Ахметов Ерлан Ахметсәлімұлы (1975) – журналист, ақын.
20 мамыр 1975 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында дүниеге келген. 1992 ж. Зайсан қаласының М.Ломоносов атындағы орта мектебін, кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика мамандығын тәмамдайды.
1988-1992 жылдары – Зайсан аудандық «Достық» газетінің «Хаттар», «Мәдениет және өнер», «Ауыл шаруашылығы» бөлімдерінің штаттағы тілшісі, Зайсан аудандық радиосының корреспонденті болды.
1996-2000 жылдары – Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде Зайсан ауданы бойынша арнаулы тілші, Шығыс Қазақстан облыстық телерадиокомпаниясында журналист, Өскемен қаласындағы «Қалкен-ТВ» телеарнасында журналист, кейін Павлодар қаласында заңгерлік, кәсіпкерлік саласында әртүрлі қызметтер атқарған.
2003-2016 жылдары – Ертіс-Баян өңіріндегі «Кереку», «Ой» апталық газеттерінің редакторы, республикалық «Руханият» газетінің редакторы, ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкілдігінің баспасөз хатшысы, «Ислам және өркениет» газетінің меншікті тілшісі лауазымында болды.
2008-2016 жылдары – «Жұлдыз» журналының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі, «Қаламгер-Медиа» орталығының Павлодар облысындағы арнаулы өкілі міндетін атқарды.
2016-2018 жылдары – Ақмола облысы Ақкөл аудандық «Ақкөл өмірі» және «Знамя Родины» газеттерінің редакторы міндеттерін абыроймен атқарды.
2018 жылдан жеке шығармашылық жолында.
1986 жылдан бастап қаламгердің мақалалары мен әңгімелері, өлеңдері Зайсан аудандық «Достық», Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» («Дидар»), республикалық «Қазақстан пионері» («Ұлан») газеті, «Ақжелкен» журналы т.б. басылымдарда жарияланған.
Е. А. Ахметов – «Ажарлы ауыл, ардақты қауым» атты қазақ-орыс тіліндегі деректі туындының (2006), «Қамырау жері, Сәмек елі, аман бол!» (2007), «Павлодар өнірінің қажылары» (2008), «Жасампаздық жолында. На пути созидания» (2012), «Білім көкжиегі. Горизонт знания» (2012), «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы. 20 жыл» (2012), «Жасампаздық жолында: жаңғыру. На пути созидания: возрождение» (2014) атты кітаптардың құрастырушысы.
Ерлан Ахметсәлімұлы – «Оғыландарым» (2008), «Жарық дүние» (2009), «Тәуелсіздікке тағзым» (2016) жыр жинақтарының авторы.
Сондай-ақ, ақын өлеңдері «Шабыт. Қос қанат» (2004), «Жастық әуен», «Айтыс» (2005), «Баянауыл басынан» (2006) сияқты ұжымдық жинақтарға енген.
«Зайсаным – әнім жырлаған», «Далам менің», «Іздеймін, достарым», «Байтақ елім», «Аққулар сыры» т.б. 30-ға тарта ән сөзінің авторы.
Бірнеше дүркін облыстық, республикалық деңгейдегі мүшәйралардың жүлдегері.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі (1998), Қазақстан Авторлар қоғамының мүшесі (1999), Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (2007).