Известные имена

Құрметті оқырмандар!

2004 жылдан бастап "Шығыс Қазақстан танымал есімдер" дерекқорын толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Жобаның мақсаты – Шығыс Қазақстан өңірінің барлық танымал тұлғалары туралы барынша толық ақпарат жинау. Бүгінгі таңда бұл ақпараттық ресурста біздің жерлес ақын-жазушылар, ғалымдар мен ағартушылар, Ұлы Отан соғысына қатысушылар, Алаш қайраткерлері және басқа да бөлімдер ұсынылған. Бұл – отандастарымыздың тұлға мен тағдырларында біздің бірегей өлкеміздің ортақ портретін жасауға көмектеседі.
Библиография 2018 жылға дейін жинақталғанын хабарлаймыз. Кейінірек түскен әдебиеттерді кітапхана сайтының электрондық каталогынан табуға болады: http://pushkinlibrary.kz немесе бізге мына поштаға хабарласа аласыз: spravka@pushkinlibrary.kz
Дерекқорды толықтыру жұмыстары жалғасуда және Сіз де жаңа есім немесе жаңа өмірбаяндық деректерді ұсына аласыз.  Бұл біздің ортақ жұмысымыз әрі біздің ортақ Үйімізді даңққа бөлеген азаматтар алдындағы борышымыз.

abai r pushkin r kray r  

Тоқтаров Т.

Tohtarov TulegenТоқтаров Төлеген (1920-1942) - Кеңес Одағының Батыры.

Төлеген Тоқтаров – 3-Калинин майданының екпінді армиясы, генерал-майор Панфилов атындағы Ленин орденді 8-гвардиялық Қызыл Тулы атқыштар дивизиясының 23-гвардиялық атқыштар полкының автоматшысы, гвардияның қатардағы жауынгері.  

1920 жылы 19 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Қарақұдық селосында шаруа отбасында дүниеге келген. 4 сынып бітірген. Лениногор полиметалл комбинатының Лениногор қорғасын зауытында рафинировщик болып жұмыс істеген.

1941 жылдан Қызыл Армия қатарында әскери міндетін өтеген. 1941 жылдың желтоқсанынан жаумен ұрысқа кірді.  

1942 жылы Демян шабуылында ерекше көзге түсті. 23-гвардиялық атқыштар полкының автоматшысы (8-гвардиялық атқыштар дивизиясы, 3-екпінді армия, Калинин майданы) гвардия қызыл әскері Төлеген Тоқтаров Новгород облысының Нагаткино селосын азат етуде 1942 жылы 5 ақпанда алдыңғы қатарда селоға кіріп, автоматтан оқ жаудырып, жеті фашистің көзін құртты және екеуін пленге алды.

Қазақ халқының ержүрек ұлы 1942 жылы 10 ақпанда ерлікпен қаза тапты. Бұл күні гвардия қызыл әскері Т.Тоқтаровтың окопына гитлершілердің тұтас взводы шабуылға шықты. Ержүрек жауынгер қоршаған жауға оқ жаудырды, совет жауынгерінің қырғын атысына шыдамаған бірнеше рет шегініп, қайта шабуылдады. Ұрыс кезінде гвардия қызыл әскері Төлеген Тоқтаров қатты жараланды, бірақ жаумен айқасын тоқтатпады. Патрон бітті. Әлі құрыған гвардияшыға қарай фашист офицері қарсы келді. Тоқтаров төзіммен орнынан тұрып жауға қарсы беттеді. Соңғы күшін жиып автоматтың дүмімен фашисті ұрып жықты. Бірақ оған басқа фашистің тағы бір оғы тиді...

Батыл гвардияшыл Новгород облысы Старорусс ауданының Бракловицы деревнясында жерленген.

1943 жылы 30 қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен неміс-фашист басқыншыларымен ұрыста әскери тапсырманы үздік орындап, ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткен гвардия қызыл әскері Төлеген Тоқтаровқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин орденімен марапатталды.

Таврия ауданы Герасимовка селосына Батырдың мүсін-ескерткіші, Лениногорск қаласына – ескерткіш орнатылды. Қазақстанның Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен, Зайсан қалалары мен Новгород облысындағы Старая Русса қаласының көшелері Батыр есімімен аталады.  

1947 жылы Қазақстанның даңқты ұлының құрметіне композитор А.Жұбанов композитор Л. Хамидимен бірге «Төлеген Тоқтаров» операсын жазды (М.О.Әуезов либреттосы).

Әдебиеттер:

  • Шығыс Қазақстан облысы.Энциклопедия/ Бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2014.-Б.744.
  • Отан батырларын мадақтайды. [Мәтін] : Шығысқазақстандықтар - Кеңес Одағының Батырлары : фотоальбом / Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай-қорығы. - Өскемен : Медиа-Альянс, 2010. – Б.253.
  • Кеңес Одағының батырлары - шығысқазақстандықтар = Герои Советского Союза - восточноказахстанцы [Мәтін] : Мағлұматнама. - Өскемен : ШҚМУ, 2005. - 132 б.

Интернет-ресурстар: