Мамай батыр Жұмағұлұлы (1702-1799) - батыр
Жоңғар шапқыншылығы «Ақтабан шұбырында, Алқакөл сұлама» болып қазақ халқының есінде мәңгілікке қалды. Сыр бойына — қолөнер, -сауда орталықтары болған, қазақ хандығының материалдық құндылықтары жинақталған, саяси орталығы Оңтүстік Қазақстан аймағына 30 мың қолмен жоңғарлар басып кірді. Жоңғар шапқыншылығы кенеттен басталғаны соншалық, әшейіндегі балажан қазақ балаларына да қарамастан бытырай қашты. Халық көптеп қырылды. Бес мың отбасы тұтқынға алынды. Жоңғар билігіне түскен халық салық төледі, қазақ халқының көп бөлігі қашып, Бұқар мен Хиуаны, Самарқандты паналады.
Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес барлық күшті біріктіруді талап етті. Сол кезде қалыптасқан тарихи жағдайдың өзі батырлық пен ержүректілікті, батылдықты алдыңғы қатарға қойды. Барлық жүздер мен ру — тайпаларда соғыс ісі мамандыққа айналып, әр рудың өз батыры, қолбасшысы шыға бастайды. Солардың ішіндегі ерекше көзге түскен дер Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Жәнібек батыр, Есет батыр, Мамай батырлар еді.
Мамай батыр Жұмағұлұлы 1702 жылы Сырдария өзенінің жағасында туған. Моңғол шапқыншылығы басталған кезде Тобықты руы туған жері Шыңғыстауды тастап, Оңтүстік Қазақстанның Сырдария алқабын паналауға мәжбүр болды.
Мамай бала күннен өз тұстастарының арасынан ақылдылығы мен дене бітімі жағынан ерекше көзге түскен. Өзінің батырлық қасиеттерімен он үш жасынын бастап көріне бастаған. Жас жігіт жоңғарлармен шайқаста ерекше батылдық пен ержүректілік, ептілік танытып, жеке жеңістерімен әйгілі қазақ батыры Қанжығалы Бөгенбайдың ықыласына бөленеді. (1690-1775)
1723 жылғы жоңғар шапқыншылығынан кейін қазақтың үш жүзі жауға соққы беру үшін барлық күш-жігерін біріктіруге күш салысады. Кейінгі жылдар — жоңғарларға қатты соққы берумен тарихта қалған жылдар. Солардың ішіндегі ең үлкен шайқас Мамай батыр қатысқан — Аңырақай шайқасы. Қазақ жерінің көптеген бөлігін жаудан азат етіп, жеңістің алды болды. Өзінің маңызы жағынан Аңырақай шайқасы — орыстың Куликово, Кеңестер Одағының Курск доғасы шайқастарымен пара-пар болды. Осы ұрыста қазақ халқы өзінің бірлігі мен ынтымақтастығын сезінді.
Абылай ханмен бірлесе отырып, Мамай тағыда бірнеше шайқастарға қатысады. 1731 жылы Мамай батырмен бірге қазақтың белгілі батырлары Қабанбай, Бөгенбай қатысқан Балқаш көлінің маңайында ірі шайқас болды. Қазақ әскеріне Абылай хан қолбасшылық жасады.Қазақ батырлары бірлесе отырып, жоңғарларды Батыс Қазақстаннан бастап, Ертістен асыра қуды. Қазіргі Абай ауданы Қызыл ту ауылының маңында Шаған өзенінің бойында ірі қақтығыс болып, «Шаған шайқасы» деген атпен тарихта қалды. Осы тарихи шайқастардың барлығында Мамай батыр Абылай ханның сенімді үзеңгілес серігі бола білді.
Аңыздарға қарағанда Мамай батыр 102 шайқасқа қатысып, жеңіп шыққан. Қазақ қолбасы Абылай Мамай батырға алмас қылыш сыйға тартқан деседі. Бір қызығы, Мамай 92 жасында жекпе — жекке шығып, жеңіске жеткен. Одан кейін бес жыл өмір сүріпті.
1799 жылы Мамай батыр 97 жасында Архатта (Абай ауданы) қайтыс болды.
Мамай батыр Жұмағұлұлы туралы:
Ерасыл С. Ел қорғаны-ер Мамай батыр [Мәтін] : [Семей өңірінен шыққан қазақ батыры Мамай Жұмағұлұлы туралы.] / С. Ерасыл // Алдаспан. - 2015. - 17 қыркүйек.- Б.24.
Тоқтасынқызы , Айжан. Батыр жайлы кітап [Мәтін] : [Тобықты Мамай батыр Жұмағұлұлының өмірі, адами болмысы, кісілік келбеті туралы кітап жарық көрді.] / А. Тоқтасынқызы // Ертіс өңірі. - 2015. - 2 қыркүйек.- Б.12.
Нұғманбекова , Раушан. Мамай батырды ұмыт қалдырған жоқпыз ба? [Мәтін] : [Тобықтының батыры Мамай туралы.] / Р. Нұғманбекова // Дидар. - 2013. - 24 желтоқсан.- Б.7.
Бейсенбаев , Сағындық. Халық батыры Мамай [Мәтін] : [Тобықты Мамай батыр туралы.] / С. Бейсенбаев // Ертіс өңірі. - 2013. - 15 мамыр, 22 мамыр.- б.12
Нұғманбекова Р. Мамай батырға – 300 жыл//Дидар. – 2002. – 16 қараша.- Б.5
Нұғманбекова Р. Мамай батырға 300 жыл [Мәтін] / Нұғманбекова Р. // Дидар. - 2002. - 16 қараша.- Б.5
Қариұлы Қ. Мамай батыр. //Халық кеңесі. – 1993. – 19 қазан.
Интернет-ресурстар :
«Мамай батыр» атты жаңа тарихи-деректі фильмінің тұсаукесері