-
-
Жаңартылды 02.09.2021 23:14
Шәженов Халел (1908-1943) –режиссер, актер
Халел Шәженов 1908 жылы 25 наурызда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы (Семей), Жарма ауданында дүниеге келген. Алғашқы кездері өзінің туған ауылында мұғалімдік қызмет атқарған ол 1932-34 жылдары ҚазПи-дің (қазіргі Алматы Мемлекеттік университеті) тіл-әдебиеті факультетінде оқиды.
1934 жылы Ленинградтың Мемлекеттік сахна өнері техникумының (қазіргі Островский атындағы театр өнері институты) мұғалімдері Н.Серебряков пен М.Вальяно келіп, өнерге жақын 80 жастың ішінен өрелі 25-ін іріктеп алады. Педагогикалық институт пен педагогикалық техникумның стуенттерінен құралған бұл топтың ортасында әдебиет пен өнерге құштар Халел де болды. Сол жылдың ақпанында Ленинградқа келіп, оқуды бастаған студиялықтар білім беру методикасы мықты Л.Вивьян, В.Меркурьев, Н.Серебряков және И.Мейерхольдтан білім алып, 1935 жылы «Мазасыз қонақ», «¥рылар», т.б. спектакльдермен өздерінің шығармашылық қабілетін байқату мақсатында Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларын аралайды.
1938 жылы студияны бітіргендердің барлығы Шымкент драма театрына келеді. Алғаш көркемөнерпаздар үйірмесі негізінде қаланған Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театры Халел Шәженов есімімен тығыз байланысты. Ұжым шығармашылығының кәсіби тұрғыда дамып, өркендеу жолында қызығынан гөрі қиындығын көп бастан кешкен Халел Шәженов — осы театрдың тұңғыш режиссері. Мұнда Х.Шәженов Президент (Ф.Шиллер «Зұлымдық пен махаббат»), Чапаев (Д.Фурманов «Чапаев»), Березовский (М.Әуезов пен Ә.Тәжібаев «Ақ қайың»), Ақан мен Бекежан (Ғ.Мұсірепов «Ақан сері — Ақтоқты», «Қыз Жібек»), т.б. рольдерін орындап, өзінің табиғи талантын паш етті. Кең диапазонды, күшті де анық даусымен, керемет түр-келбетімен, музыкалық-ритмдік, пластикалық ерекшелігімен танылған Х.Шәженовтің табиғи та-ланты театрға алғаш келген жылдары-ақ байқала бастаған-ды. Сол сахнадағы алғашқы жылдарында ол өзін «характерлі қаһармандар» жасаудағы қабілет-дарынымен көрсете білді. Актер драмалық, трагедиялық немесе комедиялық болсын өз кейіпкерлерін қайталанбас тұлға дәрежесіне көтерді. Мәселен, «Зұлымдық пен махаббатта» мемлекеттік мансапқордың өктемшілдігі мен күш-қайратын нанымды жеткізген Х.Шәженовтің Президенті билікте үстем болуды армандайтын, өз мақсатына жету жолында ештеңеден тайынбайтын, қаймықпайтын жігерлі де ерікті адам болып шықса, «Екі мырзаға бір қызметшіде» өзінің комедиялық қырын көрсеткен актер ақкөңіл, терең ойлана алмайтын Панталоне бейнесінде өз-өзіне өте сенімді, кейіпкеріне лайық әрекет етеді. Соғысқа дейінгі жылдарда Х.Шәженов Ғ.Мұсіреповтің «Қыз Жібек» трагедиясында Бекежан ролін нанымды ойнаған. Актер Бекежанның Жібекке шынайы ғашықтығымен қатар менмендігін, батылдығын баса көрсетіп отырады. Бұл спектакльде Төлегенді өлтірген Бекежанның Жібекке келіп, өз кінәсін білдіру көрінісіне ерекше екпін берілген. Осы сахнаның драмалық сипатын баса көрсеткен актердің қайткенде сұлу Жібекке ие болам деген сенімі күшті. Бірақ өзінің кінәсі мен күнәсін бүркеп, байқатпауга тырысқан Бекежан — Шәженов өзіне қарсы айтылған Жібектің зары мен қарғысына төтеп бере алмай қалады. Осы кездегі кейіпкердің ішкі дағдарысы мен сыртқы сабырсыздығы актердің көзқарасы мен не істерін білмей теңселген әрекетінде байқалады.
1939 жылы сахналаған ең алғашқы режиссерлік туындысы «Еңлік — Кебектен» бастап, 1942 жылы ең соңғы қойған шығармасы Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш — Баян сұлуына» дейінгі аралықта Х.Шәженовтің режиссерлік тапқырлығы, біліктілігі мен қиял ұшқырлығы байқалып отырды.
Халел Шәженов Шымкент облыстық драма театрының қалыптасып, даму жолында елеулі еңбек етті.
1941 жылы соғыс басталысымен әскерге алынып, Украина жерінде қаза тапты.
Халел Шәженов туралы – О Халеле Шаженове
Шығыс Қазақстан облысы: Энциклопедия. /Бас ред. Б. Жақып. – Алматы:Қазақ энциклопедиясы, 2014.- Х. Шәженов. - Б.802.