Әкелеев Сахан Долдиұлы (1958 - 2021) – актер, режиссер.
1958 жылы 15 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Тасбастау ауылында дүниеге келген.
1980-1984 жылдары Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтын профессор А.Тоқпановтың класын «драма және кино актеры» мамандығы бойынша бітірді. Алматы мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваториясында 1984-1991 жылдары оқыды. Б.Жылысбаевтың класынан вокал мамандығы бойынша тәмәмдады. Бішкек қаласындағы Б.Бейшенәлиев атындағы өнер және мәдениет университетін режиссер мамандығы бойынша аяқтады.
Қ. Жандарбеков атындағы әнші-актерлер байқауының, Ашхабадта болған Орта Азия және Қазақстан әншілер байқауының лауреаты атанды. 1993-2003 жылдары Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблін ұйымдастырып, ансамбльдің көркемдік жетекшісі болды. Жетекші бола жүріп, әскери ансамбльде «Сарбаздар» фольклорлық-этнографиялық ансамблін құрды. Әскери шені-майор.
2003-2005 жж. - Ж. Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінде «вокалдан оқытушы»;
2005-2006 жж. - ОҚО Жұмат Шанин атындағы музыкалық драма театрында «Жоғары категориялы актер, режиссер, вокалдан оқытушы»;
2006-2008 жж.- Ақсарай мюзиклында «Жетекші және вокалдан оқытушы»;
2008-2010 жылдары Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында «Жеке орындау кафедрасында вокалдан аға оқытушы»;
Сақан Әкелеев бірнеше әндердің авторы. 2009 жылы 12 желтоқсанда Алматыдағы Республика сарайында өткен «Шығыс жұлдыздары» жобасының авторы әрі продюсері, 2010 жылы 23 ақпанда Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында Б. Момышұлының 100 жылдығына арналған «Батыр Бауыржан» атты үлкен кештің ұйымдастырушысы, сценарисі болды. С.Әкелеев – ТМД елдері саяси әндер фестивалінің, республикалық бірнеше әскери-саяси патриоттық ән фестивальдерінің және халықаралық ән байқауының лауреаты. Әкелеев Сахан Долдиұлы 2010-2014 жылдары - ШҚО КМҚК Жамбыл атындағы драма театрының директоры, 2015 жылдан - облыстық драма театрдың көркемдік жетекшісі қызметін атқарды. Өзінің режиссерлік, актерлік қабілетінің жоғары екенін де дәлелдеді. Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясына режиссерлік етіп, көрерменнің көңілінен шықты. 2011 жылы наурыз айында Ресей федерациясы, Мордовия республикасының Саранск қаласында өткен VІ Халықаралық театр фестиваліне, театрдың шығармашылық тобы Сахан Долдиұлының басшылығымен қатысып, Балтық және ТМД елдерінің орыс драма театрлары арасында, жүлделі бірінші орынға ие болды. Сол жылы мамыр айында Татарстан Республикасы Қазан қаласында түркі халықтарының Х Халықаралық «Наурыз» театр фестиваліне қатысып, жоғары жетістіктерге жетті. 2014 жылы желтоқсан айында Б. Рамазанның «Шырмауық» атты жаңа, екі перделі әлеуметтік драмасын сахналады. Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясын негізге алып, қоғамның қауіпсіздігінің алдын алуда, актуальды қойылым болып табылды. Ағымдағы жылы Б. Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» комедиясын және бүгінде ғасыр індетіне айналған нашақорлық жайында Б.Ұзақовтың «Жандауа» атты психологиялық драмасын көпшілікке ұсынып, жоғары бағаға ие болды. Сондай-ақ, А.Үлімжіұлының «Шолақ қол келіншек» әпсанасын сахналап көпшіліктің ықыласына бөленді.
2009 жылы Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр Шапағаты»төсбелгісімен, Тәуелсіздіктің 10 және 20 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен марапатталған.
С. Әкелеевтің мақалалары
Әкелеев, С. Д. Арық сөйлеп семіз шық дейді Жамбыл драма театрының директоры [Мәтін] / С. Д. Әкелеев // Өскемен. - 2010. - № 38.- Б.4.
С. Әкелеев туралы
Әшірбаев, Б. Әкелей Сахан Долдиұлы [Мәтін] / Б. Әшірбаев // Мәдениет жаршысы / Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы=Управление культуры Восточно-Казахстанской области. - Өскемен, 2011. - N 1.- Б.24.
***
Токобаев, М. Дух свободы и независимости [Текст] : [о литературно-поэтической композиции, посвященной 100-летию Алаш в ВКО театре] / М. Токобаев // Рудный Алтай. - 2017. - 14 января. - С. 3.