Қалиев Нұрбол Мейрамұлы (1983) – мүсінші-суретші
1983 жылы 23 шілдеде Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей) облысы, Қарауылда дүниеге келген. Туғанынан өнердің ерекше түріне қызығушылық танытқан Нұрболды ата-анасы көркемөнер мектебіне берген. Республикалық көркемсурет колледжін бітірген соң Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсіп, «Мүсін» кафедрасын бітірген. 2003 жылы Франциясының Париж қаласында мұражай тәжірибесінен өтіп, еңбек жолын 2005 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Мүсін» кафедрасында оқытушы болып бастаған. Нұрбол Қалиевтің шығармашылық жұмысы монументалды мүсін және көркем құюмен байланысты. Мүсіншінің шығармашылық ауқымы ерекше: станоктық портреттер мен композициялар, монументалды және сәндік мүсін. Оның станоктық туындылары пластикалық экспрессивтілікпен, көркем тілдің анықтығымен, психологиялық сипаттамалардың өткірлігімен ерекшеленеді. Әр монументалды жұмыстары үлкен азаматтық, жоғары кәсіби шеберлікпен ерекшеленеді. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай әзірленген «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткіші және ескерткішке ерекше өң беріп тұрған барельефтық композиция үлкен құрметке ие болды. Бұл монументалды кешенді Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев ашты. Жас мүсіншінің қолынан шыққан монументтері Астана, Алматы, Бақанас сияқты бірқатар қалалардың көшелерінде тұр. Ал Шығыс Қазақстан облысында 3 монументі орналасқан екен. Солардың бірі Абай ауданының Қарауыл ауылында ұлы Абайдың əкесі Құнанбай Өскенбайұлының ескерткіші. Балқаштың мысынан құйылған туындының салмағы 12 тонна, биіктігі тұғырымен алғанда 7 метр. Нұрбол ескерткішті жасауға 10 ай уақыт жұмсаған. Тағы бір үлкен туындысы Жарма ауданында «Tуған жер» бағдарламасы аясында заңғар жазушы Мұхтар Әуезовке орнатылған ескерткіш. Мыстан жасалған мүсіннің биіктігі тұғырымен алғанда 6 метр. Жас мүсінші бұл туындыны да жасауға бірнеше ай уақытын жұмсапты. Аягөз қаласында тұрған әйгілі жырау, батыр Ақтамберді Сарыұлының ескерткіші де Нұрболдың қолынан шыққан.
«Көбіне мүсіндерді қола, гранит тас пен мыстан жасаймын. Көлемі мен сапасына байланысты әртүрлі уақыт кетеді. Кейде бір ескерткіш жасау үшін бірнеше адам бірігіп істейміз. Үлкен шыдамдылық керек. Бір этаптың өзі бірнеше апта, күннен тұрады және фантазия, идея мықты болу керек. Өйткені, мүсінші өз ескерткіші арқылы халықты тəрбиелейді»,-дейді мүсінші.
Зайсан ауданындағы Баймұрат батыр (2018), Абай ауданындағы Абай (2018), Абай ауданындағы Тоқтамыс батыр (2019), Ақмола облысындағы «Ақан сері» (2019), Алматы облысындағы «Қожамбет би» (2015) ескерткіштері, Алматы облысындағы «Ана» (2012), Алматы облысындағы «Ақкөл көтерілісі» ( 2010) монументтері Нұрбол Мейрамұлының қолынан шығып, ел арасында үлкен қошеметке ие болған жұмыстар. Өскемен қаласында жазушы Оралхан Бөкейдің қоладан құйылған жаңа мүсінінің де авторы Нұрбол Қалиев пенМейрам Баймұханов.
Түрлі Республикалық конкурстарға қатысқан. 2020 жылы Қазақстан Републикасының Президенті Қ. Тоқаевтың «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткіштің жасалуына орай арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Халықаралық «Абай» атындағы мәдениет пен өнерді қолдау қорының «Ұлттық руханиятқа сіңірген айрықша еңбегі үшін «Абай» мерейтойлық медалімен марапатталды.
Н. Қалиев туралы мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалар
Публикации о Н. Калиеве в периодических изданиях
Тоқтасынқызы, А. "Ұлылардың мүсінін жасау- мен үшін абырой" [Мәтін] : [мүсінші Нұрбол Қалиев туралы] / А. Тоқтасынқызы // Ертіс өңірі . - 2017. - 15 қараша.- Б.11.
Мұратқали Ж. Құнанбайдың ескерткішін он айда тұрғызыпты [Мәтін] : [мүсінші Н. Қалиев туралы.] / Ж. Мұратқали // Дидар. - 2018. - 4 қазан.- Б.23.
Құсанбаев, С. Сауыр мен Сайқанның құз жартасы жаңғырды [Мәтін] / С. Құсанбаев // Дидар. - 2018. - 15 қараша.- Б.14-15.
Көкбай ақынға ескерткіш қойылды [Мәтін] // Семей таңы. - 2021. - 21 қыркүйек.- Б.4.