Известные имена

Әділханұлы М.

Әділханұлы Мұқа (1857-1927) –әнші, композитор

Мұқа — Абайдың сегіз қырлы өнерпаз, талантты шәкірттерінің бірі. Ол – асқан домбырашы, шебер скрипкашы әрі әнші, әрі ақын. Мұқаның өнерін Абай калай бағалап, оған қалай қамқорлық еткенін Мұхтар Әуезов былайша сипаттайды: ”Абай жалғыз өсиетін қанағат қылмай, жастардың сезім тәрбиесін толықтырмақ болып, көбіне музыка үйретпекші болады. Сол мақсатпен Көкен еліндегі Мұқа деген скрипкашыны қолында ұстайды.»

Мұқа Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан ) облысы  Жаңасемей ауданында, Уақ ішінде Жарқын, Жарқыннан Төрехан, Әділхан, Өзбехан, Қарахан деген төрт ұл болған. Әділханнан Қайырхан, Мұқа (шын аты Мұхаметқанафия) және Мәлімғаждар, Қараханнан Әлімхан, Қасымхан; Қасымханнан Қайсахан, Қожахан, Алшынбай.

Мұқа ауыл молдасынан оқып сауатын ашқан соң табиғатынан талантты, ән-күй, өлең-жырға құштар жастың бар ынта-жігері өнерге ауады. Әкесі Әділхан немере ағасы Үрістемнен (Өзбекханның баласы) екеуі де ірі домбырашы екен. Солардан үйренген домбыра өнерін місе тұтпаған талапты, талантты жас биікке қол сермеп, өнер-білім іздеуді көксейді. Әкесі оны алысқа жібергісі келмейді.

Бұл ауылдар жаз шыға Семейден 25-30 шақырым Балта-тарақ дейтін жерге көшіп келіп, егін салады екен. Әкесі Мұқаны соқа атына мінгізбек болады. Бар ынтасы музыка өнеріне ауған Мұқа, ауылының калаға жақын жерге көшіп келуін пайдаланып, Семейге кашып кетеді. Қаланы тұңғыш көрген ол көшені аралап жүргенде, бір үйде тартылып жатқан әсерлі күй естиді де, күй тартушыны көруге құмарланып үйге кіріп барса, ол — қонақ үйі екен. Күй тартып жатқан сол қонақ үйдің музыканты, скрипкашы – Ғарифолла деген татар болады.

Мұқа Ғарифоллаға жабысып, айрылмай скрипка ойнауды үйретуін өтінеді. Сөйтіп, әркімнің үйіне қонақтай жүріп, Ғарифолладан скрипка үйренеді. Әкесі баласының музыкаға әбден ауып кеткенін білген соң, оған қаладан пәтер үй алып береді. Ғарифолладан бастап, сол замандағы Семей қаласының музыканттарымен танысып, әсіресе, скрипка ойнау өнерін меңгеріп алады. Осы кезде Мұқа Абайдың өлеңдерін қолжазбалар арқылы оқып танысып, Абай әндерін домбыра, скрипкаға қосып айтып жүреді. Мұқа Абай еліне кеңшілік жай емес, қысылшаң хал үстінде пана тілеп барған еді. Өз ағайынының біреуінен қалған жесір әйелге ғашық болып, соны әмеңгеріне тигізбей алып қашады да, Абай ауылына барады. Бұл кеткен соң, жуан ағайыны артындағы үйін шауып алып пәле басталады. Абай сондайлық ауыртпалығына қарамай, Мұқа мен келіншекке ара түсіп, бастарына азаттық әперіп, артын өзі жайғастырып, өнер иесі Мұқаны өзіне дос етіп, туыс етіп алады”, — дейді. Абайдың балалары Мұқадан скрипка тартуды үйренген. Мұқа ақын да болған. Оған Абайдың,Ақылбай  мен Мағауияның ақындық ықпалы тиген. Австрия композиторы И. Штраустың «Көгілдір Дунайда» вальсін скрипкада тамылжытып тартып, соған арнап «Дунай толқындары» өлеңін шығарған. Абайдың композиторлық өнерінің, ән-күйжайындағы аталы ойларының әсерімен туындаған бұл өлең әнге жарасымды сыршылдықты, табиғаттың көркем келбетін анық танытады. Өзінің туып-өскен жері - Көкен тауын суреттеп, Абайға сынатпақ болған «Көкен» өлеңінен де осы қасиет мол сезіледі. «...Көкенге көңілің толып, Абай аға, Берерсің өз көзіңмен беріп баға. Ең үстін домбырамның әнге күйлеп, Қол соктым «Дунайская волнаға» (Нұрқатов А. Абайдың ақындық дәстүрі. - А., 1966, 130 6.). Бұл өлеңнен пейзажды лириканың реалистік үлгілерін жасаған Абай поэзиясының рухы мен туған жерді сүйе білуге үндейтін патриотизмі аңғарылады. Мұқа - «Абай жолы» романына тарихи кейіпкер болып енген. 1909 жылы Семейде "Народный дом" деп аталатын орында қазақ, татар өнерпаздары домбырашы, скрипкашы, әнші-күйшілердің жарысы болғанда, оған Абай шәкірттері Мұқа Әділханов, Әлмағамбет Қапсаламов, Мұқаметжан Майбасаровтар да қатынасады. Осы өнер салыстыру жарысында бас бәйге Мұқаға беріледі.

Абайдың өнерпаз шәкірттері Мұқа, Әлмағамбеттер ұлы ұстаздары дүниеден қайтқаннан кейін, оның әдебиет, өнердегі дәстүрін халыққа кең жайып насихаттауда, өздері өле-өлгенше мол мағыналы еңбек еткен.

Мұқа 1927 жылы 70 жасында дүниеден қайтты. Бейіті Көкен тауында, Қандар сайында .

 

М. Әділханұлы туралы әдебиеттер

Литература о М. Адилханулы

Кітаптар-книги:

 

Мұхамедханов, Қ. Мұқа Әділханұлы [Мәтін]/ Қ. Мұхамедханов // Абайдың ақын шәкірттері. - Алматы : Дәуір, 1995.- 3-ші кітап / алғы сөзін жазып, баспаға әзірлеген Қ. Мұхамедханұлы ; Республикалық Абай қоры. - Б. 277-285.

Мұхамедханов, Қ. Мұқа Әділханұлы [Мәтін]/ Қ. Мұхамедханов // Көп томдық шығармалар жинағы. - Алматы : Алаш, 2005 - Т. 4 : Абай мұрагерлері. Естеліктер.- Б. 153-159.

 

Мақалалар –статьи

 

Ердембеков, Б. Абайдың әнші шәкірттері [Мәтін] / Б. Ердембеков // Ақиқат. - Алматы, 2010. - N 5.- Б. 49-53.

Ердембеков, Б. Абайдың әнші шәкірттері [Мәтін] / Б. Ердембеков // Музыка әлемінде: мектепте, колледжде және ЖОО-да оқыту  : республикалық ғылыми-әдістемелік және педагогикалық журнал. - 2010. - N 4/5. - Б. 24-27.

Тоқтасынқызы, А. Көкентаудың тереңдегі тарихы [Мәтін] : [Ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойы қарсаңында тарихи-этнографиялық экспедиция Абай ауданына барып қайтты.  ] / А. Тоқтасынқызы // Ертіс өңірі . - 2015. - 29 шілде. - Б. 9.