Семенов-Тян-Шанский (1827-1914) – ғалым-саяхатшы, Ресей географы, статист, қоғам және мемлекет қайраткері.
Семенов-Тян-Шанский (1906 жылға дейін Семенов) Петр Петрович 1827 жылы Ресейдің қазіргі Липецк облысы Чаплыгин ауданы Урусово селосы маңында туған. Ресей географы, статист, қоғам және мемлекет қайраткері, Санкт-Петербург ғылым академиясының Құрметті мүшесі (1873). Орыс География қоғамының вице-төрағасы (1873 — 1914).
1848 жылы Санкт –Петербург университетінің жаратылыстану бөлімін бітірген. 1851 жылы Дон бойының флорасын зерттеп, магистрлік диссертация қорғады. 1853 — 55 ж. Германия, Швейцария, Италия, Францияның географиясын, геологиясы мен экономикасын зерттеді. С. 1856 — 1857 ж. Тянь- Шаньға саяхат жасап, бұл орасан зор тау жүйесінің жанартаудан пайда болғанын дәлелдеп, оның орографиясын және биіктік белдемдігін анықтады, ірі мұздықтарды ашты. Сырдарияның бастауын бастауын зерттеп, Шу өзеннің Ыстықкөлден ағып шықпайтынын дәлелдеді. 50 тау шыңының биіктігін өлшеп, 23 асуды зерттеді, 1500-ге тарта тау жыныстарының коллекциялары мен өсімдік гербарийлерін жинады. Ол XIX ғасырдың орта кезінде дүние жүзі география ғылымына әлі нақты белгісіз Тянь-Шань тау жотасын ашты
Семенов Тян-Шанский география ғылымына Іле Алатауы, Жоңғар (Жетісу) Алатауы, Іле жазығы деген атаулар енгізді. Семенов Тян-Шанскийдің көмегімен Орыс География қоғамының әйгілі Орта Азиялық экспедициялары (Ш.Уәлиханов, Н.М. Пржевальский, М.Б. Певцов, Г.Н. Потанин, т.б. қатысқан) ұйымдастырылды. Семенов Тян-Шанский шет елдік және ресейлік 53 ғыл. мекеменің Құрметті мүшесі, 20 ғыл. қоғамның мүшесі болып сайланды. Семенов Тян-Шанский саяхаты кезінде қазақтардың тұрмыс-салтымен терең танысты. Уәлихановты Орыс География қоғамының мүшелігіне ұсынды. Шоқан мезгілсіз қайтыс болған соң ғалымның еңбектерін жинақтап, жариялауға атсалысты. Семенов Тян-Шанский есімімен ондаған тау шыңдары мен мұздықтар, 30-ға тарта өсімдік, көптеген жануарлар туыстары мен түрлері аталады.
Орталық Тянь-Шаньға өрлеген алғашқы еуропалық ғалым-зерттеуші Петр Петрович Семенов болатын.1856 ж. бастап ол осы ауданға бірқатар күрделі сапарлар ұйымдастырды және өзінің ғылыми ерлігі үшін Тян-Шандық деп аталу құқығын иеленді. 1853 ж. өзінде Семенов құпиясы мол Тянь-Шаньға өрлеуді мақсат тұтты.Ресей сыртқы істер Министрлігі азиялық елдерді «географиялық ғылымның жаулап алуынан» қызғанышпен қорыды, бірақ бәрібір ғалымға Алтай мен Қырғыз даласында болудың сәті түсті. 1856 ж. Семейден Семенов Балқаш көліне дейін жетті.Ол өзінің «кебір ұшы» Алакөлмен бірге ортаазиялық қыраттарды біртектес қырғыз даласынан бөліп жатқан Балқаштың оңтүстік-шығысында ол оңтүстік-батысқа қарай созылып жатқан, «көз қарықтырардай... мәңгілік қар құрсауындағы» асқар таулардың тізбегін көріп, оны Жоңғар Алатауы деп атады. Осы шоқылардан әрі қарай «төмен және ыстық» Іле өзенінің алқабы басталды. Оны жүріп өтіп, ғалым Верный (қазір бұл Алматы қаласы) қаласына тоқтады. Осы жылы зерттеуші Ыстықкөл жағасына ат шалдырды: «Оңтүстіктен көз ұшына дейін ... Ыстықкөлдің көк суы... қар алып қар тізбегімен құрсанған», - деп сипаттайды өз әсерін Семенов. Бұл оның «қиялындағы Тянь-Шань» - теріскей Алатауының шоқысы болатын (Батыс Тянь-Шаньдағы таулы шоқы). Теріскей Алатауының асуынан ол ертегідей табиғат көрінісіне сүйсіне көз тастады. Оның алдында «көрініп тұрған ең ұлы асқақ таулы қыраттар мұнартты. Ол жоғары-төмен жайылған қармен жабылған. Дәл ортасында дара, жылдам өзінің алып ұзындығымен бас айналдыратын аппақ өткір шыңды пирамида көзге шалынады» - ұзақ уақыт бойы Тянь-Шаньның ең жоғарғы нүктесі (6995) болып есептелген Хан Тәңірі осы болатын. Сарыжаз өзенінің алабына түскен ол өзеннің бастауына дейін жетті, алдынан қарсы алған мұздықтарды тамашалаған соң, Верныйға қайтып оралды. Атақты саяхатшы 1914 жылы Санкт-Петербург қаласында қайтыс болды.
Дереккөз:
Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы [Мәтін]. Т. 6 : Мақалалар. Зерттеулер. Пікір хаттар. - Алматы : Ел-шежіре, 2008. - 319 б (Введено оглавление)
Баяндин Н. Географиялық ашулар [Мәтін] / Н. Баяндин. - Алматы : Мектеп, 1970. - 143 б.
Бөкейхан Ә. Таңдамалы [Мәтін]. 2- ші кітап, 2003. - 224 б.
Уәлиханов Ш. Көп томдық шығармалар жинағы [Мәтін]. Т. 1. - Алматы : Толағай, 2010. - 376 б. (Введено оглавление)
Баяндин Н. Географиялық ашулар [Мәтін] : Мектеп балаларына арн. / Баяндин Н. - Алматы : Мектеп, 1989. - 136 б.