Мусин Шайхислям Серікжанұлы (1933-2004) – ауыл шаруашылығын ұйымдастырушы, Социалистік Еңбек Ері, еңбек сіңірген зоотехник, Қазақ ССР-і Мемлекеттік сыйлығының иегері.
1933 жылы 1 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында дүниеге келген. 1955 жылы Алматы зоотехника және ветеринария институтын (қазір ҚазҒАУ) бітірген. Институттан кейін 1955-1976 жж. Алматы облысының «Қастек» мал шаруашылығының бас зоотехнигі, кейін директоры, 1976-1993 жж. – «Жамбыл» совхозында директор болды.
Ш. Мусиннің басшылығымен мал өнімін алу, жұмыс тиімділігін арттыру, озық технологияны жетілдіру және пайдалануда жаңа технологиялар әзірленді; терең құдықтан мехникаландырылған әдіспен су көтеру құралдары орнатылды; витаминді өнімдер мен сүйек ұнын (мал азығы, минералды белаоктар) өндіру цехтары құрылды.
1966 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Ш. Мусинге Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин ордені және «Орақ пен Балға» алтын медалі тапсырылды.
Мал бордақылау және өндіріске жаңа технология енгізудегі ерен еңбегі үшін Ленин ордені, екі Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Қазақ ССР-іне Еңбек сіңірген зоотехник (1966). Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері.
16 ғылыми жұмыс және 2 авторлық куәлік авторы.
Зейнетке шыққан соң Алматы облысы Жамбыл ауданы Үңгіртас ауылында тұрды.
2004 жылы 16 желтоқсанда қайтыс болды.
Деректер
Источники
Қазақстан [Мәтін] : ұлттық энцклопедия / бас редактор Ә. Нысанбаев. – Алматы : Қазақ энциклопедиясы, 1998.
Шығыс Қазақстан облысы [Мәтін] : энциклопедия. - Алматы : Қазақ энциклопедиясы, 2014. - Мусин Шайқысіләм Серікжанұлы: б. 538.