Бұланбай Көлбайұлы (1747–1845) – палуан
1747 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы (қазіргі Тарбағатай) Сайқан тауының етегіндегі қоныста дүниеге келген. Бұланбай Көлбайұлы Жәнтекей руынан шыққан. Ол халық жадында жеңіліп көрмеген палуан ретінде сақталған. Сонымен қатар тапқыр сөзді шешен би ретінде де танылған. Орта жүздің игі жақсылары Қызылжарда өтетін Көкейірім съезіне қатысу үшін халық арасынан шыққан спортшылар мен өнерпаздарды жинайды. Жәнібек батыр жиырма палуанның ішінен сайысқа қатысу үшін Бұланбайды таңдайды. Жарысқа шақырылған Бұланбай атпен жолға шығады. Алайда жарыс өтетін жерге 125 шақырымдай қалғанда аты қатты шаршайды. Бұланбай әрі қарай жолын түйемен жалғастырады.
Осы жарыста он сегіз жастағы халық арасынан шыққан палуан Бұланбай спорттық сайыстың жеңімпазы атанып, оған «түйе балуан» атағы беріледі. Бас жүлдеге бір түйе, он бес таңдаулы айғыр және елу бас ұсақ мал тігіледі.
Бұланбай Көлбайұлы Абылай хан бастаған қазақ делегациясының құрамында Бейжіңге барған. Мұнда ол өзге елдерден келген алыптардан өзінің күш-қуатының басымдығын көрсеткен. Император сарайының алдында орналасқан арыстан бейнесіндегі тас мүсінді орнынан қозғап, өзінің теңдессіз күш иесі екенін танытқан.
ХХ ғасырдың 50-жылдарындағы мұрағат құжаттарына сәйкес, Бұланбайдың ұрпақтары Омари мен Сәкари де өз заманының атақты палуандары әрі тамаша әнші, айтыскерлері болған.
Бұланбайдың жары әрі өмірлік серігі Айбике батыр болған. Ол Абылай хан әскерінде қызмет еткен әйел барлаушы ретінде танылған. Жау қолына өз еркімен тұтқынға түсіп, ұзақ уақыт қызметші болып, қажетті мәліметтер жинаған. Жиналған деректерді Абылай ханға, Қабанбай мен Бөгенбай батырларға жеткізіп отырған. Айбике батыр үлкен жиындарда палуан ретінде де өнер көрсетіп, даңқы шыққан. Қырағы әрі көреген Айбике батыр қалмақ жасақтарының Тарбағатай өңірі мен Ертіс жағалауына жасаған көптеген шабуылының алдын алған.
Бұланбай ұрпағына: «Жауға аттанған кезде сарбаздар оның есімін дабыра қылмасын. Менің атым Жәнібек батырдай атақты емес. Күрескенде өз күштеріңе сеніңдер. Менің күшім – өзімде, өз руымның намысы мен абыройын қорғауға жетерлік күшім де, даңқым да бар», – деген өсиет қалдырған.
Бұланбай өмірінің соңына дейін Кендірлік өзенінің бойын мекендеген. 1845 жылы дүниеден өткен.
Зайсан ауданындағы Сауыр тауының баурайында халық «Бұланбай жайлауы» деп атайтын жер бар. Таулы өзеннің сол жағалауында үлкен қара тас орналасқан. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл тасты Бұланбайдың өзі тауға көтеріп шығарып, өзінен кейін естелік ретінде қалдырған.
Б. Көлбайұлы туралы әдебиет
Литература об Колбайулы Б.
Кітаптар - Книги
Алтыбаев, Қ. Атамекен Зайсан / Қ. Алтыбаев. - Өскемен: Реклама-Дайджест, 2006. - 505 б. - Көлбайұлы Бұланбай: б. -429-432.
Қазақтың бес алыбы. - Алматы: Аруна, 2003. - 11 б. - Көлбайұлы Бұланбай: б.7.
Шәкенұлы, Ж. Алтай алыптары / Ж. Шәкенұлы, Қ. Айдарханұлы. - Алматы: Zaman-print, 2018. – 252. – Көлбайұлы Бұланбай : б. -
Мақалалар-Статьи
Қабдоллаұлы, Ж. Самырат Бұланбай [Мәтін] : [Зайсан ауд. өткен балуан] / Ж. Қабдоллаұлы // Достық. - 1996. - 26 шілде.
Мағзұмұлы, Ө. Атадан қалған ұлағат [Мәтін] : [Зайсан ауд. Бұланбай балуанның туғанына - 250 жыл] / Ө. Мағзұмұлы // Достық. - 1997. - 14 шілде