Қайырбаева Кәметай Жақсыбайқызы (1927- 2002) – еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, кітапханашы
1927 жылы Шығыс Қазақстан облысы Үлкен Нарын ауданы Жаңатал ауылында дүниеге келген. Әкесі Жақсыбай саяси қуғын сүргінге ұшырап, Кәметай еңбекке ерте араласады.
Балауса жастық шағы Ұлы Отан соғысына сәйкес келген Кәметай жетіжылдықты бітірген соң, 1943 жылы трактористер курсын бітіріп механизатор болып істейді.
1946 жылы соғыстан оралған Нәсибулла Қайырбаевқа тұрмысқа шығады. 1960 жылдары Күршім ауданына қоныс аударады.
Семей қаласындағы Абай атындағы кітапхана техникумының түлегі. 1962-1973 жылдары Күршім ауданы Құйған селолық кітапханасына кітапханашы болып қызмет істеді.
Ауыл тірлігіне белсене араласқан жас қыз көптеген қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп, мәдени шаралардың ұйтқысы бола білді.1962 жылы Құйған селолық кітапханасында небәрі 80 кітап пен бір стеллаж ғана болған екен. Үш жылдан кейін, сегізінші бесжылдықтың алғашқы жылында кітапхана қоры 4575 кітапқа жетті. Ал 1970 жылы кітап қоры 7589 болды.
Құйған селолық кітапханасы ауданда үнемі алдыңғы орыннан көрінді. Кәметай Жақсыбайқызы өзінің іскерлігімен, алғырлығымен, өжеттігімен ел аузына ілігіп, құрметке бөлене бастады.
Кәметай Жақсыбайқызы өткізген мәдени шаралар - оқырман конференциясы, әдеби кештер, әртүрлі шолулар ауылдастары мен әріптестерінің есінде ұзақ сақталды. Әр шараны өткізу барысында Кәметай Жақсыбайқызы тыңғылықты дайындалып, тың идеялар ойлап табатын. «Советский экран» журналында «Слово зрителей села Куйган» деген мақаласы басылып, аядай Құйған ауылын бүкіл Кеңестер одағына паш еткен ауыл кітапханашысы Кәметай Қайырбаева болатын. Осы мақаладан кейін одақтың түкпір түкпірінен – Омск, Владивосток, Орлов т.б. облыстарынан Құйғанға хаттар легі ағылған еді.
Кәметай Жақсыбайқызы 1969 жылы М. Бегалиннің «Мәншүк туралы ән» фильмі шыққан кезде оқырмандар конференциясын өткізу үшін жан-жақпен хабарласып, Мәншүктің отаны Орал облыстық кітапханасынан методикалық разработка, көптеген мақалалар алғызған. Фильмде Мәншүк рөлін сомдаған, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі Н. Арынбасаровамен хат жазысып, 10 шақты фотосурет алған. Н. Арынбасарова «Сіздің кітапханаңызға арнайы «Мәншүк туралы ән» фильмінен 10 фотосурет салып отырмын. Мәдени шараңызға қатыса алмайтыным өкінішті. Конференцияны қызықты өткізуіңізге тілектеспін» - деп хат жазып жіберген екен. Сонымен қатар Алматы қаласында тұратын М. Мәметованың өгей шешесімен де хабарласып, хат жазысқан.
21-гвардиялық атқыштар дивизиясының «Кутузовец» газетінің Мәншүк ерлігі туралы жазылған санын да тауып алған. Соғыс аяқталғалы ширек ғасыр өтті, қарулы күштер көп өзгеріске ұшырады. 21-гвардиялық атқыштар дивизиясы іздеп табу қиямет қайым еді. Кәметай Жақсыбайқызы өзінің жігері мен ізденістерінің арқасында бүкіл Кеңес Одағынан Мәншүк туралы тың деректер жинады. Конференцияда Н.Арынбасарованың хаты оқылып, «Кутузовец» газетінде жарияланған Мәншүктің ерлігі туралы мақала оқылды. Республикалық Пушкин (қазіргі ұлттық) кітапханасы қорынан алған материалдармен толықтырып, конференция өте сәтті өтті. Бұл - Кәметай Жақсыбайқызының өткізген көпшілік шарасының бір ғана көрінісі.
1966 жылы Құйған ауылында селолық кітапхана меңгерушілерінің облыстық семинары өткізіліп, алты аудан өкілдері қатысты.
К. Қайырбаева Алматы қаласында Пушкин атындағы республикалық кітапханашылардың ғылыми –практикалық конференциясында баяндама жасаған.
Кәметай Жақсыбайқызының іскерлігі мен ізденімпаздығына тәнті болған аудан басшылары 1972 жылы Құйған селолық округінің төрағалығына сайлайды. Тынымсыз жан ауыл тұрмысын жандандыруға, еңбекшілерге барлық жағдайды жасауға барын салады. Құйған селолық округі облыстығы селолық-поселкалық кеңестердің арасында барлық көрсеткешітер жағынан үнемі бірінші орынды иеленіп отырды. Кәметай Жақсыбайқызы Алматыға министрліктерге барып жүріп селолық советтің ғимаратын, Өскеменнен құрылысшыларды жалдап жүріп Құйған ауылында Ұлы Отан соғысынан қайтпай қалған боздақтарға арналған ескерткішті салдыруға қол жеткізді.
1976 жылы ауылда жаңа типтегі 140 орындық балабақша ғимараты бой көтерді. Ауылдастар зиратын қоршауды да қолға алған Кәметай Жақсыбайқызы болатын.
К. Қайырбаева - Күршім аудандық кеңесінің депутаты, екі мәрте облыстық, республикалық кәсіподақ комитетінің мүшесі болып сайланды. Ауыл мәдениетін көтеруге қосқан үлесі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» т.б. бірнеше медальдармен марапатталған. Республикалық «Мәдениет және тұрмыс» журналының сыртқы мұқабасына шыққан Кәметайдың сүйкімді жүзі аға ұрпақ өкілдерінің есінде.
Жолдасы Насимолда Қайырбайұлы ұзақ жылдар Құйған астық қабылдау пунктінде директор болып қызмет істеді. Екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Өз ауылына өшпестей із қалдырған ерлі-зайыпты Қайырбаевтардың есімдері аудан тарихының жарқын беттерінің бірі. Бүгінде Құйған ауылында Н. Қайырбаев атында көше бар.
Жазушы Меңғали Мусин қиыны мен қызығы қатар өрілген Кәметай Жақсыбайқызының өмірін «Птица Феникс «врага народа»: повесть о женщине былинного духа» (2001) атты кітабына арқау еткен.
Мәдениет саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, есімі республикаға танымал болған Кәметай Жақсыбайқызы Қайырбаева 2002 жылы Өскемен қаласында дүниеден өтті.
К. Қайырбаева туралы әдебиеттер
Литература о К. Кайырбаеве
Мусин М. Птица Феникс «врага народа» Повесть о женщине былинного духа.- Усть-Каменогорск, Изд-во ВКГУ,2001. -324 б.
Жаны мен жады халықтың = Душа и память народа = Soul And Memory Of people [Мәтін] : Шығыс Қазақстан мәдениеті = Культура Восточного Казахстана = Eastezn Kazakhstan culture. - Усть-Каменогорск : Светоч, 2003. - 304 б: Б.237.