Баймұхамбетов Қайрат Қажыманұлы (1964-2020) – дәрігер-эпидемиолог, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі
1964 жылы 16 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Сарыөлең ауылында дүниеге келген. Ш. Уәлиханов атындағы Сарыөлең орта мектебін бітірген. Қарағанды мемлекеттік медицина институтының «гигиена, санитария, эпидемиология» факультетін, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің юриспруденция факультетін бітірген, санитарлық дәрігер-эпидемиолог, заңгер. Еңбек жолын 1991 жылы Көкшетау облысы Целинная теміржолында санитарлық дәрігер болып бастаған. Қ. Қажыманұлы тұтынушылардың құқықтарын сақтау қызметінің құрылуы мен дамуына зор үлес қосып, Күршім, Глубокое аудандарында, Ақмола өңірінде жемісті еңбек етті. 90 жылдардағы аумалы-төкпелі, нарықтың жаңа дамып келе жатқан кезінде халықтың денсаулығына зиянды азық-түлік, балалар киімі, ойыншықтар ағылып келе бастады. Сол кезде Қайрат Қажыманұлы зиянды қоспалары бар арақтың бірнеше партиясын анықтап, өз басына төнген қауіпке қарамастан сауда нүктелеріне жіберуге кедергі жасады. Саудаға шығатын жеміс-жидектердің, әсіресе қарбыз өнімдерінің нитраттарын тексеруді де бірінші болып қолға алған еді.
2001 жылы Глубокое ауданынң бас санитер дәрігері лауазымына ауысты. Осы ауданда 12 жыл қызмет атқарып, талай шешілмей келе жатқан экологиялық мәселелердің түйінін тарқатуға мұрындық болды. Аудандағы мыс қорыту зауытының экологиялық проблемасын шешуге, Үлбі өзеніне лас суы құйылып жатқан Секисовкадағы кен байыту фабрикасының жұмысын тоқтатуға ықпал етті.
2017 жылдан Қарағанды облысы бойынша Бас санитар дәрігері, Қоғамдық денсаулық қорғау департаментінің басшысы қызметін атқарды.
2019 жылдың 23 мамырында Алматы облысының Бас санитарлық дәрігері, тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаментінің басшысы болып тағайындалған. 2020 жылдың қаңтарынан бастап елдегі індет жағдайында коронавируспен күреске белсене араласқан. Алматы облысындағы шекаралық аудандарды жиі аралап, карантиндік жағдайды жіті бақылап отырған. Шетелден келген азаматтарды мұқият тексеріп, індеттің Қазақстанға өтпеуін қадағалап аянбай тер төкті. Қорғаныс костюмін киіп, ауруханаларды жиі аралап жүріп қауіпті вирусты жұқтырғанын да байқамай қалды. Аурудан әлсіреп, жағдайы мүлдем нашарлағанға дейін жұмыс басында болды.
Қайрат Қажыманұлы 24 ғылыми еңбектің авторы. Женева қаласында өткен химиялық заттарды реттеу жөніндегі халықаралық конференцияның, IV отырысында және Мәскеу қаласында өткен ТМД мемлекеттері тұтынушыларының құқықтық қорғау консультациялық кеңесінің IX отырысына қатысқан. «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Қайрат Баймұхамбетов 2020 жылы 10 шілдеде коронавирус індетінен қайтыс болып, Өскемен қаласына жерленді. ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Жарлығымен Қайрат Қажыманұлы Баймұхамбетов қайтыс болған соң «ІІ дәрежелі Барыс» орденімен марапатталды. Күршім селосындағы МТС көшесіне ауыр індетпен күресу жолында мерт болған жерлесіміз Қайрат Баймұхамбетовтың есімі берілді (2021, ақпан).
Қ. Қ. Баймұхамбетов туралы әдебиет
Литература о К.К. Баймухамбетове
Күршімнің бір көшесіне атын берсе [Текст] : Мәтін / [Күршімдік дәрігер, ковит індетінің құрбаны Қ. Баймұханбетов туралы] // Дидар. - 2020. - 22 қазан.- Б.4.
Зәкәрия, Хасен. Ер есімі ел есінде қалса [Текст] : Мәтін / Х. Зәкәрия // Дидар. - 2020. - 8 желтоқсан.- Б.5.