Шайжүнісов Жақия (1914-1983) – педагог, Қазақ ССР-іне Еңбек сіңірген қызметкер, Социалистік Еңбек Ері.
1914 жылы Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Күлменді ауылында дүниеге келген.
1933 жылы Семей педагогикалық техникумын (қазір Семей қ. М. Әуезов атындағы Педагогикалық колледж) бітірген соң, Көкпекті ауданының Көкпекті ауылына балалар үйіне қызметке жіберіледі. Мұнда мұғалім, тәрбиеші, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. Ол бүкіл саналы ғұмырын жетім балаларға қамқорлыққа арнады. Балалар үйіндегі 43 жылдық жұмысында 5687 жетім бала өмір жолына қанат қақты.
Ұлы Отан соғысы жылдары панасыз қалған балаларды тәрбиелеу ісіне қомақты үлес қосқаны үшін Жақия Шайжүнісов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 1962 жылы оған жас ұрпаққа тәрбие беруде қол жеткізген жетістіктері үшін «Қазақ ССР-інің Еңбек сіңірген мұғалімі» атағы берілді.
1968 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Жақия Шайжүнісовке Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин ордені тапсырылды. Осы жылы ол Бүкілодақтық мұғалімдер съезіне депутат болып сайланды. Кейін бірнеше мәрте облыстық, аудандық Кеңес депутаты болып сайланды.
1953 жылы Жақия Шайжүнісов Семей педагогикалық институтының (қазір Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті) тарих факультетін бітірді.
Жігерлі жас директордың қажырлы еңбегімен жаңа корпустар, спорт залдары, клуб, шеберхана салынып, электр желісі тартылды, халық аспаптар оркестрі құрылып, жеміс-жидектер бағы өсірілді. Балалардың оқуы еңбекке тәрбиелеу, спорт секцияларында жаттығу, көркемөнерпаздар үйірмелерімен үйлесім тапты.
Жазғы демалыс және балаларды сауықтыру мақсатында Көкпекті өзені жағасында пионер лагері ашылды. Көкпекті балалар үйі Бүкілодақтық көрмеге қатысып, Қазақстан ғана емес, бүкіл Кеңестер Одағындағы үздік балалар үйі ретінде алтын медальмен марапатталды.
Зейнетке шыққан соң Шайжүнісов Жақия 1976-1983 жж. Семей қаласындағы тарихи-өлкетану музейінде жұмыс істеді.
1983 жылы 2 қыркүйекте қайтыс болды.
Жақия ағаның тәрбиесін көрген жастар табысты еңбегімен ерекшеленіп, өз елінің нағыз патриоты болды. Соның бірі Социалистік Еңбек Ері Құмар Раевтың есімі Көкпекті Балалар үйіне берілген.
Жақия Шайжүнісов есімі Көкпекті ауылы және Семей қаласындағы көшелерге беріліп, тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнатылған. 1992 жылы Көкпекті орта мектебіне ағартушы Ж.Шайжүнісов есімі берілді.
2012 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Семей қаласындағы Электрондық колледж Ж. Шайжүнісов есімімен аталады. Осы заманауи оқу орнында «Шайжүнісов биігін бағындырғандар» мектебі құрылған.
Жақия Шайжүнісовтың педагогикалық және рухани-философиялық мұрасы ғылыми еңбектерде, семинарлар мен конференцияларда зерттелуде. Халық мұғалімінің есімін мыңдаған интернет түлектері есте сақтайды. Оның ісін еліміздің оқу орындарының талантты педагогтары, балалар үйі тәрбиешілері жалғастыруда.
Деректер
Источники
Шығыс Қазақстан облысы [Мәтін] : энциклопедия. - Алматы : Қазақ энциклопедиясы, 2014. – Шайжүнісов Жақия: б. 795.
Асылжан, П. Ізгілік нәрін сепкен [Мәтін] / П. Асылжан // Семей таңы. - 2004. - 7 мамыр. – Б. 6.
Ильясов, М. Жапырақ жайған бәйтерек [Мәтін] / М. Ильясов // Ғұмыр белестері кіт. - Семей, 2010. – Б. 155-219.
Қасымжанұлы, С. Халық ұстазының есімі берілді [Мәтін] / С. Қосымжанұлы // Семей таңы. - 2012. - 7 қыреүйек. – Б. 7.
Рамазанов, С. Ұрпаққа аманат [Мәтін] / С. Рамазанов. – Алматы : Қазақстан, 1997. - 190 б.
Рамазанов, С. Ұстаз ерлігі [Мәтін] / С. Рамазанов // Дидар. - 2004. - 1 мамыр. – Б. 5.
Сағынаев, Ө. Ұстаз асулары [Мәтін] / Ө. Сағынаев // Семей таңы. - 1982. - 4 мамыр. – Б. 4 ; 1982. – 10 мамыр. – Б. 4.
Сағынаев, Ө. Ұстаз мерейі [Мәтін] / Ө, Сағынаев. – Алматы : Мектеп, 1983. - 87 б.
Сәрсекеев, М. Жомарт жүрек [Мәтін] / М. Сәрсекеев // Семей таңы. -1968. -11 маусым.
Тайырқызы, Э. Жүрек жылуымен тәрбие берген Жақия [Мәтін] / Э. Тайырқызы // Дидар. - 2012. - 26 шілде. – Б. 21.
Шайжүнісов Жақия [Электрондық ресурс] : [өмірбаян] // Уикипедия – ашық энциклопедиясы : сайт. – Пайдалану орны : https://kk.wikipedia.org/wiki/Жақия_Шайжүнісов(01.02.2018)
Шайжүнісов Жақия [Электрондық ресурс] : [өмірбаян] // Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы әкімінің ресми сайты : сайт. – Пайдалану орны : http://kokpekti.vko.gov.kz/kz/news.htm?id=387 (01.02.2018)
Белякина, А. Жакия Чаужунусов. Отец тысячи сирот [Электронный ресурс] // Караван : медиа портал : сайт. – Режим доступа : https://www.caravan.kz/gazeta/zhakiya-chajjzhunusov-otec-tysyachi-sirot-77657/ (10.03.2018)
Гуляева, Е. Для многих он был просто «папой» [Текст] / Е. Гуляева // Спектр. - 2012. - 17 окт. - С. 8.
Жакия Чайжунусов [Электронный ресурс] : [биография] // Электронный колледж г. Семей : сайт. – Режим доступа : http://ekchsemey.ddns.net/CH.html (10.03.2018)
Иванченко, Я. Вечер памяти [Текст] / Я. Иванченко // Наше дело. - 2012. - 25 окт. - С. 2.
Календарь знаменательных и памятных дат Семейского региона ВКО на 2009 год [Текст]. - Семей, 2008.- С.11-127.
Кожахметова, Г. Отец большой семьи [Текст] / Г. Кожахметова // Вести Семей. - 2012. - 25 сент. - С. 5.
Павлов, В. О ком расскажут улицы города Семея? [Текст] : творческие проекты учащихся / В. Павлов // История Казахстана : преподавание в школе. - 2010. - № 7. - С. 28-37.
Пигаваев, В. Формула жизни [Текст] : он не тлел, горел - как факел / В. Пигаваев // Спектр. - 2012. - 26 сент. - С. 14.
Шыбынтаева, М. В детдоме его звали «папой» [Текст] / М. Шыбынтаева // Спектр. - 2012. - 5 сент. - С. 8.