Әшімбеков Сапарбек (1942-2020) – актер, композитор, ҚР Мәдениет қайраткері.
1942 жылы 24 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы, Абыралы ауданы, Қоныстан ауылында дүниеге келген. 1959 жылы Аягөз ауданы Сергиополь мектеп-интернатын тәмамдаған. Төлебаев атындағы музыкалық училищеге түсіп, оны «Халық аспаптар оркестрі» мамандығы бойынша бітірген. 1966 жылы М. Төлебаев атындағы Семей музыкалық училищесін домбыра мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1966 жылы Абай атындағы Қазақ музыкалық драма театрында бастаған. Жиырма жылға жуық театр жанындағы музыка факультетін басқарған.
1974,1976 жылдары «Мелодия» студиясы Сапарбек Әшімбековтің әндер жинағымен грампластинкалар шығарды. Оның бірқатар спектакльдері бар, олардың қатарында: «Досымның үйленуі», «Үйленгім келмейді», «Тойым-той», «Әнім сен едің», «Менің атым Қожа», «Махаббат неге оянбады?»
Сапарбек Әшімбеков 150-ден астам ән мен әуен жазды: «Келші құрбым», «Тыраулайды тырналар», «Жайлау еді», «Дариға жүрек», «Қыз сөзі», сондай-ақ Абайдың өлеңдеріне музыкалық композициялар жазды. Ол «Сырласу», «Саятта», «Дауылдатқан қараша», «Нұр-Астана» күйлерінің авторы.
Қазақ КСР-інің «Үздік мәдениет қайраткері» және «Қазақ КСР кәсіподағының үздік қайраткері», Қазақстан Республикасының Ертіс өңірі Композиторлар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қызметкері» төсбелгілері бар, «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» төсбелгісіне ие (2004 ж.), Семей қаласындағы Абай атындағы Музыкалық-драма театрында қызмет атқарған. 2014 жылы «Құнанбай» деректі фильмінде бидің рөлін сомдаған. 2014 жылдың 15 желтоқсанында Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен марапатталды.
2020 жылы 28 тамызда Семей қаласында қайтыс болды.
Интернет-ссылки
Ашимбеков Сапаргали [Электронный ресурс]: [Творческая биография] // Официальный сайт музыкально-драматического театра им. Абая. – Режим доступа: http://teatr-abai.kz/teatr-abaya/artisty/ashimbekov-saparbek.html
Ашимбеков Сапаргали. Некролог. http://forum.guns.ru/forummessage/15/2591436-m61262716.html