Известные имена

Төленов Ж.

Төленұлы Жақсылық (1882-1974) - халық ақыны, қоғам қайраткері, алаш қайраткері.Төленұлы Жақсылық (1882-1974) - халық ақыны, қоғам қайраткері, алаш қайраткері.

1882 жылы Семей облысы (қазір Шығыс Қазақстан облысы) Қарқаралы уезі Абыралы өңіріндегі Атан қыстағында туған.

«Төленнің төрт қасқыры» деген атпен елге әйгілі болған Жақсылық, Игілік, Сүйіндік, Жармағамбет есімді төрт ағайындының үлкені – Жақсылық жігіт ағасы жасына келгенде елден кетіп, өзіне лайық несібе іздеп Қарқаралы, Семей арасын шарлап, күнкөріс қамыман Семей барып, одан әрі Алтай, Тарбағатай асады. Жастық шағында ел аралап, ойын –тойдың көркі болған Жақсылық Өр Найман елінде ән алып жүрген Әсет ақынмен танысып, оған жолдас болады. Әсеттің Ұлы Абай алдында ән салғаны, өмірлік сабақ алғаны жайлы М. Әуезовке әңгімелеп ақынның өміріне қатысты біраз деректер берген осы Жақсылық еді.

1909-1912 жылдар аралығында отбасымен Алтай өлкесінің Змеиногоск қаласының түбіндегі Карамышево шағын мекенінде тұрады. 1916 жылы Ресейдің Том қаласында інілерімен бірге жалдамалы жұмысқа кіреді. Сол жылы бүкілресейлік большевиктер партиясының мүшелігіне қабылданып, орыс жұмысшыларымен бірге революциялық шараларға қатысалы.

1917 жылғы февраль революциясынан кейін Жақсылық Семейге оралады. Етікші артелін ашып, «Жұмсат» деген жоба жазып, елге таратады. Мақсаты - байларды илеп, икемге келтіру. Кейін осы шеберхана қазақ жастарының жиналатын орнына айналады. М, Әуезов, С. Дөнентаев, С. Торайғыров жиі келіп тұрган. 1917 жылы Алаш партиясының Семейде шығарған «Сарыарқа» газетін елге тарату шығандарын өтейтін «Теңдік» атты уақ қарыз серіктестігіне мүше болып кіреді. Жарна төлеп серіктестікке кірген жандардың көпшілігі қазақ жұртына танымал Ш. Құдайбердиев, Ә. Сәтбаев, С. Шорманов, М. Тұрғанбаев, М. Сейітқұлов, Д. Қалматаев, Қ. Бердалин сынды алаш қозғалысының айтулы тұлғалары болатын. Дегенмен Жақсылықтың өте жанына жақын тартып сыйлас болған, тонның ішкі бауындай араласқан адамы - Н. Құлжанов еді.

Жақсылық Төленұлы 1918 жылдың аласапыранында бірнеше рет түрмеге отырып шығады. 1919 жылы колчакшылардың қолынан қаза тапқан Н. Құлжановтың өлімі Жақсылыққа қатты әсер етеді. Осыдан кейін Жақсылық біржола Советтер жағына шығады. Сібір уақытшща үкіметі мен Колчак билігінен опа таппаған Алашордашылар 1919 жылдың көктемінен бастап Кеңес үкіметімен одақтаса бастайды...

1920 жылы Ж. Төленов пен Ә. Ермеков Семей ревкомының құрамына енеді. 1920 жылы Ә. Бөкейханов пен бірнеше серіктестерін 5-Қызыл армияның ерекше бөлімі тұтқынға алады. Осы хабарды естіген бетте Ж. Төленов Орынбордағы Кирревком атына жедел хат жіберіп, Семей өлкесін жайлаған сегіз жүз мың қазақ атынан Бөкейхановты тұтқындауға қарсылық білдіретінін жеткізген. Хатта қазақ бұқарасына жасалынып жатқан жүгенсіздіктерді тоқтатуды сұраған.

1920 ж. 9 наурызда жаңа дәуірдің саяси сахнасында өшпес із қалдырған, ұлт тәуелсіздігі деген ұлы идеяны қазақ санасына әбден сіңірген алашорда үкіметі Кирревком жарлығымен біржола таратылады. Жеке басын ешкімге тәуелді етуге көнбеген Ә. Бөкейхановтан басқа алаш азаматтары онсыз да кеңестік құрылымдарға қызметке алынды. Автономия идеясын жүректеріне сақтап, соны жүзеге асыруға бел шеше кірісіп кетті. Наурыздың 13 күні Кирревком атына Семейден тағы бір жеделхат жіберіледі. Зиялы қауымды қудалау жаңа дәуір құру жолындағы ортақ істерге орасан зор зиян тигізетіні айтылған хатқа қол қоюшылар Ж. Төленов, Ә. Ермеков, М. Әуезов, Ж. Аймауытовтар болатын.

1920 ж. Семей Губревком отырысында Жақсылық Шыңғыстау-Бөрілі болыстарындағы алғашқы Кеңес соты қызметіне тағайындалған. Халықтық сот жүйесін қалыптастыру жолында тынымсыз еңбек ете жүріп, 1 -губерниялық сиез жұмысына араласады. Абыралы өңірінде бейбіт құрылыс жұмыстарына белсене араласқан. 1928 ж. 170 адамнан тұратын жұмысшылар тобын басқарып, 80 ат-көлікпен Түріксіб құрылысын салушы ауылдастарына басшылық еткен. 1930 жылдары Абыралы ауданында колхоздастыру жұмысына араласады.

20 ғасырдың қырқынщы жылдарынан бастап Жақсылық шығармашылыққа ден қояды. Өлең, тарихи әңгіме-дастандарды жаза бастайды. «Азат Бақыт, Бақтияр» атты ғашықтар хикаясын, «Қара қасқа атты Қамбар батыр», «Қара тулы Қарқабат» поэмаларын жазған. Ж. Төленовтың 50 ден астам шығармалары белгілі. Табылмай жатқан еңбектері де баршылық.

Ауыл жастарын білім–ғылымға үгіттейді. Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар Қашаф Туғанбаев, Нұтфолда Шәкенов сияқты талапты оқушыларды тәрбиелейді.

1945 жылы Абайдың 100 жылдық мерейтойына орай өткізілген ақындар айтысына қатысып, үлкен құрметке бөленіп, «халық ақыны» атанады.

1950 жылдары шығармашылық кештер мен ақындар айтысының бел ортасында жүреді. 1962 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институтының музыка бөлімі халық композиторларының өмірі мен шығармашылығын жинастыруға экспедиция шығарады. Ж. Төленов Тәттімбеттің өмірі мен күйлерінің шығу тарихы туралы көптеген әңгімелер жазып берген.

Жақсылық Төленұлы Абай ұрпақтары, Әсет Найманбайұлы, алаш арыстары Ә. Ермеков, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, А. Байтұрсынов туралы тың деректер жазып қалдырған.

Абыралы өңірінің өркендеуіне үлес қосқан қоғам қайраткері, халық ақыны, Жақсылық Төленұлы 1974 жылы 92 жасында қызы Тоғжанның қолындап Егіндібұлақ ауылында дүниеден өтеді.

 

 

 

 

Ж. Төленов туралы әдебиет

Литература о Д. Тюленеве (Ж. Толенове)

 

 

Сүйіндіков, М.Алаш қайраткері, халық ақыны Жақсылық Төленұлы [Мәтін] : өмір жолы шығармалары / М. Сүйіндіков. - Астана : Алашорда, 2017. - 240 б.

Сүйіндіков, М. Жақсылық Төленов туралы мұрағат деректері [Мәтін] : Ж. Аймауытов жазған "Біздің Жақсылық" / М. Сүйіндіков // Абай. - 2011. - №2. - Б. 25-28.