Известные имена

Ноғайбаева Г.

nguldanaНоғайбаева Гүлдана (1979) - әнші, домбырашы.

Гүлдана Ноғайбаева 1979 жылы бұрынғы Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы), Ақсуат ауданы, Ақсуат ауылында өнерлі отбасында дүниеге келген. Әкесі Рахымбек пен анасы Ғайша үш қыз тәрбиелеп, өсірген. Ата-аналарынан дарыған өнер үш қызын киелі сахнаға жетелеп, олардың өнер жолында абыройлы қызмет атқаруына үлкен септігін тигізді. Бүгінде тұңғыштары Гүлназ Алматы қаласында "Сазген сазы" фольклорлық-этнографиялық ансамблінде қобызшы, ал екінші қыздары Гүлмира "Шығыс" өңірлік әскери қолбасшылық ансамблінде баян аспабында ойнайды. Ал Гүлдана - үйінің кенжесі. Кішкентайынан Ноғайбаевтар отбасылық ансамблінде өнер көрсетіп, домбыра, шаңқобыз сынды аспаптардың құлағында ойнаған Гүлдананың бала арманы күйші болу еді. Десе де, бойжете келе бағыты өзгерсе де, оның арманы өзгермеді. Себебі, Гүлдана күйші болмаса да, өнер-сүйер қауымның құлақ құрышын қандырып жүрген белгілі әнші. Гүлдана Рахымбекқызы 1996 жылы Шәкәрім атындағы №5 мектеп-гимназиясын тәмамдап, сол жылы Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетіне экономист-қаржыгер мамандығы бойынша оқуға түседі. Білім ордасын 2000 жылы үздік бітіріп, алғашқы еңбек жолын өзі білім алған университте ұстаздық етуден бастайды. Одан кейін қалалық Мәдениет сарайында есепші болып қызмет етеді. Дегенмен, бала күнінен өнерге жақын өскен Гүлдана киелі сахнасын сағынып, біржола өнер жолына оралуды жөн көреді. Сөйтіп, музыкалық білімін шыңдау үшін Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетке музыкалық білім беру мамандығы бойынша оқуға түсіп, еңбек жолын Шығыс Қазақстан облыстық Ә. Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясында әнші ретінде жалғастырады. Осы уақытқа дейін көптеген жетістікке жеткен. Мысалы, 2002 жылы Астана қаласындағы халықаралық "Шабыт" фестивалінің лауреаты атанған, 2005 жылы Алматыда өткен Республикалық "Жас ұлан" сарбаздар байқауында I орынды иеленген. Сондай-ақ, 2007 жылы Павлодар қаласындағы Майра Уәлиқызы әндеріне арналған І Республикалық байқаудан жүлделі I орынды қанжығасына байлаған. Өнер жолындағы ерен еңбегі ескеріліп, 2013 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің шешімімен "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісімен марапатталған. Тек әншілік өнерін ғана емес, күйшілік өнерін де халыққа паш етіп жүрген ол Ресей, Қытай, Моңғолия және Түркия сынды алып елдердің сахнасында да ән шырқап, күй шерткен. Жолдасы Бағдат екеуінде Арман және Әлинұр есімді екі ұлы бар. Әншінің қос құлыны да өнерге етене жақын. Екеуі де домбыраның құлағында ойнап, сәті келгенде сахналарға шығып ән де айтады.

Гүлдана Ноғайбаеваның сазгерлік өнері де жоқ емес, мәселен Ұлы Абайдың "Аттың сыны" және Алмахан Мұхаметқалиқызының "Ақбөкен" атты өлеңдеріне ән жазғанын біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Сонымен қатар, "Бейбітшілік", "Би күйі" сынды авторлық күйлері де бар. Бала күнінен домбыраның құлағында ойнап, шаңқобыз тартқан әнші кейінірек жетіген аспабын үйреніп, оның сүйемелдеуімен қазақтың халық әндерін тамылжыта орындап жүр. Алдағы уақытта сазсырнай аспабын меңгеруді қолға алмақ. Гүлдананың бір ерекшелігі, ол - қазақылығы. Әндерінің бойында қазақы дәстүр жатады. Тіпті, сахналық көйлектері де дәстүрден, қазақылықтан алыс кетпейді. Оны өнерсүйер қауым жақсы біледі. Оның репертуарында эстрадалық бағыттағы әндерден гөрі халық әндері көбірек кездеседі.

Мақалалар-Статьи

Елін әнімен әлдилеп, күй күмбіріне еліткен [Текст] : [Әнші Гүлдана Ноғайбаева туралы.] / А. Мағжан // Ертіс өңірі . - 2016. - 3 ақпан. - Б. 9.

 Ән әлемінің Гүлданасы [мәтін] / Н. Кәкішев // Семей таңы . - 2014. - 22 шілде. - Б. 6.

Интернет-ресурсы

Интернет-ресурстар

 

Ногайбаева Гульдана Махаббат Багы[Электронный ресурс] [казахские песни] : сайт,- Режим доступа https://z1.fm/artist/3007342

Ногайбаева Гульдана Маркаколь 2018 [Электронный ресурс] [казахские песни] : сайт,- Режим доступа : https://muzmir.kz/kazahskie-pesni-2017/2970-guldana-nogaybaeva-markakol-2018.html