Першин Константин Михайлович (1923 - 1978) - партизан, Қарсыласу қозғалысына қатысушы (Франция).
1923 ж. Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Васильевка ауылында дүниеге келген. Жастайынан әкесімен бірге колхозда жұмыс істеді. 1938 ж. Комсомол қатарына өтті.
1941 ж. 1 маусымда әскер қатарына шақырылады. Үш аптадан кейін, 22 маусымда Ұлы Отан соғысы басталады.
К. Першин әскери қызмет еткен 107-ші дивизия құрамындағы әскери бөлім Могилев түбіндегі ұрысқа қатысып, кейін, Вязьма ауданында неміс әскерімен шайқасады. 1941 ж. 3 қазанда дивизия жау қоршауында қалады. Жауынгерлер шайқаса отырып, шағын топтармен қоршаудан шығады. К. М. Першин қатты жараланып Смоленск облысының Пичер деревнясында А. Ершовтың қарамағында болады. Кейін А. Ершов қызыләскерді Дерябкино деревнясына жібереді, онда ол колхозшы А. Куликованың үйінде жасырынады.
1942 ж. 28 қаңтарда Першин неміс қоршауына түсіп, әскери тұтқындар лагеріне жіберіледі. Біраздан кейін оны басқа да әскери тұтқындармен бірге Солтүстік Францияға Па-де-Кале департаментіне жібереді. Ол Дурье деревнясында аттар мен атқора тазалауға мәжбүр болады.
Константин Першин жергілікті батрак Епифан Годефруа, әйелі Луиза және олардың алтыжасар қызы Олямен танысады. Француз отбасы совет солдатына барынша көмек берді.
Ол Францияда болған кезде француз тілінде сөйлеп үйренді. Бірде К. Першин Луизадан жергілікті Қарсыласу күрескерлерімен байланысуға көмек беруін сұрады. Француз патриоткасы оны өзінің ағасы Сильвен Бонавантюрмен кездестірді. Ол К. Першиннің француз партизандары – «Азаматтық және әскери ұйым» (ОСМ) қатарына кіруіне көмек берді. Сонымен, совет жауынгері француз жерінде халық күрескеріне айналды. Ол Отанынан жырақта қолына қару алып гитлершілермен шайқасты. Оның даңқты ерліктері аз емес.
Луиза Годефруа «Юманите» газетіне берген сұхбатында: «Жас жауынгер бар жоғы онтоғыз жаста еді, бірақ сондай ержүрек болатын! Ол ең бір қауіпті әскери шайқастарға қатысуға ұмтылатын. Әлі есімде, гитлершілер Сен-Жюс-о-Буа және Лижекура аудандарына Лондонды атқылау үшін ФАУ-2 (неміс конструкторы Вернер фон Браун құрастырған алысқа ұшатын баллистикалық ракета, оған Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғында вермахт назар аударған) самолет-снарядын ұшыру рампын орнатты. Бұл тапсырма совет партизаны Першинге тапсырылды, ол оны сәтті орындап шықты. Рамп орналасқан жерлердің координаты пошта көгершіндерінің көмегімен Лондонға жетті, сөйтіп, ағылшын самолеттері полигондарды бомбалады».
1944 ж. 6 маусымда Нормандияға ағылшын-американ және канада әскерлері түсірілді, сонымен, Батыс Европада екінші майдан ашылды. Бұл оқиға Қарсыласу қозғалысына жаңа екпін беріп, француз халқы жаппай қарулы көтеріліске шықты. К. Першин де француз патриоттарымен бірге Ле-Парка, Пон-де-Брика, Эдинейя, Булони т. б. елді мекендерді жаудан азат етуге қатысты. Осы жылдың тамызында ол Епифан Годефруа, Сильвен Боновантюр және тағы екі французбен бірлесіп Дурье деревнясы жанына қонған неміс самолетін жойды. Портты Булони қ. қоршау кезінде капитан Жак Жермен ротасының құрамындағы ФФИ (Француз ішкі әскері) жауынгерлері жау траншеясын басып алып, неміс әскерінің көзін жойды.
Константин Першин 1945 ж. 25 қыркүйекте Васильевка с. үйіне оралды. Ол өзімен бірге ескерткішке Па-де-Кале-де ФФИ командованиесінің бірнеше жауынгерлік мінездемесін ала келді. Соның бірі:
«Мен, төменде қол қойған, жергілікті Француз компартиясының жауапты жетекшісі, ФФИ тобы және Азаматтық және республикалық гвардияның командирі Бриуа Мариюс Першин Костяға куәгерлік етемін: ол он екі ай бойы Қарсыласу қозғалысының активисі болып, Қызыл Армия жауынгері ретінде ерлік көрсетті ...»
1946 ж. 22 наурызда ШҚО УНКГБ тұтқынға алды.
1946 ж. 19 қыркүйекте УК РСФСР 58-1б таққан кінәсі бойынша, ТуркВО Әскери Трибуналы 9 жылға еңбекпен түзету жұмысына кеседі. Ол 1962 ж. 2 тамызда ВС СССР Әскери Коллегиясы қылмыстық ісі болмауы себепті ақталды.
Жазадан босатылған соң туған ауылында тұрды.
50-жылдары Константин Першин отбасымен Өскемен қ. көшіп келіп, нефтебазада жұмыс істеді. Оған адал еңбегі үшін коммунистік еңбектің екпіндісі атағы берілді.
1978 ж. 11 қарашада қайтыс болды.
Деректер
Источники
Куртов, И. Казахстанские партизаны в дальнем зарубежье [Электронный ресурс]. - Доживем до понедельника. Республиканская еженедельная газета : сайт. - Режим доступа: http://ddp-main.narod.ru/2003/nomer_14/velikaa_otechestvennaa.htm (дата обращения: 9.04.2017)
Нечаев, Г. Помнит Франция партизана [Текст] / Г. Нечаев // Казахстанская правда. - 1988. - 22 марта.
Новиков, П. В рядах французских партизан [Текст] / П. Новиков // Рудный Алтай. - 1995. - 18 апреля.
Першин Константин Михайлович (1923) [Электронный ресурс] // Открытый проект : сайт. - Режим доступа : https://ru.openlist.wiki/%D0%9F%D0%B5%D1%80%D1%88%D0%B8%D0%BD_%D0%9A%D0%BE%D0%BD%D1%81%D1%82%D0%B0%D0%BD%D1%82%D0%B8%D0%BD_%D0%9C%D0%B8%D1%85%D0%B0%D0%B9%D0%BB%D0%BE%D0%B2%D0%B8%D1%87_%281923%29 (09.04.2017)
Першин Константин Михайлович (1923) [Электронный ресурс] // Жертвы политического террора в СССР. Мемориал : сайт. - Режим доступа : http://lists.memo.ru/d26/f115.htm (09.04.2017)