Известные имена

Байғожина Б.

Байғожина Баян (1923-1945) – Ұлы Отан соғысына қатысушы, мерген

1923 жылы Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей) облысы, Абай ауданы, Арқат ауылында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда өз еркімен майданға аттанған.Белорусь,Литва,Польша,Германияжерлерін азат ету ұрыстарына қатысады.1945жылы 27 сәуірде Гиденбург қаласы үшін болған ұрыста 15 фашистті құртып, ерлікпен қаза тапқан.

Ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», «2,3-дәрежелі Данқ» ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі» үшін медалімен марапатталған. Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Ефрейтор Байғожинаның ерлік өмірі туралы әскери тілші П.Кузнецов 1945 жылы «Комсомольская правда» газетінде «Шыңғыстаудың Баяны» деген мақаласын жариялады.

«Правданың» әскери тілшісі П. Кузнецов 1945 жылы наурызда «Баян қайдасың» деген мақала жазып, қазақ қызын жар салып іздеген екен. Мақалада былай делінген: «Төгілген ұзын шашын айқастыра ұстап, солдат бөркін баса киген қарақат көзді Баянның жүзі Қазақстанның күн сәулетті кең жайлауынан жаңа ғана келгендей қошқыл тартқан. Біз онымен Ганденбургте, Виллинштрасседе қашуға үлгермеген неміс Бюргерінің салтанатты кең үйінде кездестік. Шын пейілімен әңгімелесе отырып, Н. атқыштар полкының ефрейторы Баян Байғожинаның өмір тарихын білдім. Баян әскерге өз еркімен келген екен. Алғашқы кезде жолы болмапты. Көздеген жеріне жетпей эшелондарына неміс самолеттері тап береді. Сонда жараланады. Жараланған Баян госпитальда қала береді. Көп ұзамай сауығып, өз дивизиясы емес, жол батальонына жіберіледі. Үш дос Баян Байғожина, Вера Короткова, Ксения Божко көпір маңындағы қар басқан блиндажда тұрады. Байыпты, ержүрек Баян алғаш рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталады. Баянның даңқы көп ұзамай бүкіл дивизияға тарайды, тосқауылда тұрып тоғыз немісті өлтіреді. Ұрыс майданында ерлігі үшін екінші рет «Даңқ» орденімен наградталады. Шыңғыстаудың Баяны арпалысқан ұрыстарда Белоруссияның, Литваның, Польшаның жерін жаудан азат етеді. Гинденбургтың іргесіндегі қыстақтарда қатты ұрыс болады. Немістер үйдің шатырынан, подволдардан оқ жаудырады. Снарядтың жарықшағы Баянның бетіне тиеді. Командир Баянға дәрігерлік батальонға баруға бұйырады, бірақ Баян ұрыс даласынан кетпейді. Осы арада тағы он бес немісті жойғаны үшін «Отан соғысы» орденімен наградталады. Көп кідірмей біз екі айырылдық. Баян кетерде бізге: «Берлинде көріскенше сау болыңыздар», - деп алға жылжыды. Біз де көріскенше деп қол алысып айырылыстық.

Жазушы П. Кузнецовтың «Алматыдан Берлинге дейін» атты кітабында Баянның есімін тағы да құрметпен еске алады. Журналист Қ. Молдақашев «Баян» атты поэма жазды. Қарауыл ауылындағы бір көшеге Баян есімі берілген. Ұлы Отан соғысына қатысып, ерен ерлік көрсеткен 1571 қазақ аруларының есімін құрметтеп, ұрпаққа ұлағат ету парызымыз. Оларға арнап ескерткіш қойса нұр үстіне нұр болар еді. Отанын қорғаған аруларды ардақтап, қастерлеп жатса ол да елдіктің белгісі. Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесі аясында осы майдангер апаларымыздың ерлік өнегесі паш етілсе. Олардың есімін, көше, мектеп және басқа ұйымдарға берілсе, біздің де мерейіміз өсе түспек. Елін, жерін жаудан қорғаған аяулы арулары бар халық ешқашан кем болмақ емес. Сол апаларды құрметтесек, елді, қазақ халқын құрметтегені.

 

Баян Байғожина туралы кітаптар

Книги о Баян Байгожиной

 

Кузнецов П.Н. От Алма-Аты до Берлина: Очерки. – Алма-Ата: Казгиз, 1945. – 142 с.

Кузнецов П.Н. Девушка из Чингизтау: Рассказы // Бессмертные: 30 лет Победы советского народа в Великой Отечественной войне. – Алма-Ата, 1975. – С.412-416.

 

Баян Байғожина туралы мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалар

Статьи опубликованные на страницах преиодической печати о Баян Байгожиной

 

 

Жолымбет Қ. Шыңғыстаудың "Баяны" [Мәтін] / Қ.Жолымбет. // Ертіс өңірі. - 2005. - 7 шілде.- Б.5

Нұрпейісов М. Отан үшін от кешкен аягөздіктер [Мәтін] / М. Нұрпейісов // Аягөз жаңалықтары. - 2009. - 2 мамыр.- Б.4.

Әзімжанова, Т. Архат -батырлар ауылы [Мәтін] / Т. Әзімжанова // Ертіс өңірі . - 2017. - 31 мамыр.- Б.12.

Омарбаева Д. Шыңғыстаудың Баяны [Мәтін] : [Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Б. Байғожина туралы.] / Д. Омарбаева // Ертіс өңірі . - 2017. - 31 мамыр.- Б.13.

Кузнецов, П. Баян қайда екен? [Мәтін] : ["Қызыл Жұлдыз", "Даңқ" ордендерінің иегері, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан Б. Байғожина туралы 1942 жылы жазылған мақала. ] / П. Кузнецов // Ертіс өңірі . - 2017. - 31 мамыр.- Б.12.

Қасым , А. Қазақтың батыр қызы [Мәтін] / А. Қасым // Егемен Қазақстан. - 2017. - 16 қараша.- Б.8

Әбіл , А. Қазақтың батыр қызы - Баян Байғожина [Мәтін] / А. Әбіл // Дидар. - 2017. - 9 желтоқсан.- Б.7.

Мұхамадиев , Т. Баян есімді батыр қыз [Мәтін] : [Ұлы Отан соғысында ер адамға бергісіз ерлік көрсеткен Баян Байғожина туралы.] / Т. Мұхамадиева // Менің өлкем . - 2018. - 12 шілде.- Б.7.

Омарбаева, Д. Шыңғыстаудың Баяны [Мәтін] : [Ұлы Отан соғысына қатысушы шыңғыстаулық батыр қыз Б. Байғожинаға арнау] / Д. Омарбаева // Менің өлкем. - 2018. - 12 шілде.- Б.7.

Мұхамадиев, Т. Батырға көше берілді [Мәтін] / Т. Мұхамадиев // Менің өлкем. - 2019. - 3.- Б.3.

Баян есімді батыр қыз [Мәтін] // Менің өлкем. - 2020. - 7 мамыр.- Б.5.