Ерболатов Нұрлан Құмарбекұлы (1959–2020) – жоғары біліктілік санатындағы хирург-дәрігер, жоғары біліктілік санатындағы балалар хирургі (мерзімсіз).
30 маусым 1959 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында дүниеге келген.
1983 жылы Семей мемлекеттік медицина институтын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған.
1983–1984 жылдары жалпы хирургия (ересектер хирургиясы) кафедрасында интернатурадан өтті.
1984–1994 жылдары хирургия бойынша интернатураны аяқтағаннан кейін Тарбағатай аудандық орталық ауруханасында хирург-дәрігер, кейін хирургия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.
1994–2001 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық балалар ауруханасында хирург-дәрігер болып жұмыс істеді.
2001–2011 жылдары Павлодар облыстық ауруханасында хирург-дәрігер, кейін хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
2011 жылғы қыркүйек айынан бастап «Медикер» ЖШС-нің Атырау филиалында хирург-дәрігер болып еңбек етті.
Шығыс Қазақстан облысы мен Павлодар қаласының балаларға арналған облыстық ауруханаларында, сондай-ақ шетелдік контингентке медициналық қызмет көрсететін сақтандыру және сервистік клиникаларда мол тәжірибе жинақтады. «Fast Track Surgery» қағидаты бойынша дәстүрлі және лапароскопиялық операциялардың кең ауқымын жүргізді, HAL-Doppler аппаратының көмегімен геморройды емдеу әдісін қолданды.
Әр жылдары Өскемен және Павлодар қалаларындағы жекеменшік клиникаларда тәжірибелік дәрігерлік қызмет атқарып, практикалық жұмысын Павлодар дәрігерлерінің біліктілігін жетілдіру факультетінде хирургия пәнінен сабақ берумен қатар алып жүрді.
Қазақстанның (АГИУВ, А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығы, Педиатрия және балалар хирургиясы ұлттық орталығы) және Ресейдің жетекші клиникаларында бірнеше рет мамандану және біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Лапароскопиялық хирургия бойынша көптеген халықаралық шеберлік сабақтарына қатысты. Балалар және ересектер абдоминалдық хирургиясы, лапароскопиялық хирургия, колопроктология, эндокриндік хирургия, реконструктивтік урология, жаңа туған нәрестелер хирургиясы бойынша маманданудан өтті.
Қазақстан Республикасының екі инновациялық патентінің иегері. Интернет-сайттарда 50-ден астам ғылыми жарияланымы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының ғылыми басылымдарында 20 мақаласы жарық көрді.
2007 жылы – «Жылдың үздік хирургі», 2008 жылы – «Жылдың үздік дәрігері» атанды.
2019 жылы Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын қорғау ісіне сіңірген ерекше еңбегі үшін «Алтын дәрігер» төсбелгісімен марапатталды.
Жұбайы – Омарова Мүгүлсім, дәрігер-офтальмолог.
Ұлы Бауржан – Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының дәрігер-кардиохирургі.
Қызы Маржан – Семей медицина академиясының түлегі.
Н. Қ. Ерболатовтың мерзімді басылым бетіндегі мақаласы
Публикации Ерболатова Н. К. в периодических изданиях
Опыт организации хирургической помощи новорожденным детям / Н. К. Ерболатов, А. М. Кузеков, Ю. В. Саяпин // Педиатрия и детская хирургия Казахстана. - 2006. - №1. - С. 64-65.