Известные имена

Есіркенова Г. Ғ.

gulgan

Есіркенова (Каримгазина) Гүлжан Ғазизқызы (1969) – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы.

1969 жылы 25 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Құйған ауылында дүниеге келген. 1984 жылы Құйған орта мектебін бітіріп, Өскемен кооперативтік техникумына оқуға түседі. 1986 жылы желтоқсанда үшінші курс студенті болған. Гүлжан Алматыдағы митингілер туралы естігенде 17 жаста еді. Қалалық техникумның белсенді студенті болған ол шетте қалмады. Гүлжан Есіркенованың естелігінен: «Осы уақытта біз басқа топтағы Динара Бұзубаевамен танысып, не істей алатынымызды ойландық. Ол Алматының ереуілшіл жастарын қолдау үшін үндеу жазу керек екенін айтты.... Сабақ барысында, түнде жатақханада біз бұл парақшаларды жаздық, оларды тараттық (компьютерлер жоқ). Сондай-ақ, біз қаланың студент жастарды алаңға шығуға шақырдық. Парақшаларда митинг күні көрсетілді. Оларды бүкіл қала бойынша іліп шығу міндеті тұрды. Бір күні ағам оқыған құрылыс техникумында болғанымда ҰҚК қызметкерлері келді (ҰҚК қызметкерлері бұл туралы білді), барлығын жинап, парақшалар жасаумен кім айналысатынын және біздің әрекеттерімізді кім басқаратынын сұрады. Біз үндемедік. Біздің сыныптасымыз сабақ барысында парақшаларды қалай жазғанымызды көргенін айтып берген екен. Тергеу жүргізілді. Тергеушілер өзгерді, біреуі мойындауды сұрады, екіншісі қорқытты, ал үшіншісі маған жазбаша мойындауды талап етті. Олар бізден парақшаларды кім бергенін және бәрін кім ұйымдастырғанын сұрады. Мен бәрін жоққа шығардым. Бізді түн ортасында жіберді. Митинг күні мені қайтадан алып кетті. Маған және құрбыларыма кешке сыртқа шықпауды ескертті. Біз бәрібір бардық... 23 желтоқсанда комсомол ұйымының жиналысы өтті, мені және тағы бірнеше қыздарды комсомолдан шығарып, енді техникумнан да шығаратындарын айтты. Мен үшін техникумнан шығып қалу өте ұят еді. Оның үстіне соңғы курс, дипломға да аз қалған болатын. Ата-анама қай бетіммен қараймын, үйге қалай қайтамын деп уайымдадым. Білмеймін, шарасыздықтан ба, ашудан ба бізді сатып жіберген қызға «Бізді ҰҚК не ұстап бергеннен не таптың?» деп бас салдым. Содан соң тұтқындалдым, алдын ала қамауда ұстау камерасына қамалдым. Тағы да тергеулер, камера, қамау, сот. Ақыры мені 173 баптың 2 тармағы бойынша соттады. Маған қолданған бап: «Халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдарға немесе ұйымдарға шабуыл жасау». Менің кəмелеттік жасқа толмағаным үшін 65-бапты қолданбады. 1 жылға бас бостандығымнан айырды. Мені ұстап алып, тергеп, қорқыту, үркіту болғанда да алған бетімнен қайтпадым. Өйткені мені ата-анам əділетсіздікке жол бермеуге, елімді, жерімді сүюге тəрбиелеген. Сонымен, 1986 жылдың 23 желтоқсанынан бастап, 1987 жылдың 12 наурызына дейін мен Өскеменнің «Крепость» деген түрмесінде болдым. Мені осы «Крепостьқа» жапқанда, жіберілетін тағамдарға тыйым салынған болатын, мен тек түрменің ботқа-баландасын жеуіме тура келді. Бірақ, ұзынқұлақ әңгіме тез таралады ғой, содан еркектер отыратын камера жағында мен туралы естіген адамдар мені қолдап, «батыр қызымызға» деп арнайы адамдардан үнемі тәтті тағамдар жіберіп отырды, оның ішінде қант-кәмпит, печеньелер болатын. 18 жасқа толуыма 13 күн қалғанда мені Ресейдегі (Новый Оскол) қаласындағы кəмелеттік жасқа толмаған балалар колониясына жөнелтті. Екі апта күтпегендеріне қарағанда мені қатты қинағылары келді-ау.

Новый Осколға жеткенше 1 жарым айымды жолда вагонзак-столыпинда, Қазақстаннын, Ресейдің көп қалаларынын уақытша түрмелерінде өткіздім. Ата-анаммен байланыс жасай алмадым, хат жазуға тыйым салды. Бірақ мен сонда да жазып, жолда этаптан түсетін қыздардан жасырын беріп жіберетінмін. Бір таңқалдырғаны, кейін үйге қайтқанымда, анам хатымды көрсетті. Хатымды жүрегі жұмсақ бір кісі Воронеж вокзалынан тауып алып, оқыған екен. Оқып қойғаны үшін конвертке кешірім сұрап жазып, хатты адрес бойынша анама жіберіпті. Өмірде жақсы адамдар бар екен.

Жаңа (Новый) Осколға жеткенде, мені, сосын этапта қосылған Нарқыз атты өзбек қызы және алты орыс ұлтының қыздарын карантинге жатқызуды ұйғарды. Сондағы басқарушылар мен қызмет көрсетушілер өздерінің басқа ұлттардан үстем екенін көрсету үшін және шовинистік тұрғыда, біз мұсылман болғандықтан ба екен, сол Нарқыз екеуміздің шашымызды тақырлатып алып тастады, ал ана алты орыс қызға тиіспеді. Айта кететін жағдай, өзбек қызы Нарқыздың шашы көздің жауын аларлықтай жарқыраған, қалың, қарғаның түсіндей қап-қара еді. Сонда дәрменсіздіктен әрі күйіктен ішім оттай жанған еді. Нарқыздың жағдайы менен де нашар болды. Анадай шаштан айырылып, мазақ қылғандарына, әдейі қасақана істегендеріне шыдай алмай, өксіп жылап, көз жасын тыя алмағаны әлі де көз алдымда, сол кездерде моральдік-психологиялық жағдайда өте ауыр болып еді. Оның үстіне, этаппен бірге келген алты орыс қыздың «колонияға кірсең, өлтіреміз» деп қорқытып, үркіткен сөздері әлі есімде...

Сол жерде, жолда 18-ге толғанымды біліп, қайтадан Қазақ ССР-ына этаппен қайтуға дайындал деді. Тағы да вагонзак-столыпиндар, жол, Ресейдің түрмелерін көріп мен Қазақстанға қайттым.

Шамамен, 1987 жылдың маусым айында, Алматы облысындағы (Жауғашты) əйелдер колониясының 5-ші отрядына түстім. Отряд басшысы мен үлкен əйелдер ақылдасып, менің мерзімім де, жасым да кішкентай болғандықтан, жұмыс істетпейміз деп шешіп, техникалық бақылау бөліміндегі əйелдің жанына жіберді. Ол əйелдер тігін фабрикасынан техникалық бақылау бөліміне бұйымдар таситын. Сырттан келген басқа адамдар олардан дайын бұйымдарды қабылдап алып, сапасын тексеретін.

Айта кететінім, осы отрядта Алматыда Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қыздар да болды. Оның бірі – Гүлнар Әбілқайырова, 3 жылға бас бостандығынан айырылған, екеуіміз бірден сырласып, жақын болып, достастық, түрменің қара нанын бірге бөлісіп жедік.

Шілде айының соңында колония басшылығы амнистия болатынын жариялады. Амнистияны ненің құрметіне жасағандарын ұмытып қалдым, бірақ менің бабым амнистияға жататынын жəне комиссияға дайындалуым керектігін ескертті. Есімде, мені амнистия комиссиясы отырған кабинетке кіргізді, хатшы менің сотталған бабымды, парақша таратқанымды, қоғамға жат, ұлттық əрекеттерге қатысқанымды оқып берді. Отырғандар жым-жырт болды. Сол сəтте олардың жүздеріне қарап шықтым, бəрі қазақ екен. Хатшы менде ешқандай тəртіп бұзушылық болмағанын айтты. Комиссия мүшелері бірден «Біз келісеміз!» деді. Бірақ комиссия төрағасы, прокурор орнынан тұрып айқайға басты: «Сен ұлтшылсың! Біз қазір сені босатып жіберсек, бостандыққа шығып, ерлік жасағандай мақтанасың, қазақ үшін күрестім, сендер үшін азап көрдім деп кеудеңді соғасың. Сендейлерді өмір бойына бас бостандығынан айыру керек!», - деді.

Мен сол жерде жылап алдым жəне шешімнің қандай болғанын аңғармастан кабинеттен шықтым. Соңынан мені амнистиялады. Кейде сол прокурорды есіме аламын, қазір қайда екен, кім екен, желтоқсанға қалай қарайды екен?

1987 жылдың 6 тамызында анам келіп, Құйғандағы үйге алып қайтты. Үйге келіп, ата-анамның қандай қиындықтарға тап болғанын білдім. Мен қамауға алынған соң ата-анам да біраз қиындықты бастан өткізіпті. Менің ата-анама және менің бетіме қара күйе жаққан кеңес өкіметтің екі жүзділігі өмірімді тас-талқанын шығарып, быт-шыт етті. Əкемнің жұмысында жиналыс жасап, барлық ұжым оны талқылапты. Ұлтшыл қыз тəрбиеледі, егер партия қатарында болғанында, қызының қасына отыратын еді, депті. Анам мұғалім еді, оны кітапханашы қызметіне ауыстырыпты. Елдің қаңқу сөзіне қарамастан, мен бірден əкем жұмыс істейтін кəсіпорынға бухгалтер болып орналасып алдым.

1989 жылдың қысында біздің үйге Желтоқсан көтерілісін тергеу жөніндегі комиссияның өкілі келді, мен оған менің ісімді қайта қарау туралы арыз жазған болатынмын. 1990 жылдың қыркүйек айында аудандық ІІБ өкілі маған ақталу туралы қаулыны алып келіп, таныстырды. Осыдан кейін Өскемен қаласындағы кооперативтік техникумнан бірнеше рет қоңырау шалып, менің қайта оқуға қабылданғанымды жəне келіп, оқуды жалғастыруымды өтінді. Мен оқуымды аяқтап, диплом алдым.

Ерекше айтар жерім, анам туралы. Әр ана баласының қызығын көруге үміттенеді ғой, ал енді сіз ойлап көріңізші, сіздің қызыңыз сіздің үмітіңізді ақтамақ түгілі, сол кездегі тұжырым бойынша керісінше масқара қылды. Оқудан, комсомолдан шығарылғанын қоя тұра, түрмеге жабылды. Ойлаңызшы, бір сәт осыны, отбасының, ата-ананың күйін. Бүкіл ел менің отбасыма ала көзбен қарап, табалаумен болды, өз елімде «халық жауы» болдық, мен түрмеде, ата-анам ауылда, шіріген жүйенің, адамдардың бұрыс көзқарасының құрбаны болдық, әсіресе мұның бәрі анама ауыр тиді. Іштей өзімізді жедік, қанша жүйке құрыды, қызының қандай күйде екенін біле алмаған кімге жақсы?! Бір жағынан балаңа деген махаббат, екінші жағынан елдегі өсек-аяң...

Еш ұмытпаймын, маған берілген медальды анам жарықтық кеудесіне тағып алатын, мен көбірек лайықтымын деп қалжыңдайтын, азап пен қуғын-сүргінді сенен аз көргем жоқ деп..

Ата-анам өмірден ерте кетті, оған менің желтоқсанға қатысуымның əсері бар ма деп ойлаймын. Ағамның мен үшін жылағанын да ұмытпаймын. Өзі əлі студент болса да, ата-анамызға не айтамын, деп өзін кінəлап жылаған еді. Өмірімде сол кезде ер адамның көз жасын бір-ақ рет көрдім,.. Менің қиналғаным түкке тұрмайды, алайда ағамның көз жасы... Əлі күнге дейін ол оқиғаларды жыламай еске ала алмаймын, қазір де жылап жазып отырмын. Сол бір кезеңдерде сынып кетпей, рухымды биік ұстап қалған күш – болашаққа сенім дер едім. Адам алдағы күндерге, жаксылыққа сенгенде ғана мықты болады. Мен бостандыққа шығып, ата-анаммен кездесем, жақындарымның, достарымның ортасына ораламын деп сендім. Оқуымды аяқтап, елге қызмет ететін маман боламын деп мақсат қойдым.

Сол мақсатыма жеттім. Келген соң оқуымды жалғастырып, мамандық алдым. Ұнатқан жұмысымды жалғастырып келе жатырмын.

Арада өткен отыз төрт жылдан кейін артқа бұрылып, өзіме «желтоқсанға не үшін қатыстым?», «Неге әке-шешеме, ағама салмақ салдым?», «Егер бəрін артқа қайтарсам, қалай əрекет етер едім?» деген сұрақтар қоямын. Мен үшін бұл – отансүйгіштік, патриотизм, ұлтыма, еліме деген махаббат, өмірімді қайта бастасам да осы жолдан таймаған болар едім деп, жауап берер едім. Өйткені, мені ата-анам солай тəрбиеледі, сол үшін жасаған әрекетіме еш өкінбеймін. Тіпті өзімнің Тəуелсіздік жолына қосқан кішкентай үлесім үшін мақтанамын да.

Биыл Тəуелсіздігімізге 30 жыл, Желтоқсан көтерілісіне 35 жыл толмақ. Мен өтіп кеткен жылдарыма ой тастап, түрмеге қамалған кездерімді еске алғанда, түрменің барлық тауқыметін көрсем де, қайталап айтамын өткенге ешбір өкінбеймін. Өзімнің жасаған əрбір əрекетімді дұрыс деп санаймын.Сол желтоқсан құрбандары аңсаған азаттық пен тəуелсіздікті бүгін көрудеміз. Бұл - біздің ата-бабаларымыздың да ғасырлар бойы аңсаған арманы еді ғой. Бүгінгі Қазақстан - əлемге танылған мемлекет. Көк туымыз əлемнің төрінде желбіреп тұр. Өзінің басшысы, өркендеген халқы бар. Қазіргі ұрпақ ұлтжанды, салт-дəстүрге жанашыр, ана тіліне адал, еліне қорған болса екен деймін.

Желтоқсан - менің мақтанышым, мәртебем. Қазір мен елу жастан астым, отбасыммен Алматы қаласында тұрамын, ел қатарлы тіршілік етіп жатырмыз. Жеке компанияда бас бухгалтер болып жұмыс істеймін. 18 жасымнан бастап 34 жыл бойы жұмыс жасап келем. Мен үшін - отағасым Есіркенов Айзат Серікұлы мен балаларымның Аян, Абзал, Айғаным және туыстарымның амандығы маңызды.

2002 жылдың 4-ші сәуірінде еңбектегі жетістіктерім үшін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады.

Тағы да «Тəуелсіздік күні» жақындап келеді, тағы да телефон қоңыраулары жиілейтін болды. Журналистер, туыстар, таныстар сол күндер туралы сұрайды, мерекемен құттықтайды. Ал менің көзіме жас келіп, тамағыма өксік тығылады. Желтоқсан оқиғасы əлі ұзақ уақыт менің жүрегімді ауыртып, есімнен кетпейтін қиянат пен қасірет болып қала берері сөзсіз.

Бұрын, ұлым кішкентай кезінде менің неге осы мейрам сайын жылайтынымды түсінбейтін. Жұбатып, жыламауымды өтінетін. Мейрам емес пе, бəрі қуанышты, бір-бірін құттықтап, сыйлық сыйлап жатыр, неге жылайсыз деп, жасымды сүртетін. Үлкейген соң менің қайғымды түсініп, қолдау көрсететін болды. Қазір «Анашым, мен сізді жақсы көремін жəне сізбен мақтанамын, сіз маған патриотизм мен Отанға деген махаббаттың үлгісін көрсеттіңіз», - деп жұбатады. Сондағы маған балалық махаббатымен жазған бірер өлең шумақтары:

Желтоқсан ызғары жаныңды жонып жұқартқан,

Әділетсіз билік аяусыз сені жылатқан.

Сөз сүйектен, таяқ еттен өткенде,

Тәуелсіздік таңы басыңнан сипап жұбатқан.

Жігер мен намыс көремін сенің тұлғаңнан,

Отанға берген махаббат нәрлі шуақтан,

Желтоқсан желіне тонсаң да сонда қаншама,

Ұрпақты жылытып келесің мейір құшақта, - деген.

Желтоқсан - менің өшпес дертім болса да, отбасым, балаларым - менің жан дауам.

Сөз соңында

Менің арманым:Желтоқсан көтерілісі өзінің ұлттық статусын алса.

Менің, мен сияқты қазақ қыздарының, сол күндерді бастан кешкен өмірін, саяси қуғын-сүргін көргендерін негізге алып, кітаптар жазылса, фильмдер түсірілсе. Бұл көтеріліс міндетті түрде тарих бетінде қалса, еліміздің Тәуелсіздігі мәңгілік болса екен.

Мен, 25.09.1969 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Құйған ауылында дүниеге келіп, 1976-шы жылы Құйған орта мектебінің табалдырығын аттап, 1984-ші жылы бітірдім. Бұдан кейінгі өмірімді жоғарыда жыр ғып айттым.

2019 жылдың 16 желтоқсанында мен Зайсанға курстастарым, иықтастарым, желтоқсан қаһармандары - Қалибаева Бақыт, Әлімбаева Амангүл, Бұзубаева Динарамен қауышып, біздер өткенді еске алып сыр шертістік».

(Есіркенова (Каримгазина) Гүлжан Ғазизқызының естелігінен)