Известные имена

Мусин Шахан

Мусин Шахан А. Мусин Шахан- актер, Қазақстанның Халық артисі (1913-1999 ж.)

Шахан Мусин –1913 жылы 27 желтоқсанында Павлодар облысы, Май ауданы, Үлкен Ақжар ауылында туған. Актерлік жолын 1934 жылы Семей облыстық қазақ драма театрынан бастап,осы театрдың іргетасын қалаушылардың бірі болып тарихта ізін қалдырды.Сахнадағы алғашқы ролі І.Жансүгіровтің «Кек» пьесасындағы Бидахмет ролі болды. Семей қазақ драма театр сахансында Айдар (М.Әуезов. «Абай), Ақан (Ғ.Мүсірепов. «Ақан сері-Ақтоқты»), Ян Грубек (К.Симонов. «Прага талшындары астында», Темір (Ә.Әбішев. «Достық пен махаббат») т.б. рольдерді ойнайды.

Ш.Мусин саяси қуғын-сүргін азабын тарта жүріп (Колымада, 1937-46; Сібірде, 1948-54) көптеген өлеңдер жазды. 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. 1954-1957 жж. Қазақтың Мемлекеттік академиялық Жастар мен балалар театрында актерлік қызмет атқарып, ал 1957 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында алуан түрлі кейіпкерлерді сахналады. Көбіне творчестволық интелегенция өкілдерінің бейнелерін жасады. Олар: Ақан (Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында»),Сырым (Әуезовтің «Қарагөзінде»), Моцарт (А.С.Пушкиннің «Шағын трагедияларында»), Телегин (А.П.Чехов, «Сүйікті менің ағатайым»)т.б.

Сонымен қатар қазақ киносының өсіп өркендеуіне сүбелі үлесін қосты. Атап айтқанда: «Бұл Шұғылада болған еді»,«Біз осында тұрамыз»,«Асау Ертіс жағасында»,«Шоқан Уәлиханов»,«Ұлан»,«Қосымша сауалдар»,«Жол торабы», «Аманат», «Шешуші айқас», «Даладағы дабыл»,«Кек», «Талтүс», «Жаушы»,«Құлагер» сияқты көптеген көркем фильмдерге түсіп, дара ойын үлгісімен өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Өзінің адами-азаматтық байламымен өмір сүріп, батыл сөз айтып, қыранның қияғы, тұлпардың тұяғы, ұлтжанды намысшыл ердің өзі болған тағдыр иесі Ш.Мусин – қазақ театры мен киносына ұшан-теңіз еңбек сіңірді.

1999 жылдың 26 желтоқсанында 86 жасында дүниеден өтті.

Тұғыры тұлға Шахан Мусиннің туғанына осынау қоңыр күзде 100 жыл толады!

«Арыс» баспасынан өмірдің «тар жол, тайғақ кешуінде» талай қиыншылқтарды басынан кешіп, ғұмырының 15 жылын қапас түрмеде өткізген Шахан актер туралы 500 дана таралыммен естеліктер кітабы дайындалып жатыр.

Ұлттық намысқа от тұтатқан өр рухты өлеңі үшін қауіпсіздік комитетінің тырнағына ілігіп, тар қапасқа қамалса да, өзінің өнерге деген шексіз сүйіспеншілік, қуат-жігерімен еңсесін бастырмаған Шахан Мусиннің өнері мен тағдыр-тәлейін таратып жазған естеліктердің бір парасы жарық көрмек.

Мусин Шахан туралы:

Сығай Ә. Сахна саңлақтары. /Мәтін Алматы, 1998. – 512 б.

Кенжетайұлы К.
18 жыл тұншыққан Шахан едi: Халық артисi Шахан Мусин туралы // Парасат.- 2000.- N 9.- 13-14 б.

Сығаев Ә.
Әртiс тағдыры: [Халық әртiсi Шахан Мусиннiң туғанына 80 жыл толуына.] // Егемен Қазақстан.- 1994. - 5 қаңтар