Нұрахметов Тоқтархан - генерал (1942)
Нұрахметов Тоқтархан, 1942 жылдың 12 наурызында Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Маралиха ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, 1959 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының «орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі» мамандығына оқуға түседі. Еңбек жолын Марқакөл ауданының (қазір Күршім ауданы) Горное орта мектебінде мұғалімдіктен бастайды.
Ал бұл кезде ортақ Отанның қауіпсіздік саласына талапты, жауапты жас мамандарды тарту жүргізіліп жатқан болатын. 1967 жылы Шығыс Қазақстан БЛКЖО облыстық комитеті мен Күршім аудандық партия комитеті Т.Нұрахметовті мемлекеттік қауіпсіздік органдарына қызметке ұсынады. 1968 жылы КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Жоғары курстарын (Минск қаласы) табысты аяқтаған жас Шығыс Қазақстан облысы бойынша МҚК басқармасына жедел уәкіл болып тағайындалады. Сол жерде басқарма бастығының орынбасары лауазымына дейінгі жолдан өтеді.
1985 жылы жедел-қызметтік іс-әрекеттегі оң нәтижелері, ұйымдастырушылық қабілеттері ескеріліп Т.Нұрахметов МҚК конституциялық құрылымды қорғау жөніндегі басқарма бастығының лауазымына көтеріледі. Қазақстан үшін аса жауапты 1991-1992 жылдары ол Қарағанды облысы бойынша МҚК басқармасының бастығы лауазымында болды. Бұл облыс – жедел ахуалы бойынша үлкен, әрі күрделі аймақтардың бірі. Т.Нұрахметовтің іскерлік және кәсіби қасиеттері жоғары бағаланып, мемлекет басшылығы тарапынан оған генерал-майор әскери шені берілді.
1991 жылы Қазақстан әлемге өз тәуелсіздігін жариялаған соң елімізде қауіпсіздік саласына байланысты түбегейлі бетбұрыстар жасалды. Бұл МҚК басшылығынан ізденісті, елдік жауапкершілікті талап етті. 1992 жылы Т.Нұрахметовке республикалық МҚК-ҰҚК жоғары курстарын басқару жүктелді. Жаңа басшыға жедел бөлімшелерде жұмыс істеп жүріп жинақтаған өмірлік бай тәжірибесі ұлттық қауіпсіздік органдарында білім беру жүйесін одан әрі дамытуға мүмкіндік берді. КСРО тараған соң іс жүзінде өмір сүруін тоқтатқан орталық жоғары курстар тәуелсіздік талабына байланысты қайта құруды қажет етті. Генерал-майор Т.Нұрахметов басқарған курстар егемен Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік органдары үшін кадрлар дайындау жөніндегі міндеттерді орындауға жұмылдырылды. Жоғары курстар 1994 жылы – институт, ал 1999 жылы – ҰҚК Академиясы болып қайта құрылды.
Тоқтархан Нұрахметұлы туған жерімен байланысын үзбейді. Ауылына, оқыған және қызмет істеген мектебіне әрдайым қамқорлық жасап тұрады. Отаншыл азаматтарға, жас ұрпаққа жөн сілтейді. Әлеуметке қол ұшын созады.
2001 жылы Күршім аудандық мәслихатының шешімімен Т.Нұрахметовке «Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Ғылыми-педагогикалық жұмысындағы жаңашылдығы, жоғары оқу орны ғылымын қалыптастырғаны және ғылыми кадрларды даярлағаны үшін 1998 жылы ол «профессор» ғылыми атағын иеленді. Сөйтіп, соңғы жылдары философия ғылымының докторы, профессор жетекшілігімен ұлттық қауіпсіздік органдары іс-әрекетінің көкейкесті мәселелері бойынша онға жуық кандидаттық диссертация қорғалды.
Ғалымның ғылыми еңбегін тек Қазақстан ғана танымай, 1996 жылы Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясы оны толық мүшелікке (академик) өткізді. Сондай-ақ ол 1997 жылдан Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының толық мүшесіне сайланды.
Т.Нұрахметовтің басшылық лауазымындағы уақытында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік органдары жедел қызметкерлерінің жаңа буыны, талапшыл, білікті мамандары қалыптасып, қатарға қосылды. Олардың көпшілігі қазіргі уақытта Комитеттің ірі бөлімшелерін басқарып отыр. Кейбірі елдің арнайы қызметтерінде жоғары деңгейдегі басшылық дәрежеге көтерілді.
Генерал-майор Т.Н.Нұрахметовтің Отан алдындағы еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Елбасы жарлығымен 2-дәрежелі «Даңқ» орденін кеудесіне таққаны өміріндегі ерекше сәттердің бірі. Басқа да медальдары мен «Қауіпсіздік саласының Құрметті қызметкері», «Білім саласының Құрметті қызметкері» төсбелгілері де көп жәйттерді аңғартса керек.
Т. Нұрахметов туралы әдебиет
Литература о Т. Нурахметове
Генералы Казахстана [Текст] : биографический справочник. - Алматы : Арыс, 2006. - 400 с.
Шығыс жұлдыздары [Мәтін] : энциклопедиялық анықтамалық. Т. 2. - Астана : Фолиант, 2011. - 304 б.
Интернет ресурстар
Интернет ресурсы
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті- http://knb.kz/m/kz/news.htm?id=10322993@cmsArticle
Казахстанская правда -http://kp.kazpravda.kz/rus/partijnaja_zhiznj/general_uchenij_grazhdanin.html