Известные имена

Ақтанов Е. С.

erbolАқтанов Ербол Саркенұлы (1962 - 2021) –  1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы.

1962 жылы 1 маусымда дүниеге келген. Зайсан қаласында тұрған. 

"... Күнделікті жаңалықтарды біліп отырамыз. 17-18 желтоқсанда сол кездегі республика астанасында жастар шеруге шыққанын естідік. Студент қауымы осы сәттерден бастап ерекше қадағалануға алынды. Бірақ амалын тауып, сытылып шығып, облыстық партия комитеті орналасқан ғимараттың алдындағы топқа қосылған едік. Содан бастап, ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің қырына алындық.

Ушанов атындағы алаңға келгенде бәрімізге жаппай қысым көрсетілді. Менің оң көзіме сол кезде милициялар ұрғанда пистолеттің қыры тиген. Қазір нашар көреді, мынау содан қалған белгі, бетімді қан жуып кеткеніне қарамастан түрмеге әкеп тоғытқан. Мен дәрігер шақыруды талап еткенде кезекшілер отыратын орынға жеткізген. Сол жерден амалын тауып тысқа шығып, қашып кеттім, пәтеріме келіп жуынып, шайындым. Жаңадан отбасын құрғанмын, тұңғышым алты айлық, жөргекте жатқан. Алайда түн ортасында «ректор іздеп, шақырып жатыр» деген желеумен мені артымнан келіп алып кетті. Көптеген студенттерге «Ербол бастап апарды» деген түсінік жазғызып, маған жала жабудың сан түрлі амалдары ойластырылыпты".

Үшінші курстың студенті, сол сағаттардан бастап тергеуге алынған. Оған алғашында «ұлтшыл» деген айып тағылған. Кейіннен «бұзақылық жасады» деп кінәланған. Айналасы алты күннің ішінде оған арналып ашылған қылмыстық іс сотқа жолданған. Сөйтіп бір жарым жылға сотталған.

"Сол бір жарым жылдың ішінде мені допша лақтырды. Ресейден бастап, Қазақстанның түрмелерін айналып шыққандай болдым. Берілген уақытты өтеп, отбасыма оралдым. Мен сотталып кеткенде «Айнабұлақ» шаруашылығында еңбек еткен ата-анамды жиналысқа шақырып, әбігерге салғанда сол кездегі аудандық партия комитетінің нұсқаушысы жиынға қатысудан бас тартып, азаматтық көрсеткен екен.

Мені желтоқсан оқиғасына қатысушы ретінде өмірімде екі рет арнайы қабылдауға шақырып, құрметтеген қазіргі аудан әкімі Серік Зинабекұлы Зайнулдинге айтар алғысым зор. Сол кісіден басқа ешкім елеп-ескерген жоқ. Өзім жоғары білімді маманмын, бірақ сотты болғаным үшін маған жұмыс та берілмеді, қазір қатардағы жұмысшымын. Күні бүгінге дейін сотты болғаным үшін ақтала алмай жүрмін. Ол құжат компьютерде әлі сақталғандықтан, баламның қызметке қабылданбағаны мен үшін ауыр соққы", - дейді Ербол Сәркенұлы.

Ербол Ақтанов жиырма жылдан кейін, дәлірек айтқанда 2006 жылы «Қуғын сүргін құрбаны» қатарына енгізілді. Бірақ 1991 жылы қылмыстық ісі тоқтатылғанмен, әлі күнге дейін ақталмағаны көңіліндегі кірбіңнің бірі. Оны дәлелдейтін анықтамасы қолында.

Ербол бүгінде ер жасы елуді алқымдаған немерелерінің сүйікті атасы, балаларының асқар тауы, ақылшысы. Өнегелі отбасының тірегі.

(Е. С. Ақтановтың естеліктерінен)

Ербол Саркенұлы 2021 жылы қарашада дүниеден өткен.