Известные имена

Саякупов Қ.

Саякупов Қуанышбай (1931-ө.ж.б.) – механизатор, комбайншы, Социалистік Еңбек Ері.

1931 жылы 4 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Сегізбай ауылында дүниеге келген. 1963 жылдан бастап КПСС мүшесі.

Еңбек жолын 1944 жылы Үржар ауданы «Тасбұлақ» совхозында шопанның көмекшісі болып бастады. 1946 жылдан бастап осы шаруашылықтың механизаторы. 1952 жылы Көкпекті ауданының Үлкен Бөкен ауылында механизация училищесіне оқуға түсіп, механизатор мамандығын алады. К.Саякупов комбайн және басқа да ауылшаруашылығы машиналарын жетік меңгеріп, еңбекте жоғарғы көрсеткішке қол жеткізеді. Сегізінші және тоғызыншы бесжылдықта ол 16 комбайнның орнына 29 комбайн жөндейді. Қуанышбай Саякупов 1973 жылға дейін совхоз өндірісіне жиырмадан астам өнетабыстық жаңалық енгізді. Қазақ ССР және Қазақстан Компартиясының (1980) 60-жылдығы қарсаңында Қ.Саякупов 800 гектар жерден дән алып, 5 мың центнер бидай бастырды.      

Қажырлы еңбегі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1973 жылы 10 желтоқсандағы Жарлығымен Қуанышбай Саякуповке Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин ордені және «Орақ пен Балға» медалі тапсырылды.

Қ.Саякупов көптеген комбайнерлер мен жұмысшыларды ауылшаруашылығы техникасын жөндеуге үйретті.

Коммунистік еңбек екпіндісі, Қазақстан Компартиясы Семей облыстық

комитетінің мүшесі, Бүкілодақтық өнертапқыштар қоғамының мүшесі, Новотроицк ауылдық Кеңесінің депутаты болды. 1982 жылы Қазақстан комсомолы IV съезіне делегат болып қатысты.

Екі Ленин ордені, «За доблестный труд в Великой Отечественной войне 1941 - 1945 жж. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін», «Қажырлы еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарының иегері. «В ознаменование 100-летия со дня рождения Владимира Ильича Ленина» медалі, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасы, СССР ВДНХ (бүкілоақтық ауылшаруашылығы жетістіктері көрмесі) қола медалімен марапатталды.

Үржар ауданы Новотроицк (қазір Қарабұйрат ауылы) ауылында тұрды.

Қайтыс болған жылы белгісіз.

 

 

 

 

Деректер

Источники

 

 

 

Шығыс Қазақстан облысы [Мәтін] : энциклопедия. - Алматы : Қазақ энциклопедиясы, 2014. - Саяқыпов Қуанышбай: б. 669.

Герои Социалистического труда – казахстанцы [Текст]. - Алма-Ата : 1985. 

Саякупов Куанышбай [Электронный ресурс] // Герои страны : сайт. - Режим доступа : http://www.warheroes.ru/hero/hero.asp?Hero_id=20308 (11.01.2018)