбекова Р. Гребенщиков и Белослюдовы// ЛЗ: Сегодня.- 2003. - 11 июня. - С. 2
Черных С. Братья Белослюдовы// Черных С. С берегов Иртыша.- Алма-Ата: Казахстан, 1981.- С. 105-141