Известные имена

Камалиев К.

78

Камалиев Көкенай (1937) – әнші, режиссер, Зайсан ауданының Құрметті азаматы

1937 жылы 18 ақпанда Зайсан ауданы, Көгедай ауылында дүниеге келген.    

1956 жылы Зайсан ауданындғы «Благодарное» орта мектебін бітіреді. Сол жылы Қазақтың Мемлекеттік Абай атындағы академиялық опера және балет театры жанынан тұңғыш ашылған студияға түсті. 1958 жылы студияны бітіріп, театрда 3-4 жыл жұмыс істеп, көптеген опералық қойылымдарға қатысты. Ришат ,Мүсілім Абдуллиндер, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Кәукен Кенжетаев, Шабал Бейсакова, Әнуарбек Үмбетбаев, Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Ғарифолла Құрманғалиев сияқты өнер майталмандарымен бірге жүріп, спектакльдерде ойнап, ән салды.

1958 жылдың желтоқсан айында опера театры Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, Мәскеудің үлкен залында А.Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай», М. Төлебаевтың «Біржан -Сара» операларын қойып, Б. Асафьевтің «Бахшасарай фонтаны» балетін көрсетті. Онкүндік Қазақстан өнер шеберлерінің үлкен концерттік бағдарламасымен аяқталып, елге зор табыспен оралады. Алматы қаласында төрт жыл әншілік қызмет атқарған соң Көкенай туған жері Зайсанға қайтады.

1959 жылы Зайсан аудандық мәдениет үйінде драмалық үйірмеде жұмыс істеп, оның құрамына 15 өнерлі жас іріктелді, ішінде Ораз Кәкеев, ағайынды Көкенай мен Қабыкен Камалиевтер де бар еді. «Қыз Жібек» операсын дайындап, облыстық байқауда бірінші орынды жеңіп алды. Сол жылы Алматы қаласында өткен республикалық өнер байқауында жеңімпаз атанып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталған ең жас әнші Қабыкен Камалиев еді. Сол жылы Зайсан ауданы Халық театры атағына ие болды.

1960 жылы Алматыда өткен халық өнерпаздарының онкүндігінде ағайынды Көкенай мен Қабыкен композитор Б. Байқадамовтың "Қазақстан магниткасы жастарының әні", Е. Брусиловскийдің "Шолпан", "Жастар мерекесі" әндерін тамаша орындап, І дәрежелі дипломмен марапатталып, республикалық халық өнерпаздары апталығының лауреаты деген құрметті атаққа ие болды. Гастрольдік сапармен Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия сияқты елдерде өнер көрсетті.

1963 жылы Қазақстандағы қырық шақты халық театрлары арасынан Мәскеуге барып, өнер көрсету үшін берілетін жалғыз жолдаманы ақжарлық (ол кезде Зайсан мен Тарбағатай бір аудан болатын) өнерпаз жастар жеңіп алды.  Осы сапар жайында «Ақжардан Москваға дейін» атты документальді фильм түсірілген. Жарты сағаттық деректі фильм Алматы мемлекеттік киносуреттер мұрағатының алтын қорында сақтаулы.

К. Камалиев 1961-63 жылдары Көгедай орта мектебінде музыка пәнінен сабақ беріп, көркемөнерпаздар ұйымын басқарды. Кейін аудан орталығы Зайсан қаласына шақырылып, 1963-1968 жылдары аудандық мәдениет үйінің директоры, халық театрының режиссері, мәдениет бөлімінің инспекторы қызметтерін атқарды.

1968-1972 жылдары Өскемен қаласындағы музыка училищесін бітірген соң, 1972-1977 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы үйінде методист, директор болып қызмет істеді. Сол жерден зейнеткерлікке шыққан. Талай рет Телерадиокорпорацияның арнаулы медаль, грамота, диплом, арнайы сыйлықтармен, «Қазақ радиосының ардагері» төсбелгісімен марапатталған, КСРО Мәдениет министрлігінің «Үздік қызметі үшін» (за отличную работу) медалінің иегері. Зайсан ауданының Құрметті азаматы, республикалық халық өнерпаздары апталығының лауреаты.

1977-1997 жылдарда Республикалық Қазақ радиосында саяси хабарлар бас редакциясы мен «Алтын қор» редакциясында хабарларды музыкамен көркемдеуші және дыбыс режиссеры қызметінде болып сол жерден еңбек демалысына шықты. Зайсан өңірінің мәдениет саласын өркендету жолында еңбек еткен Көкенай Камалиев бүгінгі күні Алматы қаласында тұрады.

2018 жылы Зайсан өңірінің өнері мен мәдениеті жайында жазылған «Өнерлі елім - Зайсаным» кітабының авторы.

К. Камалиевтің шығармалары

Произведения К. Камалиева

 

Камалиев, К. Өнерлі елім - Зайсаным : (деректі очерктер жинағы) / К. Камалиев. - Алматы : Өнер, 2010. - 72 б.

Камалиев К. Өнерлі елім –Зайсаным.(деректі очерктер жинағы) /К. Камалиев. – Алматы:ИП «Балауса»,2018.- 88б.

 

 

К. Камалиевтің мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалары

Статьи К. Камалиева в периодических изданиях

 

Камалиев , К. Кремль төріндегі күтпеген кездесу [Мәтін] : [Қазақтың батыр ұлы Б. Момышұлымен кездесу туралы естелік.] / К. Камалиев // Дидар. - 2016. - 6 мамыр.- Б.22.

 

К. Камалиев туралы мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалар

Статьи о К.Камалиеве опубликованные в периодических изданиях

 

Жансейітов Х. Сапар сәтті болды [Мәтін] : [республикалық өнер байқауынды ШҚО өнерпаздары бірінші орынды иеленді.] / Х. Жансейітов // Коммунизм туы. - 1967. - 19 июль.- Б.1.

Жұмағалиев М. Сеңгірінде сексеннің [Текст] : өлең /М. Жұмағалиев // Қазақ әдебиеті . - 2017.- 24 ақпан - 2 наурыз (№ 7). - 24

Әбдешев З. Сексенде сері қалпында [мәтін] : Біздің жерлестеріміз / З. Әбдешев // Достық. - 2017. - 15 ақпан.- б.2