Ғали Дүйсеков актер, (1900-1978).
Талантты актер, ақын, әнші, сазгер, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғали Дүйсеков 1900 жылы Семей облысының Жарма ауданында туған. Негізгі мамандығы – актер. Ол 1934-1938 жылдары Ленинградтағы орталық театр училищесін (қазіргі А.Н.Островский атындағы Санкт-Петербург театр институты) бітірген. Шымкент облыстық қазақ драма театрының негізін қалаушылардың бірі Ғ.Дүйсеков 30 жыл бойы сахнада актерлік қызмет атқарды.
Әкесі Дүйсек Бейсенов әнші, талай-талай айтыстарға қатысып, өнер сайысына түскен өнерпаз адам болған. Ғалидың музыкалық қабілеті ерте оянып, арабша хат танығаны, 4 жасынан бастап домбыра тартуды әкесінің жолдасы Қондыбайдан үйренгені, алғаш халық әндерін, бірте-бірте ұлтымыздың маңдайына біткен тұғыры биік тума таланттар Біржан сал, Ақан сері, Иманжүсіп, Мәди және басқа да композиторлардың шығармаларымен қатар, классикалық дүниелерді де жұртқа жеткізіп отырғаны, тіпті сырнай, скрипка аспаптарын да жетік меңгерген.
Жыр алыбы Жамбылдан бастап айтулы ақындар Ғ.Орманов, С.Жиенбаев, Ш.Смаханұлы, Ә.Ахметов, Д.Қанатбаевтардың өлеңдеріне әуен жазып, сол 31 әннің 10-ын нотаға қазақ музыка өнерінде өзіндік орны бар Б.Ерзакович түсіріпті.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі (1943). Мұхтар Әуезовтің пьесалары бойынша қойылған спектакльдерде Кебек пен Абыздың («Еңлік-Кебек»), Есен мен Арыстанның («Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан»), Бежей, Тәкежан, Біржандардың («Абай» бойынша инсценировка) рөлдерін орындау арқылы ол өзінің актерлік шеберлігін танытты. 1967 ж. ұлы Мұхтар Әуезовтің 70 жылдық тойына арнап «Мұхтар ата» (сөзі Ж. Еділбаевтікі) әнін шығарды.