Известные имена

Самултурова Д. Т.

dinara1Самултурова Динара Тоқтамұратовна (1967) – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы. 

24 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы, Черняевка ауылында дүниеге келген. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде ол Семейдегі Крупская атындағы Педагогикалық институттың тарих факультетінің бірінші курс студенті болған. Динара тарих пәнінің мұғалімінің жолын таңдап, болашаққа үлкен үміт артты. Бірақ өзінің азаматтық ұстанымына байланысты ол өз халқына жасалған әділетсіздікке шыдай алмай, биліктің қатыгез саясатына қарсы тұрды.

1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына сырттан әкелінген Г. Колбиннің тағайындалғаны қазақ жастарының намысына тиді. Д.А. Қонаевтың Бірінші хатшы қызметінен босатылуы - бүкіл қазақты дүр сілкіндіріп, ұйқысынан оятқандай әсер етті. Ертеңінде мыңдаған жастар бейбіт шеруге шықты. Динараның да бойындағы намыс оты найзағайдай жарқылдап, бұл оқиғаға селқос қарай алмай, студенттерді ұйымдастырып, плакатқа ұрандар жазып, жатақхананың дәлізіне іліп қояды.

Сол сәтте ҰҚК бөлімшесінің қызметкерлері плакатқа жазылған ұранды кім ұйымдастырды, бұл кімнің ісі деген сауалға жауап іздеп, Динарамен бірге құрбыларын да абақтыға әкеліп тергеуге алады. Абақтыда бір күн бойы тергеп, сұрақтардың астына алып, Динара Самултуроваға шеруді ұйымдастыруға қатысы бар деген айып тағып, төртеуінде білім алуларына мүмкіндік бермей институттан шығарып жібереді. Динараның жастық жалынды шағындағы арманы су сепкендей басылып, көңіліне кірбің түсті. Сол күнгі қабылданған шешім ол үшін ең қатыгез ұйғарым еді.

Сонымен қатар, институтта комсомол комитеті мен кафедра жиналысына салып, комсомол қатарынан шығарып, ұлтшыл, халық жауы, партияға қарсы шықты, ұстаз болуға лайық емес деген айыптар тағылады. Комиссия бірауыздан олардың іс-әрекеттеріне теріс баға беріп, ауылдарына қайтарып жібереді. Сөйтіп екі жыл көлемінде Динара Тоқтамұратқызы Марқакөл ауданында құрылыста жұмыс істейді. 1988 жылы бала күнгі арманын жүзеге асыруды мақсат еткен қайсар, батыл, ержүрек Динара Самултурова Алматы қаласындағы педагогикалық институтына тарих факультетіне оқуға түсіп, 1992 жылы оқуын тәмәмдағаннан кейін алғашқы еңбек жолын өзінің туған жерінен бастайды. Кейін еңбек жолын Марқакөл, Ұлан аудандарында жалғастырады. Қазіргі таңда Өскемен қаласында жұмыс істейді.

Ұстаз бен отбасының берекесін ұштастыра білген Динара Тоқтамұратқызы тек ұстаз ғана емес, сонымен қатар бір шаңырақтың ұйытқысы, адал жар, аяулы ана, асыл әже атанып отыр.

Желтоқсан оқиғасы тарихтың қатпарына еніп, өрендей қазақ жастарының ер рухы болып қалды. Құрдастарын ұлт мүддесін қорғауға шақырып, парақшалар таратып, ұран тастап, алаңға шығуына себепкер болған, соның салдарынан қудаланып, оқудан шығарылып, түрмеге қамалып, тағдырдың тәлкегіне ұшыраса да, қазақ халқының намысын таптатпау үшін батыл қадамға барған осындай аға-әпкелеріміздің арқасында Тәуелсіздікке қол жеткіздік.

- «Менде Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қаһарманмын» - деп кеудемді қағудан аулақпын. Себебі, Тәуелсіздігіміздің, тіпті бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы барлық республикалардың тәуелсіздігінің бәйшешегі болған бұл ұлы дүрмектен кеуделерінде намыс оты ойнаған сол кездегі қазақтың ұл-қыздарының ешқайсысы да қалыс қалған жоқ. Тек, олардың көпшілігі абақтыға түсіп, азап көрмегендіктен осы азат күнге жеткізген Аллаға тәубаларын айтып, қарапайымдардың қатарында жүр. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың асыл мұраты – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау біздің басты мұратымыз. Тәуелсіздікке қол жеткізуден гөрі, оны сақтап тұру бағасы қымбат. Сондықтан біздер кешегі тәуелсіздік жолында жанын қиған ардақтыларымыздың асыл армандарын ақиқатқа айналдырып қана қоймай, баянды етуге тиіспіз. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болып, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай», - деді Динара Самултурова.