Известные имена

Кегенбаев Б. Ж.

bakyt

Кегенбаев Бақытжан Жопашұлы (1968) – 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушы.

Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Шолақорда ауылында дүниеге келген. 1983 жылы Майлин атындағы мектепті бітіргеннен кейін, Өскемен қаласындағы педагогикалық училищенің «Сызу және еңбек» мұғалімдерін даярлайтын бөліміне оқуға түскен.

«...1986 жылғы желтоқсан оқиғасы басталғанда мен 4-курста оқитын едім. Сол бір күні әдеттегідей педагогикалық институттың спортзалында өтетін гимнастика секциясында жүріп, сондағы жігіттерден: «Қазақ жастарының «Юбилейный» кинотеатры жанында жиналып, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А. Қонаевтың орнына Г. Колбиннің тағайындалуына байланысты жастардың наразылық шеруіне» баратынын естідім. Жаттығудан келе салып, жатақханада бірге тұратын жігіттермен бірге кинотеатр маңына бардық. Бір-бірінен естіген қазақ жастары топ-топ болып келе бастады. Жиналған жастардың ойында өзіміздің талап-тілектерімізді басшылыққа жеткіземіз деген ниет қана болатын. Біртіндеп алаң жастарға толып кетті. Жиналған топ, бейбіт шерумен Ушанов алаңына жеткен кезде, алды-артымызды қарулы милиция жасақтары мен орыс ұлтты жұмысшылардан құралған ерікті халық жасақтары (ДНД) қоршап алды. Біздің қояр талап-тілектерімізге құлақ асар ешкім болмады. Қарулы жасақ жан-жағымыздан келіп, біздерді ұстай бастады. Топты бастап келе жатқан СДИ, пединституттың студенттері және біздерден жасы үлкен ағаларымыз еді. Кенеттен, олардың бірі: «Қашпаңдар, бәрімізді бірдей қамай алмайды»,- деп айқайлады. Осы сөзді естіп, тұрып қалған бізді милиция жасақтары шетімізден ұстап әкете бастады. Кенет, мені де екі дружинник келіп, екі қолтығымнан ұстап апарып, уазикке қамады. Ұсталмағандар қашып үлгерді. Сол күйі бізді Стахановкадағы тірек пунктіне әкеліп, карцерге қамады.

3-4 адамдық карцерде 10-12 адамнан отырдық. Отырдық деген жай сөз, ол жерде отыру мүмкін емес еді. Тік тұрған қалпымызда бізді 2-3 күн бойы қамауда ұстады. Кезек-кезек апарып, сұрақ-жауаптың астына алды. Тар бөлмеде ас-сусыз, ұйқысыз өткізген 2-3 күн біз үшін ғасырға бергісіз күндер болды... Қателеспесем, желтоқсан айының 26-сынан 27-сіне қараған түн болатын. Түнгі сағат 2-3 шамасында бәрімізді босатып қоя берді. Біз бірден жатақханаға келдік, ондағы жігіттер бізді терезеден тартып шығарып алған еді.

Ертеңінде сабаққа барсақ, үлкен плакатқа жазылған: «Бұзақы қылықтары үшін оқудан шығарылады» деген бұйрықтағы тізімнің ішінен өз аты-жөнімнің де жазылғанын көрдім. Сөйтіп, барлығымыздың ата-аналарымызды ауылдан шақыртты. Барлығымызды комсомол қатарынан шығарды, жолдастық сотқа қайта-қайта сүйреді, нәтижесінде «қылмыскер» ретінде қаулы жасалып, оқудан шығарылдым. Сәбира Мұхаметжанованың терезеден секіріп, өз өмірін қиғаны да осы күндер еді. Содан ауылға қайттым. Ауылда да оңай болмады. КНБ қызметкерлері күнделікті келіп тексеріп тұрды. Бәрінен ата-анама, әсіресе анама ауыр соққы болды. Ол кезде анам мектепте мұғалім болатын. Менің қылығым үшін ұжымында жиналысқа түсіп, сөгіс алған еді. Мұнымен де қоймай, анамды партия, кәсіподақ жиналыстарына салып, бір ай сүйреді...

1990 жылы отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым. Әскери теңіз күштері қатарында болып келген жылы желтоқсан айында Өскемен педагогикалық училищесіне қайта қабылданып, оқуымды тәмамдап шықтым. 1991-ші жылдан бастап өз мамандығым бойынша жұмысқа қабылданып, еңбек жолымды бастадым. Қазір Өскемен қаласындағы №15 орта мектепте «Алғашқы әскери дайындық және технологиялық дайындық» пәнінен сабақ беремін. Міне, менің желтоқсан оқиғасында басымнан өткізген оқиғаларым осындай».

(Кегенбаев Бақытжан Жопашұлы естелігінен)