Известные имена

Райымбекова Г. Р.

Райымбекова (Керимбаева) Гүлнар Рақымжанқызы (1963) – ақын, аудармашы, қоғам қайраткері.

Райымбекова Гүлнар Рақымжанқызы25 қаңтар 1963 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданының Күнгей Бөкенбай ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Қараой орта мектебін үздік тәмамдаған. 1988 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін аяқтайды.
Гүлнар Райымбекова – қазақ поэзиясын халықаралық деңгейде насихаттап жүрген ақын, аудармашы. Өлеңдері Қазақстанда және шетелдерде жарық көрген әдеби жинақтар мен антологияларға енген. Ақынның шығармалары «Колыбель любви», «Камшыбек бейнесі», «Қыз ғұмыр», «Ғасыр жыры», «Азияның алтын кітабы», «Алтайдың ақын арулары», «Стая розовых фламинго», «Көк бөрі», «Өлең – менің ғұмырым» атты жинақтарда, сондай-ақ Африка, Түркия, Үндістан, Мексика антологияларында жарияланған.
Ақынның 57 өлеңіне ән жазылып, қазақ әндері қорына енгізілген.
«Түркия – сен менің жүрегімдесің» поэмасы орыс, түрік, қырғыз, әзербайжан, қарақалпақ және тәжік тілдеріне аударылған. «Махаббатым – аманатым» өлеңдер жинағы 2025 жылы Түркияның Бурса қаласында қазақ, орыс және түркі тілдерінде жарық көрді. 2026 жылы «Аманат» атты өлеңдер жинағы жарық көрді.
Г. Райымбекова аудармашылықпен де айналысады. Қырғыз тілінен қазақ тіліне «Люсияға арнаған еңлік гүлдер» повесі мен «Май топырақ» әңгімесін аударған. Орыс әдебиетінің бес классигінің шығармаларын қазақ тіліне, қазақ ақындарының бірқатар өлеңдерін қазақ тілінен орыс тіліне аударған.
Солтүстік Америка, Сальвадор, Мексика халықаралық жазушылар одақтарының мүшесі. Лондондағы Еуразия шығармашылық бірлестігінің белсенді мүшесі. Италияның «CIESART» ақындар мен жазушылар ұйымымен, сондай-ақ Мексика, Африка, Бангладеш, Иран, Египет, Болгария, Сингапур, Малайзия, Жапония, Испанияның әдеби ұйымдарымен шығармашылық байланыс орнатқан. Өлеңдері аталған елдердің журналдары мен газеттерінде жарияланып келеді.
«Әлішер Науаидың 580 жылдығына арналған» және «Қазақстанның Құрметті азаматы» орденімен, «Қазақстан Республикасының Қоғам қайраткері» медалімен, Халықаралық М. Шолохов, «Тұран бірлігі», «Қоғамға сіңірген еңбегі үшін», «Түркі әлемі Халықтар достығы», «Мұстафа Ататүрік», «Хакім Абай» медальдарымен марапатталған.
Түркияның Адана қаласында өткен фестивальдің жүлдегері. 2020 жылы «Жыл ақыны», «Мықты қаламгер» номинацияларының иегері атанды.
2025 жылы әлемнің 1700 ақынын біріктірген Одақ мүшәйрасында «Ақ көгершінім» өлеңі үшін «Әлем ақыны – 2025» атағына ие болды. 2026 жылы Өзбекстанда өткен түркі тілдес халықтардың өнер фестиваліне қатысты. Сол жылы Испанияның «CIESART» Ақындар мен Жазушылар палатасы ұйымдастырған мүшәйрада балалар әдебиеті, поэзия және эссе жанрлары бойынша жүлделі орындарға ие болды.
Қазіргі уақытта зейнеткер.

Интернет ресурстар
Интернет-ресурсы

Гүлнар Рақымжан (страница Гульнар Райымбековой в TikTok).  - Режим доступа : https://www.tiktok.com/@user4261461619637  (дата обращения: 28.09.2026).