Шөкенов Нұржан Серікұлы (1983) – әнші, композитор, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы.
28 шілде 1983 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Қарасу ауылында дүниеге келген.
2002-2004 жылдары Алматы қаласының Ұзынағаш кентінде Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімінде қызмет атқарған.
2008-2013 жылдары С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың (қазір ШҚУ) музыка факультетін тәмамдаған. Музыка мамандығы бойынша дайындалып, өнер жолын кәсіби деңгейде жалғастырды.
Н. Шөкенов өнер саласында өз ізін қалдырған дарынды әнші әрі композитор. 2005-2013 жылдары Тарбағатай ауданы, Қарасу ауылында әкімшілікте ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі маман ретінде қызмет атқарды.
2014-2024 жылдары Қасым Қайсенов, Глубокое және басқа аудандардың мәдениет үйлерінде әнші болып жұмыс істеді.
Өнер жолында жеткен жетістіктері:
2005-2008 жылдары «Оралханның көктемі» атты конкурста жүлделі орынға ие болды.
2012 жылы Алматы қаласында Баян Есентаеваның «Саз әлемі» телевизиялық конкурсында авторлық «Тәп-тәттісің» әнімен Қазақстан Республикасының 2012 жылғы үздік әнін жеңіп алды.
2013 жылы «Саз әлемі» телевизиялық конкурсында «Қайдасың» атты авторлық әнімен 2-орын иеленді.
2023 жылы ШҚО, Өскемен қаласында шығармашылық концерті өтті. Концертке Қазақстанның жұлдыздары қатысты. Ал 2025 жылы Алматы қаласында Республика сарайында тағы бір шығармашылық кешін өткізді, оған ШҚО Ертіс концерт өнерпаздары және ШҚО Жастар театрының актерлары қатысты.
Ол «Тарбағатай тарланы», Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» медалімен марапатталды, ал 2025 жылы Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы атағын алды.