Дастенов Жолан (1943-1991 жж.)
Жерлесіміз, сазгер Жолан Дастенов Бесқарағай ауданының түлегі. Келешек сазгер қарапайым жұмысшы отбасында туған.
Семияр орта мектебін тәмамдаған соң, Семей музыка училищесіне түсіп, өмірдегі орнын дәл болжап, тектілікті бағдарлайды.
Алғашында баян класында ойнаған Жолан кейіннен өз ыңғайын байқап музыка теориясы бөлімшесіне ауысады.
Осыдан кейін Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға түседі. Онда профессор Қ.Қожамияровтың композиция класын бітіреді. Консерваторияны бітірген соң Жолан Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында бір жылдай лекторлықпен шұғылданады.
Енді бір жыл өткенде Композиторлар Одағына мүшелікке қабылданады. Кешегі шәкірт өзі де ұстаз атанып, көп ұзамай 1971 жылдан бастап консерваторияда сабақ береді. Бұдан соң біраз жылдар қазақ теледидары мен радиосында бас редактор қызметін атқарады.
Жерлесіміздің біраз еңбек еткен жері - өзінің Семейі. Сол кездегі Композиторлар одағының Ертіс өңірі бөлімшесі құрылып, төрағалығына Ж.Дастенов сайланды. Кейіннен қайта Алматыға оралып, Композиторлар Одағы басқармасының хатшысы болып қызмет етеді.
Жолан қазақтың музыка өнерін насихаттауда қаншама елді шарлады. Қазақ, орыс тілінде теледидар мен радиодан 400-ден астам материал оқыды. Осындай қызметтерден басқа сазгердің шығармашылығы өз алдына бір сала. Композитордың оркестр мен виолончельге арналған концерті, оркестр үшін жазылған екі концерті, бірнеше симфониялық поэмалары, "Абайды еске алу" дейтін фортепианолық трио әндері, хорлары, романстары т.б. бар.
Композитор драмалық спектакльдерге де сөз жазған. "Тоқта мерген" атты мюзиклдің авторы Ж.Дастенов болатын. Сазгердің балаларға арнап жазған тұңғыш операсы "Қаңбақ шал" 1979 жылы жарық көрді.
1976 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағын алды.
Шығармашылық өнерде Жолан ежелгі фольклорға да ден қойды. Шығыстың саз мәдениетіне тән ортақ қасиеттерді бедерлендіре отырып, қазақ, өзбек, тәжік, ұйғыр халық музыкасының әуендерін үндестіре білген. Сазгердің ең соңғы ірі шығармасы "Ескендір" симфониялық поэмасы.
Дарынды сазгер 1991 жылы 10 қазанда қайғылы қазаға ұшырады.