Ақаш Жүнісов (1927ж.т.) өлкетанушы
Ақаш Жүнісов 1927 жылы 23 февральда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Қалғұты ауыл советі Терісайрық бойында туған. Әкесі Жүніс екі жасында қайтыс болған. Бастауыш класты Егіндібұлақ аулында («Калинин» колхозында) бітіріп, 5–ші класты туыс қуалап Горный (Ақбұлақ) орта мектебінде, ал 6-шы және 7-ші класты тағы да туыс қуалап Тарбағатай ауданы Тұғыл (Топелев-мыс) орта мектебінен бітірген. Июнь айында неміс фашистеріне қарсы Отан соғысы басталып кетті де, Тұғыл алыста, қаражат жоқ, «Калинин» колхозында бала - колхозшы болып істеген.
Отан соғысы кезінде 1943 жылы июнь айында Өскемен қаласы іргесінде Аблакеткада Ертісті бөгеу жұмысына қатысқан.
1944 жылдың қаңтарында Риддер қаласына өндірістің соғысқа кеткен азаматтарының орнын басуға «фабрика-заводской обучение» дейді, қысқаша айтқанда ФЗО мектебінде оқып, шахтада жұмыс істеуге жаттығып, шахтаға түсіп жұмыс істеген..
Соғыс біткен соң оқуын қайта жалғастырып, 1947-1948 оқу жылдары Өскемен қаласы Жамбыл пансионаты орта мектебін бітірген.
1950 жылы Зайсан қаласындағы педучилищені бітіріп, «Бастауыш класс мұғалімі» мамандығын алған.
Ұстаздық жолында 40 жыл мұғалім болып, 8 бала тәрбиелеп өсіріп, 12 немере, 4 шөбере сүйіп отырған, бұл күндері сексеннің сеңгіріндегі бақытты адам.
Аудандық, облыстық газеттерде және Алматы қаласында шығатын «Білім және Еңбек» (Зерде), «Мәдениет және тұрмыс», балаларға арналған «Балдырған» журналдары-на және кейінгі жылдары «Қазақ батырлары» газетінде мақалалары басылып тұрды.
Мектеп оқушыларының жазғы үш айлық каникулы кезінде алыстан келген немерелеріне туған өлке тарихына байланысты сейіл-серуен өткізіп, жәдігерлік орындарды көрсетіп, ежелгі дәуірлерге байланысты тарихи мағлұматтар берумен әуестенген.
Ал, 1984 жылы Қаратоғай ауылының төңірегінен табылған, табанында руникалық жазуы бар тас мөрдің жайы көпшілік қауымға баспа беттерінен таныс. Тас мөр жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбековке қолма-қол тапсырылған. Ғалым Алтай Аманжоловтың «Ертіс бойы ескерткіштері» топтамасына кірістіріліп, Алматы қаласындағы «Республика алаңындағы» тік төртбұрышты цемент екі плита бетіне тас мөр табанындағы руникалық жазу ойылып жазылған.
1989 жылы Қалғұтыға Алматыдан келген оқымыстыларды Еңбек ауылына таяу Қозыбай фермасының іргесінде сай қуысына апарып тас дәуіріндегі алғашқы адамдардың тастан құрал жасаған орнын көрсеткен. 1994 жылы басылып шыққан мұқабасының сыртында алтын киімді сақ ханы суреті бейнеленген «Қазақстан тарихы» кітабының оныншы бетінде: «1989 жылғы маусымда Қозыбай атты олжалы жер (Ескерту: табылған жәдігерлер сол жердің атымен аталады) Шығыс Қазақстан облысы территориясындағы ең ежелгі ескерткіш болып табылады. Бұл тұрақ Қалғұты өзенінің бойында, Күршім ауданының Қаратоғай ауылына таяу бір бүйірде».-деп жазылған.
Алғашқы қауым адамының қолымен жасалған тас бұйымдары, олардың ішінде шапқыш құрал, екі жағы да өңделген құрал және қара түсті кремний жынысынан істелінген сындырғыштар бар – осының бәрі Қозыбай өндірістік учаскесінің биік сөресінен табылған.
Ел қуанышына бөленген тағы бір жемісті еңбегі - ағайынды Малдыбаевтар туралы 1982 жылы «Бір ұядан ұшқандар» мақаласы облыстық «Коммунизм туы» газетіне басылған еді. Сол әңгіме бойынша Испаниядағы азамат соғысына қатысқан Малдыбаев Жақыпбек туралы журналист-жазушы Аймухамбет Қасымов он жыл бойы зерделеп, ізденіп «Қазақ халқының тұңғыш әскери ұшқышы Жақыпбек Малдыбаев» екенін оқырмандарға айқындап берді.
1984 жылы «Ветеран труда» медалімен;
1985 жылы «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен;
1995 жылы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 50 жылдығы мерекелік медалімен;
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 55 жылдығы құрметіне
«1941-1945ж.ж. соғыс ардагері» белгісімен;
«Қаратоғай мектебіне 80 жыл» (1926-2006 жылдар.) Құрмет белгісімен марапаттады
Еңбектері:
2002 жылы «Күлкі-көңіл жазы»
2004 жылы «Шежірелі тау қойнауы»
2010 жылы «Ұшқыр ойлар өрімі» танымдық кітаптары Алматы қаласының баспаларынан жарық көрген.
Әдебиеттер тізімі:
Жүнісов А. Еңбек ерте есейтті [Мәтін] : [Соғыс жылдарынан естеліктер] / Жүнісов А. // Дидар. - 1995. - 1 шілде.- Б.
Жүнісов А. Жабағы төре және құсбегілік [Мәтін] / Жүнісов А. // Дидар. - 2006. - 15 шілде.- Б.6
Жүнісов А. Күршім аймағын билеген соңғы төре [Мәтін] : [ХІХ ғ.басында өмір сүрген Шомат төре жайында] / Жүнісов А. // Дидар. - 1994. - 17 мамыр.- Б.
Жүнісов А. Тауқыметіміз жетерліктей [Мәтін] : [Авт. Самар ауд. ауруханасының бас дәрігері] / Жүнісов А. // Дидар. - 1995. - 28 қараша.- Б.
Жүнісов А. Шығыстың екі Барағы [Мәтін] / Жүнісов А. // Дидар. - 2003. - 20 қыркүйек.- Б.4
Жүнісов, Ақаш. Қажырлы еңбектің қайтарымы мол болды [Мәтін] : [соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтруде еңбегімен көзге түскен майдангер А. Ыбыраев туралы] / А. Жүнісов // Дидар. - 2010. - 8 мамыр.- Б.4.
Жүнісов Ақаш (ол туралы):
Нұрғалиев А. Бақыт жұлдызы [Мәтін] / Нұрғалиев А. // Коммунизм туы. - 1982. - 5 август
Қалиев З. Шежірелі өлке жыршысы [Мәтін] / Қалиев З. // Дидар. - 2006. - 4 сәуір.- Б.4
Зәкәрия Х. Ғибратты туындының тұсаукесері [Мәтін] / Зәкәрия Х. // Дидар. - 2004. - 27 сәуір.- Б.4