Известные имена

Бозтаев К. Б.

Бозтаев К. Кешірім Бозтаев (1933-1999) - Қоғам және мемлекет қайраткері, Семей облысының бұрынғы бірінші хатшысы

Кешірім Бозтаев - 1933 жылдың 25 шілдесінде бұрынғы Семей облысы Аягөз ауданының Ақшатау ауылында дүниеге келген. К. Бозтаев Шығыс Қазақстан және Семей облыстары өнеркәсібінің дамуына зор үлес қосты. 1989 жылы 20 ақпанда СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы М. Горбачевтің атына шифрограмма жолдап, Семей сынақ полигонында ядролық сынақтардың тоқтатылуын талап еткен тұңғыш азамат. КСРО әскери - өнеркәсіптік кешенінің қарсылығына қарамастан, полигонды жабу жолында 1991 жылға дейін үздіксіз күрес жүргізді. Өзі Қазақстан Компартиясы Семей обкомының бірінші хатшысы бола отырып, 80 – жылдардың соңында құрылған «Семей – Невада» қозғалысына қолдау көрсетті.
КСРО Қорғаныс министрлігінен ядролық сынақтардың радиациялық салдарлары туралы материалдарды жариялауын және бұл ақпараттарды Қазақстанға беруін, Семей полигонының маңайында орналасқан елді мекендерге қаржылық көмек көрсетілуін, тұрғындардың әлеуметтік – экономикалық жағдайының жақсартылуын, сондай-ақ өнердегі радиоэкологиялық жағдай мен тұрғындардың денсаулығын тексеретін комиссияның құрылуын талап етті.

Кешірім Бозтаев – Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсанда қабылданған «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау» туралы Заңының, ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен тұрғындарды медициналық оңалту бағдарламасының авторы.
1996 жылы Қазақстанның белгілі қоғам қайраткерлерімен бірге Халықаралық «Полигон – 29 тамыз» қоғамдық қайырымдылық қорын құрды. 2002 жылы бұл қор БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінде консультативтік статусқа ие болды.

К. Бозтаев - үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен, көптеген Құрмет Грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері. 1997 жылдан Ұлттық қауіпсіздік мәселелерін зерттеу академиясының (Мәскеу) толық академик – мүшесі, «Экология» халықтық академиясының академигі, Семей мемлекеттік медициналық академиясының Құрметті профессоры, Семей қаласының Құрметті азаматы.
Материалды Абай атындағы Семей әмбебап кітапханасы ұсынған.

К. Бозтаев туралы әдебиет

Литература о К. Бозтаеве

Қабышұлы Ғ. Ақиқат - анық айтылса ғана ақиқат // Қазақ әдебиеті. - 2011. - 8 сәуір. – 10 б.
Пигаваев В. Есімі еске алуға әбден лайық // Егемен Қазақстан. - 2011. - 23 тамыз. - 2 б.
Сейсенұлы Д. Полигон кімге зардап...: К.Бозтаевтың"Қайнар синдромы" атты кітабы туралы // Егемен Қазақстан. - 1995. - 22 қыркүйек.
Сәрсеке М. Шығыс елі риза саған, Кешірім // Семей таңы. - 2009. - 20 тамыз. - 4 б.; Семей таңы. - 2009.; 13 тамыз – 4 б.

Кенжебай, М. Семей полигонын жапқан кім ?... : Кешірім Бозтаев туралы / М. Кенжебай. - Мәтін // Ертіс өңірі. - 2021. - 25 тамыз. - Б. 10.