Известные имена

Седельников А.Н.

Седельников Александр Никитич

Седельников Александр Никитич (1876-1919) – өлке зерттеушісі.
Александр Никитич Седельников 1876 жылы 30 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Большенарым ауданында (қазіргі Үлкен Нарын ауданында) туған. Кейінірек отбасымен Ресейдің Орал, алдымен Пенза облысына, кейін Омбы қаласына қоныс аударған. Александар бастауыш мектепті, уездік училищені бітіріп, мұғалімдер семинариясына оқуға түседі. Оқуды аяқтаған соң Волчий кентіне мұғалім болып орналасады. Алайда көп ұзамай жұмыстан шығарылады. Ол жаратылыстанумен айналысып, өсімдіктер мен жануарлар әлемі мен далалық өлкенің тарихы туралы материалдар жинақтай бастайды. Ертіс бойымен жүріп өтіп, Омбы, Павлодар маңайына саяхат жасайды.
1896 жылы Седельников Юрьев университетінің еркін тыңдаушысы болу мүмкіндігіне ие болады. 1897 жылдың маусым және 1898 жылдың тамыз айларында ботаникалық бақтың тапсырысы бойынша өз Отанын – Оңтүстік-Батыс Алтайға тағы екі рет сапар жасады, онда ол Нарым алқабы мен ішінара Нарым жотасының өсімдіктерін зерттеді. Ол Бұқтырма өлкесінде жасаған бақылаулары мен жинаған мәліметтерін "Алтайдағы Нарым алқабының геоботаникалық сипаттамасы" атты еңбегінде қорытындылап, оған өсімдіктер тізімін қоса берді.
Ботаникалық жиындардан басқа, Седельников Оңтүстік-Батыс Алтайға сапары кезінде өлке туралы материалдар жинап, нәтижесінде оның 1909 жылы "Жаратылыстану және география" журналында жарияланған "Алтайдағы марал шаруашылығы туралы"екінші мақаласы пайда болды. Университет бітіргеннен кейін Седельников Петербург ботаникалық бағында жұмыс істеп жүрген кезінде гербарий өңдеумен айналысады. Осы жылдары ол «Қырғыздар өлкесі» атты еңбектің сегізінші томын даярлап жарыққа шығаруға қатысты. 1900 жылдың күзінде Александр Никитич Омбыға оралып, үш жылдан кейін Зайсан көлі мен Мұзтау тауларын зерттеуге шығады. Экспедиция кезінде ғалым зоологиялық, ботаникалық, петрографикалық, геологиялық және т. б. коллекцияларды жинады. Жиналған материалдар 1905 және 1906 жылдары болған жаңа экспедицияларға негіз болды. Кейіннен 1908, 1910 жылдары Седельников Зайсан көлінде қосымша зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Көп кешікпей Зайсан қазан шұңқыры, көлдің пайда болу, аталу тарихы, көлемі, морфологиясы, климаты туралы «Зайсан көлі» атты көлемді ғылыми еңбек дүниеге келді. Ғалым сонымен қатар көлдің әр жеріндегі, түрлі тереңдіктегі температуралық кестесін, судың тазалығы мен түсін зерттейді. Басылымда Зайсан көлі жағалауындағы, Зайсан қазаншұңқырындағы өсімдіктер мен жануарлар әлеміне, Зайсан өңірінің тұрғындарына, олардың шаруашылығы мен тұрмысына басты мән беріліп, сондай-ақ 1717-1910 жылдар аралығында түрлі зерттеулер үшін экспедициялар жасалып, саяхатшылардың барғаны туралы берілген анықтамалар аса құнды.
«Зайсан көлі» кітабының ғылыми құндылығын Орыс географиялық қоғамының Кеңесі жоғары бағалап, оның авторын 1912 жылы алтын медальмен марапаттады.
Зайсан көлінен кейін А. Н. Седельников Марқакөл көлін зерттеуге кіріседі. Экспедицияның басқа да мүшелерімен көлдің тереңдігін, температурасын, тазалығын, судың қозғалысы мен түсін зерттеп, гербарий, зоологиялық, минералогиялық коллекциялар жинайды.
1914 жылы А. Н. Седельников Орталық Алтайдың оңтүстік-батыс аумағында жатқан Маралды, Черновое, Язовое, Арасан, Көксу, Перевальное, Дөңгелек, Мараленок, Сібе сияқты бір топ көлдерді зерттейді.
1917-1918 жылдары ғалым Шығыс Қазақстанға тағы екі рет барып қайтады. Ол Бөкен өзенінің құмды жағалауын, Өскемен мен Бұқтырма аралығындағы Ертіс өзенінің алқабында гидрографиялық, ботаникалық, зоологиялық, геологиялық және басқа да материалдарды бақылап, жинап зерттейді.
Александр Никитич – Орыс географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімшесінің белсенді мүшелерінің бірі болды: Сібір мен Қазақстанның географиясы, ботаникасы, зоологиясы, геологиясы, археологиясы этнографиясы туралы ондаған ғылыми еңбектерін басып шығарып, ғылыми айналымға енгізді. Омбы мұражайында жинақталған материалдарды ретке келтіріп, Омбы, Семей, Өскемен қалаларында оңтүстік–батыс Алтайдың жануарлар мен өсімдіктер әлемі туралы лекциялар оқыған.
Ғылыми жұмыспен қатар А. Н. Седельников мектеп өміріне де белсене араласқан. Ол уездік қалалық училищеде, кейіннен Омбы мұғалімдер семинариясында жаратылыстану мен физика пәндерінен сабақ берген.
1916 жылы Батыс-Сібір оқу аймағы мектептері үшін Ресейдегі тұңғыш отантану оқулығын басып шығарған. Одан кейін Александр Никитич Семей облысы, оның ішінде Семей, Зайсан, Көкпекті, Өскемен, Павлодар уездері туралы жазылған тағы бір оқулық дайындаған. Томск, Тобыл губерниялары туралы оқулық баспаға дайындалып жатқан кезде, 1919 жылы А. Н. Седельников сүзектен қайтыс болды.
1967 жылы Омбы қаласындағы № 5 кәсіптік-техникалық училищесі кезінде мұғалімдер семинариясы орналасқан ғимаратқа салтанатты жағдайда жерлесімізге арналған мемориалдық тақта орнатылды. «Бұл жерде Омбы мұғалімдер семинариясында 1907жылдан 1919 жылға дейін танымал географ, педагог-демократ Александр Никитич Седельников қызмет еткен» деген ақ мәрмәр таста алтынмен жазу жазылған.

 

                                             А. Н. Селедников туралы әдебиеттер
                                                Литература о А. Н. Седельникове
Герасимов, Б. Двадцатипятилетие Семипалатинского Отдела Государственного Русского Географического Общества. 1902-1927 годы / Б. Герасимов. - Кызыл-Орда : Издание Общества Изучения Казахстана, 1927. - 20 с.
Черных, С. С берегов Иртыша / С. Черных. - Алма-Ата : Казахстан, 1981. - 288 с.

 

                                                                       ***
Калижанов, Ерназ. Географ и ботаник, зоолог и краевед / Е. Калижанов // 7 дней. - 2016. - 17 марта. - С. 7
Горбунов А.П. А. Н. Седельников - выдающийся исследователь природы / А. П. Горбунов // География в школах и вузах Казахстана. - 2013. - №1. - С. 51-53
Ибраева Г. Н. Краеведческая работа Б. Г. Герасимова в Восточном Казахстане / Г. Н. Ибраева // Отан тарихы. - 2009. - № 1. - С. 49-54.
Деев В. Литературный Усть-Каменогорск : очерки истории развития региональной литературы / В. Деев // Вестник культуры. - 2007. - №2. - С. 26-28
Лухтанов А. Гавань путешественника / А. Лухтанов // Семь дней. - 2003. - 9 мая. - С. 8
Щербаков Б. Земля очарования : [О первых исследователях Восточного Казахстана] / Б. Щербаков // Деловой Усть-Каменогорск http://www.aaa.kz. - 2002. - №1. - С. 32-33
Черных С. Вершина исследователя : [Об исследователе Алтая А. Седельникове] / С. Черных // Семь дней. - 2000. - 7 июля, 28 июля, 4 авг. - С. 6
Черных, С. Е. Исследователь Алтая: (К 100-летию со дня рождения А. Н. Седельникова) / С. Е. Черных // Рудн. Алтай. -1976. - 2 сент.
Черных С. Тропами Рудного Алтая / С. Черных // Рудный Алтай. - 1973. - 24 мая.