Известные имена

Буктуков Н. С.

buktukov

Буктуков Николай Сәдуақасұлы (1948) – жер қойнауын ашық игеру саласы бойынша кеңестік және қазақстандық ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі.

1948 жылы 10 маусымда Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл (Қазіргі Күршім) ауданының Уранхайка ауылында дүниеге келген.

1971 жылы Қазақ политехникалық институтын үздік бітіргеннен кейін 1972 жылы ҚазКСР Ғылым Академиясының тау-кен ісі институтына аға инженер болып жұмысқа түседі, ал 1975 жылы «Жер қойнауын ашық игеру» зертханасының кіші ғылыми қызметкері лауазымына ауыстырылады. 1976 жылы Кузпиде «Көлденең жатқан күрделі кен орындарын селективті игерудің технологиясы мен экономикалық тиімділігін зерттеу» атты кандидаттық диссертация қорғады. 1978 жылы Н.С. Буктуков кен орындарын игеру зертханасына аға ғылыми қызметкер болып сайланады. 1986 ж. «Көмір сапасының біркелкілігін қалыптастырудың ағымдық технологиясын жасау» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.

1986-1987 жылдары көмір кен орындарын ашық тәсілмен игеру зертханасының меңгерушісі, 1987-1989 жылдары жетекші ғылыми қызметкер, 1989-1994 жылдары кен орындарын аралас игеру зертханасының меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1994 ж. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясында бөлім бастығы, 1994-1996 ж. ҚР ҰҒА Президентінің инновациялық қызмет жөніндегі орынбасары, 1989-1997 ж. «Кен орындарын аралас игеру» зертханасының меңгерушісі, 1997-2001  ж. «Жер қойнауын ашық игеру» зертханасының бас ғылыми қызметкері, 2001 ж. директордың экономика және ғылымды коммерцияландыру жөніндегі орынбасары, сонымен қатар «Жер қойнауын ашық игеру» зертханасының бас ғылыми қызметкері. 2002 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Жер туралы ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы болып тағайындалды.

Бұл лауазымда ҚР ҰҒА таратылғанға дейін 2003 жылғы желтоқсанға дейін жұмыс істеді, 2004 жылдан бастап 2006 жылғы наурызға дейін - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Химия-технологиялық зерттеулер орталығы» РМК бас директорының орынбасары, сонымен бірге кен орындарын игерудің физика-техникалық проблемалары зертханасының меңгерушісі, 2007 жылдан бастап жер қойнауын кешенді игерудің физика-техникалық проблемалары бөлімінің меңгерушісі болған. 27 тамыз 2010 ж. Буктуков Н. С. –«ҚР МШКҰЖ ҰО» РМК «Д. А. Қонаев атындағы Тау-кен ісі институты» ЕМК директоры болған.

Н.С. Буктуков ашық тау-кен жұмыстарында технологияларды әзірлеу саласындағы жетекші ғалым болып табылады. 200-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 4 монография мен 20-дан астам өнертабыстың авторы, бірқатар өнертабыстар Жапония, Оңтүстік Корея, ГФР патенттерімен қорғалған.

Н.С. Буктуковтың ғылыми және ғылыми-ұйымдастырушылық қызметтегі еңбегін ғылыми қоғам мен Үкімет жоғары бағалады. Оның есімі Комсомол даңқы шежіресіне енгізілген, ол БЛКЖО ОК Құрмет Грамотасымен, КСРО ХШЖК қола медалімен және «КСРО өнертапқышы» белгісімен, ҚР БҒМ «Қазақстан Республикасында ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және ҚР ИЖТМ «Кенші даңқы» төсбелгілерімен, ҚазКСР ҒА Президиумының Құрмет грамоталарымен, КОКП ОК, КСРО Жоғарғы Кеңесінің және БЛКЖО ОК Құрмет грамотасымен марапатталған. Ол Қ. И. Сатпаев атындағы сыйлықтың лауреаты. 2003 жылы институттың Ғылыми кеңесінің шешімі негізінде тау-кен ғылымын дамытудағы көп жылғы және жемісті еңбегі үшін оған «Д. А. Қонаев атындағы Тау-кен ісі институтының құрметті ғылыми қызметкері» атағы берілген.

 

Н. С. Буктуковтың ғылыми еңбектері мен өнертабыстары

Научные труды и изобретения Н. С. Буктукова

 

Буктуков Н. С. База патентов: https://kzpatents.com/patents/buktukov-nikolajj-sadvakasovich

Н. С. Буктуков туралы әдебиет

Литература о Н. С. Буктукове

 

Буктуков Николай Садвакасович НАН РК. Энциклопедический справочник. — Алматы, 2016. — 186 с.

Шығыс Қазақстан Облысы [Мәтін] : энциклопедия. - Алматы : Қазақ энциклопедиясы, 2014. – Буктуков Николай Садвокасович: б. 285.

Буктуков Николай Садвакасович [Электронный ресурс]: [Биография и научная деятельность]// https://centrasia.org/person2.php?st=1072876647