Известные имена

Мұсаұлы Б.

1

Мұсаұлы Буратай (1900-1988) - күйші, сазгер

1900 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданында (қазіргі Күршім ауданы) ауқатты отбасында дүниеге келген. Руы – Жәлмамбет. Отбасында өзінен басқа Аясын атты қарындасы мен Балатай атты інісі болған.

1928 жылы Буратайды Катонқарағайда тұратын нағашы ағасы қолына алып, балалық шағы Катон өңірінде өткен. Буратай орысша еркін сөйлеп, жаза білген.

1935-36 жылдары Катонқарағайдан Марқакөл өңіріндегі Қарой ауылына қоныс аударады. Қаройда екі жылдай тұрып, ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқарады. Бұл байларды тәркілеп, жер аударған зұлматты жылдар еді. Тәркіден қорыққан байлар Қытай асып жатқан кезде Буратайдың туыстары да Қытайға қашады. Көп ұзамай туыстарының Қытайға өтуіне көмектесті деген жаламен Буратайды тұтқындап Семей түрмесіне жабады. 1940 жылы Қиыр Шығысқа жер аударады. 1943 жылы тұтқыннан босатып, Қырғызстанға жер аударады. Сол жерде қырғыз қызы Шарбанға үйленіп, 1946 жылы Қаныгүл атты қызы дүниеге келеді. Саяси қуғын-сүргін зардабын тартқан Буратай Мұсаұлы 1947 жылы елге оралып, Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Шірікаяқ ауылындағы кенішке жұмысқа тұрады.

1953 жылы Қалғұты ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылына келіп қоныстанып колхозда жұмыс істеді. Марқа жері Қытаймен шекаралас болған соң, ол жақта тұруға рұқсат етпесе керек. Өмірінің соңына дейін Қаратоғай ауылында қызы Қаныгүл мен күйеу баласы Советтің қолында болды.

Буратай Мұсаұлы күйші, сазгер, шебер орындаушы ретінде ел есінде қалды. Халық жазушысы С. Мұқанов, белгілі өнертанушы І. Жақанов Буратай Мұсаұлының өнеріне лайықты баға берген екен. 1962 жылы маусым айында Күршім ауданына  жазушы Сәбит Мұқанов бастаған, құрамында Қалижан Бекхожин, Әділбек Абайділданов бар бір топ ақын-жазушылар келгені ел есінде. Қалғұты совхозы жайлаудың әсем де көрікті жеріне оншақты отар қой өргізіп, сауын бие байлап іші безендірілген он екі киіз үй тігіліп, күтіп алатын адамдар, қонақтар мінетін жорға аттар дайындалыпты. Сәбит атамызды түсіретін ерекше киіз үй іздеп, ақ киізден жасалған алты қанат ақ үйді Жылытау ауылының тұрғыны Өлмесеков Пазыл ақсақалдан сұрап алысыпты. Қалғұты совхозының басшылары аса лауазымды қонақтарды қарсы алу үшін өңірдегі талантты адамдарды жинастарыды. Солардың ішінде Буратай Мұсаұлы да бар еді.

Кең жайлаудың төрінде тігілген алты қанат ақ шаңқан киіз үйде Буратай өзінің «Жорға аю», «Балжынгер», «Ақсак қаз» т.б. күйлерін орындайды. «Ақсақ каз» күйі орындалған кезде Сәбит Мұканов орнында отыра алмай күйшінің қасына келіп, оның орындау шеберлігіне тәнті болып, Алматыға шақырыпты. 1970 жылдары белгілі өнертанушы Ілия Жақанов Буратаймен кездесіп, 16 күйін қазақ радиосының Алтын қорына жазып алады. Буратай Мұсаұлы жас кезінде күй жарысына қатысып, жүлдерлі орындарға ие болыпты. Бір естіген күйін есіне сақтап алатын тамаша қасиеті болса керек. Буратай ата мұртын сипап қойып, домбыраның шанағын салалы саусақтарымен билете шертуші еді. Шебер күйші, талантты орындаушы ғана емес, жүйрік тазы ұстайтын, бүркіт салатын сегіз қырлы бір сырлы адам болды. Талай түлкі мен қасқыр, көктемде бөлтірік алғанын куәсі болдық. Қасқыр, түлкінің терісін өзі илеп іс қып алатын, қамшы өретін шебер еді.

Буратай ата бір қарағанда түсі суық көрінетін, ұзын бойлы, жауырынды, ұзын мұртты, ат жақты, шүңірек көзді адам еді. Жымиып күлген кезде көзінен ерекше жылылық тарайтын. Әйелі Шарбан апа аққұбаша келген, көп сөйлемейтін, әдемі нәзік әйел болатын.

Бұрын әр үйде радио болатын, сол радиодан қазақ радиосының алтын қорына жазылған Буратай атаның күйлері жиі беріліп тұрушы еді. Қаратоғай орта мектебінің мұғалімі талантты күйші, ұстаз (бүгінде Нұр-сұлтан қаласында тұратын) Жеңіс Байпақбаев Буратай Мұсаұлының күйлерінің тамаша орындаушысы, әрі насихаттаушысы. Танымал күйші, сазгер, тума талант иесі Буратай Мұсаұлы 1988 жылы Қаратоғай ауылында өмірден өтті.

«Ел іші-өнер кеніші» деген осы, біздің өңірде де небір талантты адамдар болғанының нақты куәсі.

Б. Мұсаұлы туралы кітаптар

Книги о Б. Мусаулы

Мұхаметқалиұлы, К. Уақыт иірімдері / К. Мұхаметқалиұлы. - Семей : Интеллект, 2021. - 230 б. – Мұсаұлы Б. – Б.:23-26.

Б. Мұсаұлы туралы мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалар

Публикации о Б. Мусаулы в периодических изданиях

Қайыров, Н. Мұсаұлы Буратай күйші / Н. Қайыров. - Текст // Рауан. - 2020. - 22 мамыр. - Б. 8.