Известные имена

Байқошқарова Г.

012

Байқошқарова Ғайникамал (1943) – кеңес, қазақ кино және театр актрисасы.

1943 жылы 8 ақпанда Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында дүниеге келген.

1965-1969 жылдары Алматы мемлекеттік консерваториясына түсіп, театр және кино актері мамандығы бойынша театр бөлімін бітірді.

1969 жылдан 1974 жылға дейін Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс істейді.

1974 жылдан М. О. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында актриса болады. Г.Байқошқарова музыкалық-комедиялық жанр, фарс, психологиялық драма және трагедия қойылымдарында 80-нен астам рөл ойнап, жанрлық мүмкіндіктерінің кең ауқымын көрсетті.

Ұлттық классика мен әлемдік драматургияда келесі рөлдерді сомдаған: «Қарагөз» трагедиясында Қарагөз, «Қара қыпшақ Қобыландыда» Көклан, «Айман-Шолпанда» Шолпан, Қ.Шаңғытбаев пен К.Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай!» комедиясында Күнсұлу, Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасында» Майқанова, Қ.Мұхамеджанов пен Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Алмагүл, Д.Исабековтің «Әпкесінде» Гауһар, Б.Римованың «Қос мұңлық» драмасында Самал, А.Сүлейменовтің «Қыздай жесір – штат қысқартуында» Рита, Қ.Ысқақтың «Жан қимағында» Қапиза, С.Балғабаевтың «Сағыныш пен елесінде» Анар, Е.Жуасбектің «Күлеміз бе, жылаймыз ба?» комедиясында Сары апа және басқа да көптеген рөлдерде ойнаған.

Б. Ғайникамал 15 көркем фильмде ойнаған, оның сомбаған образдары түрлі сипаттағы бейнелер. Актриса түсірген фильмдердің ішінде режиссер Қ.Әбеновтің 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арналған «Аллажар», «Ауылым Көктөбенің бөктерінде», «Күнә» және т. б. фильмдерін атап өту қажет.

Марапаттары:

2001 – «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалі

2003 – Құрмет Ордені

2005, 2006 – ҚР Әдебиет және өнер мемлекеттік стипендиясының лауреаты

2011 – «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі

2011 – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

2016 – «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі

Ғайникамал Байқошқарова – М.Әуезов атындағы драма театрдың ең жарқын әрі тәжірибелі жұлдыздарының бірі. Оның таланты мен кәсібилігі жас әріптестері үшін үлкен өнеге болмақ.