Парий Дарья Михайловна (1918-2001) – партия және мемлекет, білім беру органдарының қызметкері, Социалистік Еңбек Ері.
1918 жылы Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданы (қазір Көкпекті ауданы) Александровка ауылында шаруа отбасында дүниеге келген.
1937 жылы Семей педагогикалық училищесін (қазір Семейдегі М.Әуезов атындағы Педагогикалық колледж) үздік бітіреді. Кейін білім беру органдарында қызмет істейді. 1941-1962 жж. Самар аудандық партиясында екінші хатшы, Бұқтырма және Предгорное аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. 1962 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитеті басшысының орынбасары болды.
Аудандық партия комитеті егін шаруашылығына басты назар аударды. 1953 жылы екі мың гектар жер игерілсе, ал, 1954 жылы жеті жарым мың гектар игерілді. 1954 жылы аудан жарты миллион центнерден аса бидай жинады, ал, ол 1953 жылмен салыстырғанда үш есе көп.
Тың және тыңайған жерлерді игеру егін шаруашылығы ғана емес, барлық қоғамдық шаруашылықты көтеруге мүмкіндік жасады. Ауыл шаруашылығы артельдерінің кірісі өсіп, колхозшылардың материалдық жағдайы жақсарды. Колхоздардың қаржылай кірісі үш жарым есе артты.
Ауданның Д.М.Парий басқаратын партия комитеті тың және тыңайған жерлерді игеруде еңбекшілерді жұмылдыру үшін түсініктеме және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 1955-1956 жж. сегіз мың гектар жер тыңайтылды. Ауданның егіс аумағы 38 пайызға кеңейді.
1956 жылы колхозшылар әр гектардан орта есеппен 18,7 центнерден, жекелеген шаруашылықтар 20-22 центнерден бидай алды. Аудан отан қамбасына екі миллионнан аса пұт астық өткізді. Бұл жаңа жерлерді тыңайту басталған кезбен салыстырғанда үш есе артық.
Бидай өндірудің ұлғаюы мал шаруашылығын өркендетуге жағымды ықпалын тигізді. Аудан сүт өндіруден облыста алдыңғы орынға шықты.
Ауыл шаруашылығын дамытуда үлкен жетістіктерге жеткені үшін ауданға Қазақстан КП Орталық Комитеті және Министрлер Кеңесінің көшпелі Қызыл Туы, ВСХВ дипломы тапсырылды. Колхоздың 70 еңбеккері орден-медальдармен марапатталды. Ал, Дарья Михайловнаға КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1957 жылғы 11 қаңтар Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Д.М.Парий КПСС ХХІІ сьезінің делегаты, Қазақстан КП ОК мүшесі болды. Бірнеше рет облыстық партия комитеті және Еңбекшілер депутаттарының облыстық Кеңесінің мүшесі болып сайланды. «Қажырлы еңбегі үшін» (1940, мектептердегі жақсы үлгерім үшін), 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін» (1946, соғыс жылдарында кадрлармен жұмыс жүргізудегі жетістіктері үшін) медальдарымен марапатталды.
2001 жылы қайтыс болды.
Деректер
Источники
Шығыс Қазақстан облысы [Мәтін] : энциклопедия. - Алматы : Қазақ энциклопедиясы, 2014. – Парий Дарья Михайловна: б. 612.
Герои Социалистического Труда - казахстанцы [Текст].
Т. 1. - Алма-Ата : Казахстан , 1969.
Алаштың білім ордасы [Мәтін] / гл. ред. Ш. А. Жанаева, ответ. ред. Д. Сейсенұлы. - Семей : Тенгри, 2013. - 293 б.
Малдыбаев, У. Моя наставница - Дарья-апа [Текст] : [о работнике партийных и государственных органов, народного образования Д. М. Парий] / У. Малдыбаев // Рудный Алтай. - 1998. - 17 марта.
Черных, С. Трудом славен их путь [Текст] / С. Черных // Рудный Алтай. - 1974. - 8 марта.
Парий Дарья Михайловна [Текст] : [Герой Соц. труда ; некролог] // Рудный Алтай. - 2001. - 15 янв. - С. 3.
Парий Дарья Михайловна [Электронный ресурс] : [биография] // Государственный архив Восточно-Казахстанской области : сайт. – Режим доступа : http://e-arhiv.vko.gov.kz/kk/SiteGallery/Album?albumId=42 (23.01.2018)
Парий Дарья Михайловна [Электронный ресурс] : [биография] // Википедия – открытая энциклопедия :сайт.–Режимдоступаhttps://ru.wikipedia.org/wiki/Парий,_Дарья_Михайловна
(23.01.2018)
Парий Дарья Михайловна [Электронный ресурс] // Герои страны : сайт. - Режим доступа : http://www.warheroes.ru/hero/hero.asp?Hero_id=23146 (23.01.2018)