Ораз Кәкеев (1937-2002) - әнші, актер, режиссер, импровизатор, КСРО Мәдениет Министрлігінің үздік қызметкері, Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері.
Зайсан ауданы, Кеңсай ауылында туған. 1955 жылы М.Әуезов мектебін бітіріп, кәсіптік-техникалық училищеге түсті. Сол жылы училище атынан республикалық әншілер конкурсына қатысып, жеңімпаз атанды (17 жаста еді). Жюри мүшелері Е.Серкебаев, Б.Төлегенова консерваторияға қал деп ұсыныс жасады. 1958 жылы әскери борышын өтеу үшін Белоруссияға Брест қамалына келеді. Әскери округтік әншілер байқауында жеңімпаз атанып, Александров атындағы ән-би ансамбліне шақырылады. 1961 жылы Зайсан халық театрының режиссері болып, театрда көркемөнерпаздар өнерін дамытып, спектакльдер қояды.
М.Әуезовтың «Қарагөзінде» - Сырым, Ш.Айтматовтың «Жәмиласында» - Оспан бейнелерін сомдады. Кремль сахнасында жасаған 2 образ да Москва жұртшылығын дүр сілкіндірді. Осы еңбегі жоғары бағаланып, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің «Құрмет» грамотасымен 23 жасында ардақталды. Кинофильмге түскен. 1970-1972 жылдары Марқа өңірінің өнерін көтеріп, «Халық театры» - атағын алуға көп тер төгеді. 1973 жылы Алматыдағы ішкі істер ансамблінде әнші болып үлкен табысқа жетіп, алғысқа бөленді. 1974 жылдан өмірінің соңына дейін (2002 жыл) Зайсан театрында режиссер болды. «Айнакөл» ансамблін құрып, «халықтық» атаққа жеткізді. 1974 жылы алғаш рет Зайсан өңірінде ұмыт болған ата-баба дәстүрін жалғап, жаңа салт «Беташар» жасады. Оны үнемі үйлену тойлардың бәрінде айтып, үгіттеп көптеген шәкірттеріне үйретті. 1973 жылы облыстық қазақша күреске қатысып, ауыр салмақтан 93 кг-да 1 орынды жеңіп алды. 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткізілген ақындар айтысында термеші ретінде бас жүлдені алды. 1987 жылы Москвада өткен 15 республика қатысқан ән-би мерекесі фестиваліне қатысып, ВДНХ-ның медалімен және лауреат медалімен марапатталды. 1988 жылы мамырда Болгар Халықтық Республикасында қазақ ұлттық аспаптар оркестрі құрамында ән салды (Пловдив, София қалаларында). 2001 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтан алғыс хат алған.
О. Кәкеев туралы әдебиет
Литература о О. Какееве
Жеңсеханов , Манатбек. Шежірелі Зайсан [Электрондық ресурс] : [Зайсан өңірінен шыққан батырлар мен балуандар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, өнер иелері мен ақын -жазушылар туралы сөз қозғалады. ] / М. Жеңсеханов : Азербаева К., 2004. - 158 б. с.78(574.4)
Тоқпатаев У. Менің замандастарым [Мәтін] / Тоқпатаев У. - Өскемен, 2006. - 440 б.
Кемешев Н. Өмірім-өлеңім [Мәтін] / Кемешев Н. - Өскемен, 2007. - 360 б.
Зайсан [Мәтін] : тарихи-танымдық фотоальбом. - Алматы: Елнұр, 2008. - 207 б.M-BOOK
Зайсанды ән-күйімен әлдилеген [Мәтін] : естеліктер / құраст.: Б. Құмарбеков. - Алматы: Елтаным баспасы, 2017. - 212 б. (Введено оглавление)