Известные имена

Орындаушылар

Шүкіманов Е.

Шүкіманов Еркін (1973) – дәстүрлі әнші

Шүкіманов Еркін Тұрсынғалиұлы 1973 жылы 5 қыркүйекте ШҚО Үржар ауданы (бұрынғы Мақаншы ауданы) Жарбұлақ ауылында дүниеге келген. 1980-1990 жылдары ШҚО Тарбағатай ауданы (бұрынғы Ақсуат ауданы) Жәнтікей ауылындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепті бітіріп, 1991-1996 жылдар арасында Семейдің Шәкәрім атындағы университетінің филология факультетін тәмамдады. Ол сол кездегі Семей өңірінде көзі тірі қазақ ән өнерінің корифейлері Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Тұрсынғазы Рахимов, Келденбай Өлмесеков, Санақ Әбеуов, Толғанбай Сембаев сынды әншілерден ән үйреніп, шәкірт болды. Семейде оқи жүріп, 1995 жылы өзінің алғашқы концертін берді.

1996-1999 жылдары Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжін Қайрат Байбосынов класында оқыса, 1999-2004 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын Бекболат Тілеухановтың ән класы бойынша бітіріп шықты. 1999 жылдан 2012 жылға дейін «Қазақконцерт» гастрольдік-концерттік бірлестігінде солист болып жұмыс істеді. Осы жылдар аралығында Республикалық Ж.Елебеков және Ә.Қашаубаев атындағы республикалық конкурстардың, сондай-ақ халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты атанды. Сонымен қатар, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Иордания, Сауд Арабиясы, Индия, Франция, Германия, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей секілді т.б алыс-жақын шетелдерде ұлт өнерін танытып жүр.

Е.Шүкіманов осы уақытқа дейін еліміздің Алматы, Астана сияқты қалаларынан бастап, басқа үлкен және шағын қала, аудан, ауылдарында бірнеше жеке концерттерін беріп әрі Алматы қаласы көлемінде көптеген мектептер мен колледж, университеттерде қазақтың әні, сал-серілері турасында лекция-концерттер жасап, ұлт өнерін насихаттап келеді.

Ол 2010 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төс белгісімен марапатталса, 2011 жылы «ҚР еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.

«Біржан сал» фильмінде Біржан әндеріне, Біржан дауысына дубляж жасауы – оның өнердегі жетістіктерінің бірі болды.

Ол сонымен қатар өнертану ғылымына да қал-қадерінше еңбек етіп келе жатқан өнерпаз. Ол күйші Қошқарбек Тасбергенов туралы «Қыран күйші» (М.Әбуғазымен бірігіп) естеліктер жинағын шығарса, күйші Біләл Ысқақовпен бірігіп ақын, сатирик, композитор Қ.Ілиясовтың «Әуенім аққуды да елеңдетер» атты әндері мен күйлерін құрастырып, жинақ етіп шығарды. 2017 жылы әнші, ҚР халық әртісі М.Ешекеевтің 80 жылдығына арналған «Ұлттық музыка өнері: орындаушылық үрдіс пен оқыту жүйесіндегі өзекті мәселелер» атты рспубликалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Қазақ әнінің

Сұржекейі» деген тақырыпта басты баяндама жасап, өзінің құрастырған М.Ешекеевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Сұржекей» кітабының (қосымша оқу құралы) тұсауын кесті. ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, әнші-композитор Т.Рахимовтың өмір жолы мен өнеріне арналған «Сағынбасқа не шара» кітабын (қосымша оқу құралы) құрастырып, оқырман назарына ұсынды. Одан бөлек ШҚО Үржар ауданында өткен «Әсет Найманбайұлы: шығармашылық мұрасы және әсеттану мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында «Әсет әндері хақында» деген тақырыпта, «Мемориалдық музыкалық аспаптар: ғылыми-зерттеу, жинау және насихаттау» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Бұрынғының мұрагері, бүгінгінің бұйдагері» және «Қазақтың Сұржекей әншісі» деген тақырыптарда баяндама жасаса, Қазақ музыка этнографиясының 200 жылдығына арналған «XXI ғасырдағы дәстүрлі музыка» атты Халықаралық конференцияда Тарбағатай өңірінен шыққан әнші Керімбай Райымбекұлы туралы жасаған «Керімбай әнші» баяндамасы тың дүниелерге толы болды. Одан басқа да Арқа ән өнерін орындаудағы мәселелер; Алтай-Тарбағатайдың ән өнері, оның ерекшелігі; қазақ әндерінің тарихы, оны жинақтау; қазақ әнін хаттаудың (нотировка) кейбір мәселелері; қазақтың әні мен әншілері жөніндегі т.б мақалалары оқырмандар назарына ұсынылып тұрады.

2009 жылдан бастап Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық әні» кафедрасында ұстаздық қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеп, бірнеше лауреат дайындап шығарды. 2014 жылдан бастап «Халық әні» кафедрасының аға оқытушысы.

Еркін Шүкімановтың мерзімді баспасөз бетінде жарияланған мақалалары

Публикации Е. Шукиманова

Шүкiман., Е. "Әннiң де естiсi бар, есерi бар..." [Мәтін] : [Дәстүрлi әндердi орындаушымен сұхбат.]: / әңг. Е. Көшебе. // Свобода слова. - 2014. - 6 ноябрь. - Б.14.

Шүкiманов, Е. ЕХРО-2017 көрмесiнен қалатын ғимараттың бiрi қазақтың ұттық дәстүрлi музыка орталығына айналса... [Мәтін] : [Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, әншiмен дәстүрлi ән өнерi жайында сұхбат.]: / әңг. Н.Төкен // Алаш айнасы.- 2013. - 17 тамыз. - Б.4 .

"Сұрша қыз" Араптың әнi ме? [Мәтін] : [Е. Шүкіманов "Сұрша қыз" әнi жайында ] / дайынд. Қ. Байдәулет // Айқын. - 2013. - 22 қаңтар. - Б. 5.

Шүкiманов, Е. Ұлттық өнердiң тағдыры қыл арқанның үстiнде тұрғандай [Мәтін] : [Дәстүрлi халық әншiсiмен сұхбат]: / әңг. Ұ.Бөкентайқызы // Ұлт болмысы. - 2012. - № 5. - Б. 4-5.

Шүкiманов, Е. Атақ та, жатақ та жоқ [Мәтін]: / әңг. Ә.Бағдәулетқызы // Халық сөзi. - 2011. - 19 қыркүйек. - Б. 6, 9.

Интернет ресурстар

Чукманов Еркін Тұрсынғалиұлы [Электрондық ресурс] // Казахская национальная консерватория им. Курмангазы : сайт. - Режим доступа: http://www.conservatoire.kz/structure/faculties/tukmanov-yerkin-trinily/ (31.01.2018)

Save

Қайролин Д.

Дауыл (Жайлаухан) Қайролин (1946-2002 жж.)

Дауыл (Жайлаухан) Қайроллин 1946 жылы 3-ші тамызда Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданы Құйған ауылында туған. Еңбек жолын 1962 жылы бастады. 1984 жылы Семейдің М. Төлебаев атындағы саз колледжінің ән бөліміне оқуға түсті. 1973 жылы училищені бітіріп, облыстық филармонияға әнші болып орналасты. Білімін көтеру мақсатында 1984 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ән факультетіне түсіп, оны 1990 жылы бітіріп шықты.

Онда өнер жұлдыздарынан көп өнеге алды. Е. Серкебаев, Б. Төлегенов, Р. Абдуллиндермен бірге сахнаға шықты.
Ол орындаған халық әндері, халық композиторларының әндері, қазіргі әндер мен орыс және шетел сазгерлерінің классикалық шығармалары тыңдарман көңілінен шығып, жүрегінен орын алған. Талантты әнші еліміздің тәуелсіздік алуының бір жылдығына орай Мәскеуде Чайковский атындағы концерт залында республика өнер шеберлері қатарында мерекелік концертке қатысу құрметіне ие болып, қазақтың, орыстың, украинаның халық әндерін ерекше шабытпен нақышына келтіре орындады.

Әнші бас оркестрлерімен, хор капелласымен Украйнада, Молдавияда, Азербайжанда өткен республикамыздың әдебиет, мәдениет және өнер онкүндіктерінде өнер көрсетті.

Семей өңірінен У. Айдаболов, М. Рақымбаев, Б. Сыбанов, Т. Рахимовтың әндерін жоғары сауатты деңгейде орындаушы. Классиктерден Гендель, Массоне, Шуберт, Чайковский, Әсет, Абай шығармалары бойынша жазылған кассеталары бар.
Дауыл Қайроллин ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарды. 1976 жылдан бастап ол өз мектебінен бірнеше шәкірт ұшырды. Солардың бірі Павленко Новосібір консерваториясында оқыды, Н. Көшеров Алматы консерваториясын бітірді. «Қазақстанның еңбегі сіңген әртісі», өмірін өнерге ғана арнап, өнер үшін еңбек еткен, өзгеше дарын иесі .

Әдебиеттер:

Қамбаров Ж. Алысқа жетелеген асқақ ән // Семей таңы. – 1996. 2 қараша.
Мұхамедова Р. Өмірін әнмен өрнектеген // арна. – 2000. 14 қаңтар. 16 б. Мұхамедова Р. Дауыл да өтті-ау, дауылдатып ... // Семей таңы. – 2003. – 28 ақпан. – 12 б. Семей әншілері [Мәтін]: био-библиографиялық портрет / құраст. З. Мағауина ; Абай атындағы ғылыми әмбебап кітапхана, хабарлама - библиографиялық бөлім.- Семей: б. ж., 2006.- 28-29 б.

Әбуғазы М.

Әбуғазы М. Әбуғазы Мұрат, күйші (1974)

Мұрат Әбуғазы 1974 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ақсуат ауылында туған. 1990-1994 жылдары П.И.Чайковский атындағы Алматы музыка училищесін Қазақстан Респуликасыныц «Білім беру ісінің үздігі», ұстаз Қ. Рақышеваның класында оқыған.
1994-1999 жылдары Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында, профессор А.Тоқтағанның класынан дәріс алған. Республикалық конкурстардың лауреаты. Бірнеше оқу-методикалық кітаптардың авторы. «Құрманғазы» (2005), «Тәттімбет және Арқа күйлері» (2005), «Сүгір. Қаратау шертпесі» (2006), «Сарыарқа әндері» (2008), «Шығыстың шыңырау күйлері» (2010) ноталар жинақтарын құрастырып шығарған. Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, «Шығыс Қазақстан, Алтай-Тарбағатай күйшілік өнері» жөнінде оқыған баяндамалары ғылыми мақалалар жинағында жарық көрген. Күйші-орындаушы ретінде дәстүрлі музыка фестивальдері, республикалық телеарналар арқылы күйшілік өнерді насихаттап, еңбек етіп келеді. Орындаған күйлері қазақ радиосының алтын қорына енген. ҚР білім беру ісінің үздігі. ҚР мәдениет қайраткері, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, домбырашы, күйші-зерттеуші.

Әбуғазы Мұрат:
Абыз тұлға, аңыз тұлға - Кетбұқа [Мәтін] / құраст. Ш. Ибадатов. - Астана : Фолиант, 2014. - 384 б. - Кетбұқа туралы деректер жарияланған басылымдар : 377-378 б.
Әбуғазы Мұрат. Шығыстың шыңырау күйлері - Өскемен: 2009.-303 б.

Әбуғазы Мұрат, ол туралы:

Шығыс Қазақстан облысы.Энциклопедия. –Алматы: «Қазақ энциклопедиясы»,2014.- б.234.
Әбуғазы, Мұрат. Репертуарымда бес жүзге тарта күй бар [Мәтін] / М. Әбуғазы // Дидар. - 2014. - 7 ақпан. - б. 8

Интернет ресурстар:
Сен қазақ - http://www.senkazakh.com/kz/thread-92879-1-1.html 
Шыңырау - http://shynyrau.kz/?p=1 
Казахстанский агрегатор новостей - http://thenews.kz/2012/05/29/1109465.html  
Ұлас-электрон - http://www.ulas.kz/kk/maqala?id=239 
Ақпараттық-танымдық портал - http://kerey.kz/?p=340 

Құсайынов М.

Құсайынов М. Құсайынов Момыншайқы (1897-1970) күйші

Әнші Қытай Халық Республикасында Боротола қаласында 1948 жылы 18 қыркүйекте дүниеге келді. Аймұхамбеттің ата-анасы бала кезінде тағдыр тәлкегімен 1932 жылы аштық жайлаған Алакөл бойынан Қытай жеріне барып паналаған. 1959 жылы ғана ата-мекендері Үшаралға қайта оралған. Әкесі Тұрсынбек суырып салма ақын болған екен, көптеген қисса-дастандарды жатқа айтатын, сөзге шебер өнерпаз жан болған.
Аймұханбет өнерге ерте әуестенеді. Мектеп қабырғасынан-ақ көзге түсіп әнші бала атанған. 1966 жылы орта мектепті бітіріп, аудандық халық театрында еңбек жолын бастады. 1967 жылы Бүкілодақтық көркеменерпаздар байқауының жүлдегері атанып, сол жылы Семейдің М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің әншілер бөліміне оқуға түседі.
1971 жылы Мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваториясын бітірген соң 1971-1976 жылдары Республикалық Жамбыл атындағы филармонияда, Абай атындағы академиялық опера және балет театрында еңбек етті. 1988 жылдан бері Семей филармониясында еңбек етіп келеді. Онда Қазақ халық аспаптар оркестрін,
1991 жылы аспаптық Брасквинтет, 1993 жылы үрмелі аспаптар оркестрін ұйымдастырып, классикалық музыка мен халықтық музыканы насихаттауға зор күш-жігерін жұмсады.
Әншінің дауысы толық диапозанды лирикалық тенор. Әншінің репертуары әр жанрлы, кең ауқымды. Ол қазақтың, орыстың, украин халық әндері мен әлемдік классиктер: Глюк, Гайдн, Шуберт, Шуман Верди, Пуччини, Бизе, Чайковский, Глинка, Римский-Корсаков, Рахманинов т.б. композиторлардың шығармаларын, Қазақстан композиторларының ән, романстарын шебер орындайды.
Әнші Абайдың музыкалық мұраларын насихаттауда зор еңбек сіңірді. 1993 жылы республикалық лектор-музыка зерттеушілер конкурсында «Абай жөне музыка», «Классикалық музыканың құдіреті» лекция концерттері жеңімпазы атанды. Бейсембеков лектор-музыкант ретінде Семей қаласында көптеген Б.Төлегенова, Е.Серкебаев, Е.Рахмадиев, Б.Жылысбаев, Р.Рымбаева сияқты өнер саңлақтарының кештерін өткізді.
Бейсембеков әнші ғана емес, сазгер. «Қазақстан - Отаным менің», «Отан», «Анаңнан асыл бар ма екен» «Махаббат серенадасы» т.б. ән-романстардың авторы. Аймұханбет өнер және мәдениет туралы көптеген шығармалар мен зерттеулер жазып, баспасөз арқылы өз ойларын ортаға салады. Ол сонымен қатар қоғамдық өмірге белсене қатысып өзіндік үнін қосып келеді. Оның педагогтық және өнердегі еңбегі бағаланып Қазақ ССР-нің Білім және Мәдениет министрлігінің грамоталарымен марапатталды. Бейсембеков - Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Республикалық «Жаңа ғасырға - жаңа ән» байқауының Гран-При жүлдегері, Республикалық музыкатанушылар конкурсының жүлдегері.

Бейсембеков Аймұхамбет туралы:

Бейсембеков А. Сүйген ерім. Бір ән айтам // Парасат. - 2006. - №9. - 26 б.
Бейісбай С. Жаңа ғасырға жаңа ән // Егемен Қазақстан. -2000.- 26 желтоқсан.-8 б.
Тілеухан А. Махаббат құдіреті: (Астанада өткен "Жаңа ғасырға - жаңа ән" Республикалық ән байқауының Гран-при бас жүлдесін жеңіп алған әнші, сазгер туралы) // Семей таңы. - 2000. - 29 желтоқсан.-10 б.
Материалды Абай атындағы Семей әмбебап кітапханасы ұсынған