Қабдешев Қалиқұмар – фотожурналист
Қалиқұмар Қабдешев – Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл өңірінің, Шығанши (қазіргі Қазақстан) ауылынде дүниеге келген. Әкесі Сталинград түбінде опат болған. Анасы сауыншы болған.
1957 жылы Жаңауыл орта мектебін бітіреді. Мектепте оқып жүрген кезінде сурет салумен шұғылданып, Шишкин, Айвазовскийдің картиналарын көшіріп салуды ұнатқан.
1962 жылы Алматыдағы зооветеринарлық институтқа оқуға түседі. Екінші курста оқып жүрген кезінде Абай даңғылында Ш. Айманов түсіріп жатқан киноның үстінен шығып, кездейсоқ массовкаға кіріп кетеді. Осы кездейсоқтық жерлесіміздің өміріне үлкен өзгеріс енгізген еді. Көп ұзамай «Қазақфильмге» «внештатный актер» болып бекітіледі. Фотосуретпен шұғылдана бастайды.
Әскери борышын Өзбекстанның Наманган қаласында өтейді. Әскери өмірі өте қызықты өтеді. Қазақстанның топографиялық картасын жасау үшін, Қазақстанды аралап, өзен-көлдерді, тау- тасты суретке түсіреді. Туған өлкесі Шығыстың табиғатын түгелдей аралап, тәнті болады. Үш жыл бойы әскер қатарында жүргенде түсірген суреттері одақтық «Красная звезда» газетіне үзбей жарияланып тұрған. Әскер қатарынан босағанда «фототілші» деген құжат алып қайтады.
Досы Марат Тұраровтың кеңесімен «заветті» тастап, фотостудияға жұмысқа шығу үшін комиссиялық іріктеуден өтеді. Жұмысқа шақырту алған соң ел жаққа барып келу үшін Марқакөлге аттанады. Сол барғаннан Алматыға қайтпай ауылда қалып қойған. «Пионерлер үйінен» фотостудия ашып, аудандық «Шамшырақ» газетіне жұмысқа орналасады. Еңбек озаттарының фотоларын облыстық «Коммунизм туы», республикалық «Социалистік Қазақстан» газеттеріне шығарып жүрді.
1973 жылы «Шамшырақ» газеті ұжымының жолдамасымен журналистика факультетіне жолдама алып, отбасымен Алматы қаласына қоныс аударады. Оқуын оқи жүріп, сүйікті жұмысын одан әрі жалғастырады.Театрдағы қойылымдарды түсіру кезінде ескі танысы атақты актер Асанәлі Әшімовты кездестіреді. Қазақ театр өнерінің майталмандары Ә. Мәмбетов, А. Әшімов, Д. Жолжақсыновтың фотоальбомдарын, «Әкем театрдың» жарнамалық суреттерін шығарған. Қазақ театр өнерінің майталмандарымен қатар еңбек еткен жерлесіміз ел ағасы Д.А. Қонаевтың қасында жүріп, талай тарихи суреттер түсірген.
Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында фотоаппарат ұстаған қазақ ілеуде біреу ғана болатын. Сирек мамандық иесі, бар өмірін фотоөнерге арнаған Қалиқұмар Қабдешевтің жеке көрмелері ертеректе Үндістан, Цейлон, Мальдив, Болгария, Румыния, Чехословакия, Азия, Еуропа елдерінде өткен екен. Биылғы жылы Алматы жұртшылығы фотошежірешінің өткен күндерден сыр шерткен суреттерімен қуана қауышты.
Қ. Қабдешев туралы мақала
Статья о К. Кабдешеве
Қайнарұлы, М. Фотошежіреші [Мәтін] / М. Қайнарұлы // Дидар. - 2020. - 20 ақпан. - Б. 8.